Адасқан ағымдардан сақтану керек!
Әлемде діндер мен түрлі діни ұйымдар көп болып кеткені көптен бері көз үйренген нәрсе. Алайда солардың ақиқаты мен дұрысы қайсы? Алыстағыны ақтармай-ақ қояйық, өзіміздің 14 ғасырдан бергі мұсылмандар ұстанып келе жатқан қасиетті «Ислам» дініне тоқталайық. Соңғы кездері қыбыласы бірдей, Құраны да бірдей бола тұра мұсылмандар арасында түсінбеушіліктер мен бөлінушіліктер көбейіп кетті. Себебі олардың арасында саяси мүддені көздейтін топтар болса, екінші орында мұсылмандардың арасына іріткі салу арқылы ірітуге бағыттайтын топтар. Бұлардың барлығын да бірденнен білімсіздік пен діни сауатсыздықтан туындаған көрініс десек әбден жарасады. Қайсыбір ағымды мысалға алсаңыз, олардың түпкі мақсаттары басынан-ақ «қайтсек осы мұсылмандарды ойрандатамыз» деген ұранмен құрылған. Осы нәрсені топтың құрамындағылар мен астындағылар біле бермейді, сондықтан да олар жауға шапқан сарбаздай тек алға баса береді. Алайда осылардың біздерге керегі не, атам қазақ ежелден бері дәстүрлі ислам діні мен Имам Ағзам Әбу Ханифаның жолын ұстанып келген жоқ па? Сонда аталмыш топтар кімдер өзі деген сауалмен бас қатырып тоқтап қала береміз.
Ислам дінінің қазақ даласына келгеніне ХІІ ғасырдан аса уақыт өтті. Содан бері халқымыз атақты ислам ғұламасы Нұғман ибн Сәбит (р.а.) (699–767) негізін қалаған Имам Ағзам Әбу Ханифа жолын ұстанып келеді.
Исламның алғашқы дәуірінде мұсылмандар арасында діни қайшылықтар тумады. Өйткені, хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз қасиетті Құран және өзінің даналығымен мәселенің шешімін айтып, дер кезінде алауыздықты алдын ала білді.
Бұл туралы Алла Тағала Құранда мұсылман үмбетіне былай деп ескертеді:
«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы ұлықтарыңа бойсұныңдар. Егер өзара бір нәрсеге келісе алмасаңдар, оның жайын Алладан, пайғамбардан сұраңдар. Аллаға, қиямет күніне сенетіндерің рас болса, бұл сендер үшін қайырлы, әрі тиімді» («Ниса» сүресі, 59-аят).
Оған қоса Пайғамбарымыз да (с.а.у.) ислам қауымына былайша үндеу тастаған:
«Мен сендерге екі нәрсені қалдырып барамын. Егер оларды бекем ұстап, амал етсеңдер, ешқашан адаспайсыңдар. Олар – Алланың кітабы (Құран Кәрім) және Аллаһ Елшісінің сүннеті» (Муттафақун аләйһ).
Ал сонда осы жаңадан шыққан топтар қайда қарап жүр, неге олар осыларды оқымайды немесе біле тұра мойындамайды. Бүгінде әлем мұсылмандарының 90 пайызын сунниттер, ал 10 пайызын шииттер құрайды. Осы 90% сунниттердің 2,8 пайызын жаңадан шыққан «хизб-ут-тахрир», «уаһабилік», «кадиянилік-ахмадилік» т.б. сан-салалы ағымдар құрайды. Бұлар исламға қатысы жоқ кришнаиттер, иеговашылар мен арамза миссионерлерді қоспағанда. Әрі осы сунниттердің көпшілігі шамамен 53-55%-і Имам Ағзам Әбу Ханифа жолын ұстанады. Осы жағдайларды біле тұра қайсысына мән беріп нені қолға алуымыз керек сонда?. Ең бастысы діни сауатты жандандыру. Құранда 719 жерде ғылым мен білім жайлы айтылғанды ғибрат қылып әрбір мұсылман тек қана намаз оқумен шектелмей, діни сауатқа да көңіл бөлуі тиіс. Өйткені, біреу Құран мен пайғамбар сөзін айтып тұрғанымен оның түпкі мақсаты мен шариғатқа қарама-қайшылығын да ескеруіміз керек. Діни сауат жоқ болған жағдайда шатасарымыз айдан анық. Мәселен, шариғатымыздың сенімінде адам өлімінен кейін қияметке дейін «барзах» әлемі бар делінеді, яғни, қиямет қайымға дейін жалғасатын жер астындағы өмір. Әрі осы қабірде жатқанда адамның қандай да бір ізгі-амалдары мен құлшылықтарына сай сый-сияпат беріледі немесе нашар адам болса қияметке дейін қабірдің ішінде азап тартады. Міне, осы айтқан нәрсені қазіргі кездегі топтардың кейбіреулері «жоқ, қабірде ешқандай азап болмайды» деп жоққа шығарып өздері ғана шатаспай жұртты да шатастырып жүр. Ал пайғамбарымыз не дейді бұл турасында? Айша (р.а.) анамыз жеткізген хадисте: «Пайғамбарымыз әр намаздың соңында Алладан қабір азабынан сақтауын тілейтін», (Имам Бухари мен Имам Муслим риуаяты) – деп қабірде азаптың бар екендігін дәлелдейді. Бұл мыңдаған мысалдардың біреуі-ақ, ары қарай қаншамасы бар. Оның үстінде соңғы кездері өзіміз көздеріміз көріп куә болып жүрген нәрселердің бірі – арнайы экспертиза мақсатымен тексеру кездеріндегі мазарларда қайта ашылған мәйіттердің әртүрлі соққыға жығылғандай күйде болулары, бет әлпеті мен буындарының сынуы сияқты. Анығын Алла Тағала білуші, алайда бұл соққыға жығылғандай күй кешуі көбінесе қабір азабынан басқа не болуы мүмкін? Бұл да қабір астында бір өмірдің бар екендігінің көрінісі емес пе?
Енді осы қарама-қайшылықтар мен шатасулардан сақтандыратын жолды Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтып кеткен мына сөзінен білсек болады. Анас ибн Малик жеткізген бір хадисінде: «Шын мәнінде, үмбетім адасушылыққа бас қоспайды (бірікпейді), егер қарама-қайшылықтарды көрсеңіздер (душар болсаңыздар), міндетті түрде үлкен қара топқа (көпшілікке) қосылыңдар» - деген өсиеті бүгінгі күнде сунниттердің 90 пайызын құрайтын «әһли сүннет уәл-жамағат» яғни, «сүннет жолын ұстанушы көпшілік» деген жолды ұстанушыларды меңзейді. Бүгінгі таңда елімізде осы жолдарды ұстану дұрыс емес деп, адасушылыққа жатқызатын топтар тым көбейіп кетті. Олардың мұндай пікірлері, көзқарастары жоғарыдағы «міндетті түрде үлкен қара топқа (көпшілікке) қосылыңдар» деген Пайғамбарымыздың өсиетіне қарсы келеді. Өйткені қазіргі таңдағы хадистегі әңгіме болып отырған «үлкен қара топ» – 90 пайыз суниттік жолды ұстанатындар. Міне, осы топқа қосылмай, бүйректен сирақ шығарып жүрген бөлінушілер бар. Бүгінде қоғамымыздағы мұсылман қауымы жік-жікке бөлініп, мешіттегі жамағат түгілі бір отбасындағы екі ағайын бірін-бірі кәпір, пасық санап, бір-біріне алакөз болулары да осылай бөлінгендердің кесірінен туындап отыр. Оларды Алланың қаһарынан қорқуға, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жамағатпен бірге болыңдар! Өйткені, бөрі бөлінгенді жейді» деген өсиетіне амал етіп, шайтанның арбауына түспеуге шақырамыз.
Исламда сену мәселелерінің жиынтығын қамтитын «Ақида» («ақайд» деп те аталады) деген жүйе бар. Осы саланы жақсы түсіне білген мұсылмандар ешқашан да адаспайды әрі басқаны да адастырмайды.
«Ақида» дегеніміз – дініміздегі басты тұжырымдарды құрайтын сенім жүйесі дегенді білдіреді. Оны иманның негізі, сенімнің өзі десек болады. Себебі «сенім» деген нәрсе өте нәзік болғанымен, шын мәнісінде өте күрделі мәселе. Тіпті адам тағдырына салмақты өзгеріс енгізе алатын жағдайы бар деп қабылдасақ та болады.
Құрметті мұсылман ағайындар! Енді-енді ғана тәй-тәй басып, мұсылманшылықты жаңадан үйреніп жүрген аз ғана халқымыздың арасында бәрінен бұрын бірлік, ынтымақ қажет. Еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанғандықтан халық арасындағы ауыз біршілікті сақтау әрі енді енді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу үшін халқымыздың үйреншікті мәзһабын насихаттауға атсалысайық. Біз бұл сөздерімізбен ханафи мәзһабынан тыс басқа суннит мәзһабтарды адасып жүр деуден де аулақпыз. Тек айтпағымыз шет елден келген келімсек миссионерлерлер руханиятқа аш адал халқымызды алайда арбап, бұлай да арбап жатқан мына кезеңде біздің өте парасатты, аса қырағы болуымыз қажет. Сондықтан қазіргі Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының ұстанып әрі насихаттап отырған жолы ата бабамыз ежелден ұстанған ханафи мәзһабы біздің кез-келген сұрағымызға жауап беріп, қандай да болсын қажеттілігімізді өтей алатындай бай әрі өте қолайлы екенін естен шығармайық. Ендеше, басқа мәзһабты уағыздап жаңалық ашудың адамдардың басын қатырғаннан басқа қандай пайдасы болмақ? Олай болса, біз күш-қуатымызды жаңа жол салуға жұмсағаннан гөрі ықылым заманнан үйренген жолымызды жандандырып, халықты ізгілік пен имандылыққа, бірлік пен ынтымақтыққа шақырайық.
Алла Тағала баршамызды ағымдардың алдауынан, шайтанның азғыруынан сақтап, әрдайым шатасулардан сақтағай. Әмин!