Адасқанға иланба, шәк келтірме иманға!

Адасқанға иланба, шәк келтірме иманға!

Соңғы жылдары әлдебір рухани күйзеліске ұшырай бастаған, опынысы мен өкініші бар мұсылман отандастарымыз, әсіресе, жастарымыз жүректеріне күмән салатын уағызшыларға көп жолығуда. Елімізге еміне енген бөтен болмыс солар арқылы енді жерсінуге жанталасып жатыр. Осының кесірінен қазіргі біздің қоғам мүдделердің арпалыс алаңына айналған іспетті. Егер оған тосқауыл қоймасақ, мемлекеттік мүдде, жалпыұлттық идея, халықты жаңа заман талаптарына бейімдеу жайына қалуы ғажап емес.

Дін – ұлттық рухымыздың басты бір қайнар көзі ғой. Замана құйыны үйіріп әкелген шөп-шалам шел болып, осы бұлақ көзін басып кетпеуі керек. Бұл жалғыз діндарлардың ғана шекесін солқылдататын сауал ма? Жоқ, әрине. Сондықтан ұлт болашағын ойлаған әр азаматты толғантар осы мәселе бойынша өз ойларымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз.
Қазіргі кезде «тәкпіршілер» деп аталатын жамағат өкіл­дері сенім мәселесінде жас ұрпаққа және діни сауаты аз мұсылмандарға жалған сенімдерін таңып, жолдан адастырып жүр. Адастырғанда, ең бастысы, сонау ғасырдан-ғасырға жетелеген сақтан қалған салтымыз бен ғұннан қалған ғұрпымыздан, ұлттық дәстүрлерімізден бас тартуға үгіттеуде. Бұлардың негізгі «кәсібі» – түрлі әрекеттеріне қарап, адамдарды кәпір деп тану. Құранның үкімдерін емес, Конституцияны басшылыққа алатын мемлекетті де «кәпір мемлекет» деп атайды. «Өздерінен басқаны «дінсіз» деп ұйғаруға бұлар неге құштар?» деп, ісінің мән-жайына үңілсеңіз, оның ар жағында «кәпірдің қаны, малы халал, яғни оларды өлтіруге, дүниесін тартып алуға болады» деген қатыгез пәтуаларын жүзеге асырудың амалы жатқандығын аңғарасыз.
Такфиршілердің ісі жай қараңғылық емес, олар халқы­мызды дінімізден, салтымыздан ажырату қаупін ала келуде. Осының барлығының артында батыстағы үлкен саяси және экономикалық ресурстарға сүйенген, арнаулы барлау қызметтерінің бағдарлары бойынша қимылдайтын жасырын күштер тұр. Олар «Жаратқан иеге серік қосу» деп насихаттап, жолдан адасушылар қолымен Шығыстағы сонау ықылым замандардан бері келе жатқан теңдесі жоқ, үлкен мәдени мұраларды және тарихи құндылықтарды – ескерткіштер мен жәдігерлерді қиратуда. Көптеген ұлттық рухтың ұстыны саналар қасиетті нысандарға шабуыл жасауда.
Бірлігімен бай, ынтымағымен ірі, тұтастығымен табанды Қазақ елін де тоз-тоз еткісі келетін, қазақтарды қырқыстырып қойып, қыр басынан қызықтағанды қалайтын қиямпұрыс, қитұрқы қозғалыс-ағымдар да қар­қын алып, әр жақтан қылаң беріп, қарманып бағуда. Ақтөбедегі жарылыс, Ақтаудағы атыс, Балқаштағы былық сырттан сызылып отыр­ған сценарийлер екендігі сөзсіз.
«Такфиршілер» қазақстандықтар арасында қате әрі қауіпті уағыз жүргізуде. Ең сорақысы сол, Аллаға сенетін мұсылмандарымыз бес уақыт намазын оқымаса болды, оларды да кәпір санайды. Бұл – қате ұғым. Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі: «Кімде кім мұсылман адамды күпірлікте айыптаған болса, ол адамды өлтіргенмен тең» деп, айтып кеткен. Адамды кәпірсің деу – оны Алланың қаһарына қию. Алланың қаһары адамның қаһарынан әлдеқайда ауыр. Демек, адамды кәпірлікке ұйғару – оны өлімге байлау.
Бүгінде Елбасының «Мерейлі отбасы» бағдарламасы да, «Нұр Отанның» отбасылық бағдарламалары да Қазақстанның гүлденуіне қызмет ететін құндылықтарға құрылып отыр. «Қазақстан-2050» Стратегиясында отбасы институтын күшейтуге, сол арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге ерекше мән берілген. Себебі, Қазақстан барлық жетістіктеріне патриотизмнің, Отан жолындағы ерен ерліктер мен еңселі еңбектердің арқасында жетті. Тек біліммен шыңдалған, иманмен нұрланған халықтың ғана болашағы жарқын болады.
Қазақ халқы бүкіл қалыптасу жолындағы өмір тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинаған, тіршілік тезінен өткізіп, бір жүйеге келтірген ұлттық дәстүрінен, салт-санасынан айырылып қалмауы керек. Әйтпесе, ұлт басына бұлт үйі­ріліп, шаңырағы шайқалмақ. Осы тұста тағы бір ұғымға тоқтала кеткен жөн. «Хижрат» – араб тілінен аударғанда, «тәрк ету, қалдыру» деген сөз. Шариғаттағы мағынасына жүгінсек, діни сенімдері үшін дінсіздер тарапынан қысым, зардап көрген мұсылмандардың сол жерден басқа жаққа қоныс аударуын білдіреді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан құрылған ғұламалар алқасы мынадай пәтуа ұсынды: «Хижрат жасаудың негізгі шарттары – ол мұсылманның тәрк ететін отаны дінсіз қоғам болып, сонымен қатар, сол елдің басшылығы мұсылман емес, Ислам дінінің негізгі құндылықтарына қарсы келіп, мұсылмандарға Исламның маңызды рәміздері мен рәсімдерін атқаруға тыйым салып, қысым көрсету жағдайы орын алуы шарт. Атап айтқанда, мұсылмандардың негізгі құндылығы Исламның бес парызына (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасауға) тыйым салынған, азан айттырмаған, мешіттерді түгелімен жапқан және мұсылмандардың мейрамдарын атап өтуге шектеу қойылған жағдайда ғана мұсылманға өзінің дінін сақтау үшін басқа елге көшуі міндет етіледі».
Атап айтқанда, мұсылмандар құлшылығына тыйым салынған заманда 12 сахаба христиан елі Эфиопияға көшкен екен. Мұның мысалы өз тарихымызда да болды. Ұлт тынысын тарылтқан, ұлыс дербестігін қысқан, еркін ойлауға тежеу салған, қудалаған Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында атеистік биліктің қысымына, зорлық-зомбылығына ұшыраған ата-бабаларымыз өзінің дінін, тілін, дәс­түрін сақтап қалу үшін басқа жұрт­тарға қоныс аударуға мәжбүр бол­ды. Қытай, Моңғолия асып кетті. Кейін Қазақ елі егемендік алғанда, атамекенге оралды. Дәл осы қандастарымыз шынында, оралмандар емес, хижрат еткен адамдар саналады.
Ал, қазір Аллаға сансыз шүкір, еліміз егеменді, басшымыз – мұсылман. Мемлекетімізде екі жарым мыңдай мешіттің есіктері ашық. Құлшылық жасауға еркіндік берілген. Діни мейрамдарымыз көңіл толардай деңгейде атап өтілуде. Әкім-қаралардың өзі елге дастарқан жайып, ауызашар беріп жүр. Айта кеткеніміз абзал, тәліптер келіп, өз ағымдарын таңып, көндікпегендерді қырып жатқанда Қазақстан басшылығы Ауғанстанның «Мазари Ша­риф» деген елді мекеніне 4 әскери жүк ұшақтарын жібертіп, сол жақтағы «қазақпын» дегендердің бәрін елге алдыртты. Сөйтіп, біздің мемлекет мұсылман бауырларына жанашырлық танытты.
Біздің Ата Заңымызда наным-сенім бостандығы бекітіліп, зайырлы, құқықты мемлекет екендігіміз айқындалған. Төл дініміз бен діліміздің табан тірер топырағы көшіп, арқа сүйер тірегі тайып жатқан жоқ, қайта өрісі кеңейіп, дамуда. Ендеше, «дінімізді сақтаймыз» деп, қазақстандық мұсылмандардың Сирияға, Иракка және басқа қақтығыс ошақтарына кетуіне ешқандай негіз жоқ. Демек, кейбір арандатушы ағымдардың қазақстандықтарды «Қазақстаннан басқа елдерге хижрат жасауға міндеттісің» деп үгіттеуі хижрат амалының бастапқы шарттарына қайшы келгендігі сыртында, ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп болса керек.
Осы орайда «жиһад» ұғымын жаңылыс ұғындыруға бейімдеу келетін сарынның белең ала беретініне де көз жұма қарауға болмайды. Жиһад – араб тілінен алғанда, «белгілі бір мақсатқа жету үшін күш-жігер салу, күресу» деген мағынаны береді. Исламда «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Бұл дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында шариғатталған.
Жиһадтың ең үлкені – рухани жиһад болса керек. Бұл ретте біз білім мен ғылым жолында жиһад етіп, жаңа ілімдерді игеруге ұмтылғанымыз абзал. Біз бойымыздағы кесір ғадеттермен, жаман ниеттермен күресуіміз қажет. Балалар жетім, тастанды қалмауы үшін жастарға дұрыс жол көрсету, отаулардың күйреп, отбасылы отандастарымыздың ажыраспауына қолдан келгенше мүмкіндік жасайық. Ата-әжелеріміз қарттар үйінің төрт қабырғасына қамалмауы үшін жас ұрпақ арасындағы ізгі тәрбиені күшейтуіміз ке­рек. «Ата-анаң сені бағып-қақты, өсірді, енді оларды бағу саған фарз әрі қарыз» деп үйреткен жөн. «Дүние-кезек», ертең сол қариялар орнында сенің де болмауыңа кім кепіл?! Алла жолын, ақ жолды түсіндіру, насихаттау – ол да жиһад. Жиһад – содыр санамен, сауатсыздықпен күрес.
Қазіргі уақытта теріс пиғылды радикалды ағымдар «жиһад» сөзін пайдаланып, аңқау жастарды, аңғал адамдарды алдап, арбап, өзге мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығыстарға соғысуға аттандыруда. Негізі, өзге елдің ішкі ісіне араласуға ешкімнің қақысы жоқ. Олардың өздерінің пәтуа беретін ресми діни басқармалары мен мүфтилері бар. Мұсылмандар арасындағы шиеленістердің отына май құймай, оларды қырудың қаруы болмай, қайта татуластырудың жайын ойлау маңызды. «Мұсылман мұсылман бауырына қарсы қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында» дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с).
Дін ғалымдарының түсіндіруінше, шариғатымызда имамның, Мемлекет басшысының рұқсатынсыз соғысқа шығуға тыйым салынған. Жиһад істері де ел басшысына жүктелген. Оған бағыну міндет, тек күнә істерге бұйырмаса болды.
Қазақ еліне Ислам діні бейбіт жолмен, софылар, қажылар арқылы келді. Ал, жат ағымдар болса, тұрғылықты ұлысты үрейде ұстап, қарапайым бұқараның сана-сезімдерін тұрмыс тудырған келеңсіз жайттар арқылы езіп, еңсесін көтертпестей күй кештіреді. Сөйтіп, рухын сындыру арқылы билеп-төстеп қалуға тырысады. Үрей үстем болған тұстан ұлттық тұтастық күйрейді. Сондықтан да, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі «Тәкфиршілер» жамағатының әрекеттері жалпы Ислам дініне жат болғандықтан, Қазақстанда таралуына тыйым салуда.
Экстремизм қаупі кердең қимыл мен керенау пиғылды көтермейді. Сондықтан, мемлекетіміздің болашақ қауіпсіздігі үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақыл-кеңес беріп, ағартушылық жұмыс жүргізуімен бірге, заңға шикілік жібермей, заман мен қоғамға жат ағымдарға үзілді-кесілді тыйым салатын батыл өзгерістер керек.
Ел болып қарсы тұрусыз осынау асарлы істе аңсарлы нәтижеге жету мүмкін емес. Қазақ ешқашан да құдайсыз халық болмаған. Біз енді жас ұрпақты жат пиғылдардан сақтауға тиіспіз. Қазақ жастары тілегі де, құлқы да бөтен ағымдарға еліктесе, оларды солардың сөзі еліктірсе, өз халқын менсінбесе, қазақ деген ұлтқа, Қазақстан деген жері бай мемлекетке ертең кім ие болады?

Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, 
«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі

muftyat.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста