Айтайық Жарапазан елімізге!!!

Айтайық Жарапазан елімізге!!!

Жарапазан «Жа-Рамазан», яғни арапша «Рамазан келді» деген сөзден шыққан. Баяғы кезде жарапазан жыры бүкіл қазақ ауылы, қауымы боп айтылған болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатқан ұлттық фольклордың бірі. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда ата-бабамыздың бүгінге ауыз әдебиеті арқылы мұра боп жеткен Жарапазан жыры қайтадан жаңғырып, ол жаңаша реңке ие болады деген үміттеміз. Шүкір, бүгіндері қазақ эстрадасында «Алаш ұлдары» этно-тобы бұл жағынан жақсы үлгі көрсетіп жүр. Осы ізбен алдағы жылдары жарапазан айтушылар қатары эстрада да, қарапайым өмірде де толыға түссе деген тілек білдіруде «Алаш айнасы» басылымы оқырмандарын Ораза айтымен құттықтай отырып, ұлтымыздың көне дәстүрін жаңғырта жүруге шақырады.
Жарапазан – қазақ ауыз әдебиетіндегі тұрмыс салт негізіне байланысты туындап, кең тараған өлең түрінің бірі. Ол ораза ұсталатын Рамазан айында ғана орындалады. Жарапазанды жас-кәрісіне қарамай барлығы айта береді.
Негізінен, жарапазан айту мерзімінің өзіндік тәртібі бар. Ол Ораза айтында ғана емес, Рамазан айы туғанда да айтылады. Басында Оразаның алғашқы үш күнінде ауыз бекітер алдында, үйдің ту сыртынан айтылады. Бұл бір жағынан ауыз бекіткен адамды сәресіне ояту үшін жасалады. Алдымен жарапазан желдірмесі, сосын жарапазан сөзі, одан кейін жарапазан батасы айтылады. Жарапазан айтқан жарапазаншыға үй иесі оянып, беліне ақтық байлап, дәм ұсынып, разы қылып шығарып салған. Жарапазанды үлкендерден үйренген ауыл балалары да жаттап алып, топтасып кешке ел орынға отырған шақта ауыл аралап жарапазан айтқан.
Жарапазан өлеңдері адамгершілікті, имандылықты, әділет пен адалдықты, оразаны дәріптейді. Өзіндік сарыны бар. Оған негізінен діни сенім арқау болады.
Жарапазан өлеңі он бір буынды қара өлең ырғағымен келеді. Тек әр шумақ айтылып болған соң арасында: «Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан, Оразаң қабыл болсын ұстаған жан» деген тілек қайталанып айтылып отырады. Жарапазан айтқан үйден ырым алғаннан кейін міндетті түрде бата беріледі. Бата жыр түрінде болып келеді де жақсылық, ізгілік ниет білдіреді.
Жарапазанды адам жалғыз айтпайды, оның жанында міндетті түрде қостаушысы болуы керек. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы былай жазады: «Жарапазан - Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар, сауап болады деп, жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады».

Жарапазан желдірмесі:

Үйің үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Ақтөбедей көрінген,
Қандай байдың үйі екен !

Жарапазан сөзі:

Айтайын айт дегенде жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!
Ассалаумағаликұм, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.

Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған,

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Мінгені Пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.

Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.

Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,¬
Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.
Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға оқыдым деп қылма міндет.

Аллаға оқыдым деп қылсаң міндет,
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.
Біреуі бес намаздың екінтіні,
Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.

Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,
Барғанда ахиретте өкіртеді.
Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.

Намазды әр уақыт қылсаң қаза,
Тартасың ахиретте өзің жаза.
Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.

Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.
Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады.)

Жарапазан сөзінен кейін кезек жарапазан батасына келіп жетеді...

Үйіңіздің артында шатыр болсын,
Балаңыздың үлкені батыр болсын.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Балаңның батырлығы татыр болсын!

Айтайын жарапазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.

Айтайын жарапазан есігіңе,
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
Қыз берсе құндыздай ғып бесігіңе,
Береді Алла бірге нәсібін де.
Аллаху әкбар,
-деп бет сипайды.

Жарапазан сөзінің тағы бір нұсқасы:

Ассалаумағалайкум, мұсылмандар,
Мойынын хақ жолына ұсынғандар.
Құт орнап отбасыңа, бағың артсын,
Құдайым қабыл етсе, ісіңді оңдар.
Атыңнан айналайын хақ пайғамбар,
Алладан әмір келсе – жақ байланар.
Аллаға тіршілікте құлшылық қыл,
Қара жер өлгеннен соң тақтайланар.
Ораза айы келді, ей, жарандар,
Бұл айдың фазілеті Кәламда бар.
Өлеңі жарапазан айып емес,
Мүминге осылайша болған хабар.
Құдай-ау, айналайын, несібе бер,
Күлген мен ойнағанды кешіре гөр.
Күнәміз таудан үлкен, тастан қатты,
Су сеуіп тозақ отын өшіре гөр!
Ораза айы келді болып қонақ,
Күтіп ал қонағыңды болмай олақ.
Мұндағы ғибадатың қабыл болса,
Жаннатта қойылады алтыннан тақ.

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза мен намаз да ізгі жұмыс.
Ұстасаң оразаны, жұмағыңда
Жемістер шашылады уыс-уыс.
Айтамыз жарапазан ауылыңа,
Бақ қонсын бар мұсылман қауымына.
Береке, құт әкелсе, Ораза айы,
Жаз жайлау, жарық енсін ауылыңа!

Тағы да баталар:

Балалардың мінгені,
Жорға-жорға тай болсын.
Жорғалатып келгенде,
Байдың көңілі жай болсын.

Ай жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын.
Күн жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын...

Бөлшіл-бөлшіл, бөлшіл бол,
Бозторғайдай төлшіл бол.
Бәйтеректей бүрлі бол,
Пайғамбардай нұрлы бол.
Бисмилла, аллаһу акбар!

Бұрама темір, сым темір,
Отқа салса жанбасын,
Суға салса батпасын.
Тәңір берген нәсібе
Тепкілесе кетпесін!
Әумин!

Жарапазан сөзінің келесі бір нұсқасы:

Жарапазан айта келдім, сіз байларға,
Кім кетіп, кім жетпеген бұл айларға?!
Кірерсіз сегіз бейіш сарайларға
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бір келген он екі айда шақыр рамазан,
Қылыңыз рамазанда жанды құрбан!
Үш айда енді бізге қалам, Құран,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бес парыз мұсылманға минат болған,
Ораза, намаз, зекет, қажы, - ол- нұр иман!
Бұл айда рахмет нұрға дүние толған,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Ораза тұт, үшбу айда оқып құран,
Қараңғы керде шамың жағып тұрған.
Наныңыз бұл сөзіме, хақ мұсылман,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бұл айды көрген де бар, көрмеген де,
Білерсіз жан қадірін тергегенде.
Жақсы емес садақаны бермеген де,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бұл айда кешер Алла жазығыңды,
Сыйласаң біздей пақыр ғарібіңді!
Садақа, берген қайыр - азығыңды,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Бұл айда береке нұр тәңірім шашар,
Бұл айда шайтан лағын қорқып қашар.
Есігін сегіз жұмақ періште ашар,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Әр айда бола бермес бұл рамазан,
Қасиетін оразаның білмес надан.
Ықылас қып қарсы алыңыз, келсе шамаң,
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!
Наныңыз жұмақ, тамұқ-тамам барын,
Тағы бар ғаршы, күрсі,лаухи қалам,
Қожасы дүние, ақырет - Алла тағалам
Мұхаммед үмбетіне шақыр рамазан!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста