Әке, біз расымен кедей екенбіз ғой?!
Қалада үш қаббаты зәулім үйде тұратын шіріген байлардың бірі ұлын ауылға апарып бір-екі апта боп қайтыпты. Өзінше кедейлердің өмірін көрсетпекші болыпты. Үйіне келгесін әкесі ұлынан сұрапты:
– Шағын саяхат ұнады ма?
– Иә, әрине!
– Кедейлер қалай тұратынын көрдің бе?
– Әлбетте!
– Ал, енді шағын саяхаттан не түйдің, не байқадың?
– Байқағаным, біздің үйде бір ит, ал оларда төртеу. Біздің хауызымыз баққа дейін ғана, ал олардың өзен-көлдерінің шеті-қиыры жоқ. Біздің аулада түнде мұхит асып келген шамдар жанып тұрады, ал олардың бақтарында жұлдыздар жарқырайды. Біздің аулада серуендеуге болатын жер шектеулі, қақпадан шығуға болмайды, оларда көз жетпес жазық дала бар. Біздің үй тұрған жер өлшеулі, олардың жері көкжиекпен таласып тұр. Біз тамақтың барлығын сатып аламыз, оларда азық-түліктің барлығы өздерінікі. Біздің үйді үлкен тас қоршап, қорғап тұр, оларды жан-жағынан достары қоршап жүреді. Әке, біз расымен кедей екенбіз ғой?!
Әкесі бұл жауаптарға аң-таң қалыпты.