Алла алдында бөленгің келсе құрметке, Шүкірлік жаса, берілген әрбір нығметке...
СУРЕТ пен ҚҰДІРЕТ
Суретші досым, тыным таппастан күн де түн,
Айнымастай ғып әкемнің салды суретін.
Таңдандым келіп, таңдайға тілім жабысып,
Досымды ессіз мадақтау болды міндетім.
Көрсеттім тынбай үйіме келсе, кім де кім,
Тірі әкемнің суреттен іздеп нұр бетін.
Қараңғылық-ай, әкемді шебер жаратқан
ЖАРАТҚАН ХАҚТЫҢ ұмытқам қалай құдіретін!
Көркемсуретті галереяның бөлмесі,
Боп жатыр екен суретшілердің көрмесі.
Бурабай, Көлсай, Хантәңірі мен Оқжетпес,
«Шебер салынған, жоқ дедім, ешбір теңдесі!».
Басым айналып, таңғалып шықтым көрмеден,
Тілім жетпейтін ғажайып сезім – ол деген.
Бейқамдығым-ай, сол көл мен тауды жаратқан
ЖАРАТҚАН ХАҚТЫҢ хас шеберлігін көрмеген!
Жауымды қуып, тазартқан мынау жерімнен,
Бабамды жоқтап үш жүз жыл бұрын көмілген.
Атқа мінгізіп, қолына найза ұстатып,
Ескерткіш қойсақ, қолдайтындай боп көрінген.
Жасырып қайтем, ашылып айтсам ағымнан,
Аруағыңменен қолда деп талай жалынғам.
Күндер де болды-ау, бабамды батыр жаратқан,
ЖАРАТҚАН ХАҚТЫ ұмытып, тасқа табынған!
Үйіме келген қонағым ғибрат алар деп,
Төрт жағын түгел ою-өрнекпен сан әрлеп.
Аттың суретін қадірлеп ілдім төріме,
«Ердің қанаты – тұлпар» деп өскен, бабам деп.
Тілім жеткенше мадақтап, сұлу сөзбенен,
Теңеуін таппай керемет көрген өзгеден.
Күлдір де күлдір, кісінетіп тұрып жаратқан,
ЖАРАТҚАН ХАҚТЫҢ құдіреті деп сезбеген!
Айналам солай, самсаған сансыз суреттер,
Суретші жайлы айтылған мақтау, дүрмектер.
Осылай міне, шебер Алланы ескермей,
Адамға ғана арналып жатыр құрметтер.
Алла алдында бөленгің келсе құрметке,
Шүкірлік жаса, берілген әрбір нығметке.
Өнер деп қара суретші менен суретке,
Таңдан да табын ЖАРАТҚАН деген ҚҰДІРЕТКЕ!
АМАНАТ
Адамның жаны аманаты ол Алланың,
Ал, аманатқа қиянат жасау Арға мін.
Қызылды, жасыл қызықтырғанмен бұл өмір,
Фәни мен Бақи арасы деген қарға адым.
Ой елегінен өткізіп көрсең саралап,
Адамның жаны Алладан келген Аманат.
Сол Аманатқа қиянат жасап күндіз-түн,
Жазықсыз жанды жатырмыз ессіз жаралап.
Дүниеге құл боп, тәніңді нәпсі шырмауда,
Құлқың жоқ бір сәт құдайдың сөзін тыңдауға.
Ананың әппақ бал сүті тамған аузыңды,
Шайтанның шайы, шошқаның майы былғауда.
Бұл жалған өмір адамға сынақ десек те,
Қамданбай жүрміз қиямет күнгі есепке.
Баталы ой мен аталы сөзді айтатын,
Қызыл тіл жатыр малынып, ғайбат, өсекке.
Күнәңді артып бергенде Алла мойныңа,
Өкінерсің-ау бүгінгі ессіз ойныңа.
Құран ұстайтын қолыңды былғап өкінбе,
Харамнан тапқан дүниені тығып қойныңа.
Аллаға арна жүрегіңдегі сезімді,
Махаббатпенен жаратпады ма өзіңді.
Жалаңаш қыздың тәніне келіп қадайсың,
Алланы танып білсін деп берген көзіңді.
Бұл жалған өмір өтер де кетер бір демде,
Алланың сыйы жәннаттың төрі білгенге.
Мешітті аңсап талады-ау қайран аяғың,
Сайрандап сауна, сырахана деп жүргенде.
Алла алдында тұратын сені бағалап,
Бойыңа жина, Ар, Иман, Сабыр, Қанағат.
Ұмытпа бауырым, он екі мүшең күні ертең,
Жаратқан Ием қайтарып алар Аманат!
МІНӘЖАТ
Құдіретіңе бағындым Алла,
Өзіңе ғана табындым, Алла.
Адасып жүріп қалың тұманда,
Жолымнан талай жаңылдым Алла.
Қарызын өтей алар ма екенмін?
Уайымсыз жастық шағымның Алла.
Кешірім еткін, кешігіп жеттім,
Құлшылық еттім, қабыл ғыл Алла!
Бойдағы иман, сабырым, Алла,
Өзіңнен алған тағылым, Алла.
Еске алмай сені өткізген күннің,
Мен үшін қазір бәрі мұң, Алла.
Қапас кеудемді нұрға бөледі,
Жүрекке түскен жарығың, Алла.
Нығметіңді сезінген сайын,
Құдіретіңді таныдым, Алла!
Айды нұр, Күнді шам қылған, Алла,
Шеберлігімен таң қылған, Алла.
Жерді төсеніш, көрпе ғып Түнді,
Құлына шексіз қам қылған, Алла.
Ілгексіз, жіпсіз сансыз жұлдызды,
Аспанға қадап, жандырған, Алла.
Қалауы менен жалғыз-ақ сөзі,
Әлемді жоқтан бар қылған, Алла!
Кемел нұрыңа кенелдір, Алла,
Саған тән барлық шеберлік, Алла.
Жәннат сыйына жеткізер құлды,
Ғибадат – деген терең бір арна.
Жаратқан хақтың ақиқат сөзі –
Күмәнсіз, шексіз сенем Құранға,
Рахым күткен пендеңнің бәрін,
Күнәдән қорғап, демеп жүр Алла!
Көктегі қар мен жаңбырдан, Алла,
Ырыздық ал деп жаудырған, Алла.
Самсаған сансыз жеміс өсіріп,
Біз үшін жерді бау қылған, Алла.
Қиямет күні рахымыңменен,
Жарылқай көрші алдымнан, Алла!
Озбайды ешкім тағдырдан алға,
Жолыңда сенің жан құрбан, Алла!
ЖАЛҒАНҒА АЛДАНБА
Осынау дүние көшінің.
Таңы нұр болғанмен, кеші мұң,
Артыңда қалады бұл жалған,
Шын өмір ашқанда есігін.
Анашың қарсы алмас бірақ та,
Тербетіп құба тал бесігін.
Алдыңда тозақ па, жұмақ па,
Амалың көрсетер шешімін.
Сондықтан құлшылық жасап қал,
Алладан дәметсең кешірім.
Мойныңа ілінсе қарызың,
Жүрмейді ақталу, арызың.
Алланың алдында айнадан,
Көргендей жатады әр ізің.
Бұл жақта есеп жоқ, амал бар,
Амалың ар-иман, қазығың.
Ол жақта амал жоқ, есеп бар,
Сұралар тамшы су, нан үзім.
Сол кезде қорғаның болады,
Жаратқан берген бес парызың!
Бұл адам өмірдің қонағы,
Белгісіз қайдан жел соғары.
Біреудің несібі есікте,
Біреудің орыны жоғары.
Алланың сынағы барлығы,
Сабырлық еткендер озады.
Дүниесін арқалап өзімен,
Әкеткен пенделер жоқ әлі.
Жиғаның артыңда қалады,
Иманың жолдасың болады.
Сол үшін қам жаса тірлікте,
Нәпсіге беріліп, дүрлікпе.
Ананың ішінде жатқанда,
Бұл жалған дүниені білдік пе?
Келген соң ғаламның ғажайып,
Сырларын назарға ілдік пе?
Ұғындым бос кеткен ғұмырдың,
Құны жоқ екенін күндік те.
Сондықтан жалғанға алданба,
Соңында қойылар бір нүкте.
***
Жүрек сезбей, көз көрмей, құлақ тұнып,
Қызыл-жасыл жалғанды жұмақ қылып.
Күліп күнә жасағандар білмей жүр-ау,
Кіретінін тозаққа жылап тұрып.
Шүкір қылмай өмірге келгеніне,
Мәз болып, ібіліске ергеніне.
Білмей жүр-ау қайсыбір қандастарым,
Айналғанын шайтанның ермегіне.
Жұматай Оспанұлының
«Жалғыз жүрек, сан сауал»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 16.03.2015, 17.03.2015, 18.03.2015, 19.03.2015, 20.03.2015, 22.03.2015, 26.03.2015, 27.03.2015, 28.03.2015, 30.03.2015, 31.03.2015, 01.04.2015, 03.04.2015, 04.04.2015, 05.04.2015, 06.04.2015, 07.04.2015, 08.04.2015, 09.04.2015, 10.04.2015, 11.04.2015, 12.04.2015, 13.04.2015, 14.04.2015, 15.04.2015, 16.04.2015, 17.04.2015, 21.04.2015, 22.04.2015).24.04.2015