Алла Тағала сүйген құлын көп сынайды. Неге?
Сын сағатта сыналып, күрт жағдай нашарлап, денсаулық сыр беріп, отбасының шырқы бұзылып жатқан жандар қаншама.
Адам өмірге келген сәттен бастап, барлық өмірі пешенесіне жазылып қоятыны белгілі. Міне, мұсылмандардың ең үлкен абыройы да осы. Біз соны түсінгенбіз. Неше жыл, неше күн өмір сүретінімізді білмейміз, бірақ барлығы да бір Алланың қолында екенін білеміз.
Сын сағатта сыналып, күрт жағдай нашарлап, денсаулық сыр беріп, отбасының шырқы бұзылып жатқан жандар қаншама. Осындай жағдайда ері әйелін, әйелі ерін тастап кетіп жатқан жағдайлар да аз емес.
Қысқаша мысал: Отбасы. Күйеуінің жұмысы керемет, әйелі үйінде үш балаға бас-көз болып отыратын. Некелескен күннен бастап қайғы-қасірет көрмеген жанұя еді. Бір күні қымбат көлікті тізгіндеген отағасы жол үстінде еркелік танытып апатқа түсті. Халі ауыр болып, соңында төсектен тұруға болмайтын диагнозбен алты ай жатты. Бір қызығы, алты айдан кейін ол адамда не әйел, не бала-шаға болмады. Төсек тартып қалған күннен екі айдан кейін "мүгедек болды, енді сауықпайтын шығар",- деп заттарын жинап кетіп қалған. Ары қарай оқиға кітап желісіндегідей өте қайғылы болды. Бұл жерде Алла Тағала бірден сынақты отбасына салды. Ерінің денсаулығын, жігерін сынаса, жарының сабыр мен сезімін сынаған болатын.
Алла Тағала сүйген құлын көп сынайды, ол туралы:
"Кейде бір қорқыныш-үрей төндіру, таршылық жасау, мал-жандарыңа кемшілік келтіру, өнімдеріңді азайту арқылы Біз сендерді сынға аламыз. Осындай тауқымет келген шақта: "Біз Алланың пендесіміз және оның алдына қайтып, барамыз",–деп сабыр сақтаушыларды (ей, Мұхаммед!) сен қуандыр. Алланың рақымы мен ықыласына лайықты жандар – солар, тура жолдан аумайтындар да солар" (Бақара сүресі, 155-157 аяттар),- деген Құранда.
Көп сынға алынушылар – күнәсі кешірілетіндер. Жан баласы басына қиындыққа келген кезде, төменге қарай емес, жоғары қарай өрмелеуі тиіс. Аллаға деген мадағын, зікірін арттыруы қажет.
Алланың Елшісі (с.ғ.с): "Алла кімге жақсылық қаласа, оны сынайды",-деген. Бәлки, Жаратушы сіздің оны ұлықтағаныңызды, көп еске алғаныңызды, жалбарынғаныңызды, қол жайып дәрменсіз пенде екеніңізді мойындап, иманыңыз берік болуын қалайды. Түбінде осы үшін сізді Жәннәтпен мәртебелер.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): "Мүміннің істері ғажап, оның істеген істерінің барлығы қайырлы. Бұл нәрсе тек мүмінге ғана берілген. Егер қуанышқа бөленсе, шүкір етеді, ол оған жақсы. Егер басына қиыншылық түссе сабыр етеді, ол да оған жақсы",- деген болатын. Сабыр – барлық жақсылықтың кілті. Басқа түскен нәубетке сабыр қылған пенденің сауабы мол.
Ендеше келген сынақты күліп қарсы алып, сабырмен шығарып салған Алланың құлынан қайырлы ешкім жоқ. Аузынан дұғасы, қолынан Құраны түспеген жанның бәрі де сыналмақ. Алла Тағала әркімге әр түрлі сынақ жібереді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүбәрак хадисінде былай дейді:
"Адамдардың ең қатты сыналатындары – пайғамбарлар, кейін әркім дәрежесіне сай сынаққа алынады...Пенде жер бетінде күнәсіз жүрмейінше сынаққа алына береді»
Ғалымдар былай дейді: "Пайғамбарларға берілген сынақ-күнәларын кешіру немесе жазасын беру емес, бәлкім, сауабы еселеніп, сабырлықтары жүзеге асу үшін сынаққа алынады".
Алла Тағала былай дейді: "Адамдар: "Сендік" деумен сыналмай қойылатындықтарын ойлай ма? Рас, олардан бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ Алла, әлбетте, шыншылдарды да біледі, өтірікшілерді де біледі". Әрине, Алла шыншыл мүміндерді басқаларынан айыру үшін, кім сабырлы, кім сабырсыз екенін білдіру үшін сынақ береді. Анықтап айтар болсақ, екіжүзділер Жаратушының берген ауыр сынақтарына сабырлық етпей, оның қайыры боларын ұмытып "Сендік" деген сөзінен танса, ал кәміл мұсылмандар ондайда өзін жақсы көретін Жаратушысына иман келтіріп, сабырлық танытпақ.
Басыңа түссе көнесің,
Осы күніңе шүкірлік.
Сынақтар келсе көресің,
Алланы мақта, зікір қып.
Бек Байтас
Қасиетті Рамазан айының аяқталуына бір ғана күн қалды. ақпарат агенттігі "осы айда тілеген дұға-тілектеріңіз, жасаған құлшылықтарыңыз қабыл болсын! Фәниде сабыр танытып, бақида сауап жинаңыз! Баршамыздан Алла разы болсын!" деп тілек білдіреді.