Алматы мешіттерінде жұма намазын оқуға рұқсат берілді
Алматы мешіттерінде жұма намаз оқуға рұқсат берілді. Десе де, санитарлық ережелер мен намазға тұрған кезде ара қашықтықтың сақталуы маңызды. Қаланың бас санитар дәрігенің соңғы қаулысына сәйкес, ертеңнен бастап, жұма намаз Алла үйінің ішінде емес, ашық аспан астында оқыла бастайды. Қазір қаладағы 52 мешіттің ауласына кілемдер төселіп, арнайы белгілер орналастырылып дайындық жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еске салайық, қалада өткен жылы төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап, мешіттерде жұма намаз оқуға тиым салынған еді.
«Барлық мешіттердің ауласы кең емес. Сондықтан жамағат ауласы кеңдеу мешітке барса дұрыс болар еді. Ауласы кең мешіттерден бізде Алатау ауданында Бекет ата, Қарасудағы Мырзахмет мешіті мен Орталық мешіт бар. Жалпы бүкіл мешіттерде аула бар, бірақ кең мешіттердің ауласын көбіне ескеруге шақырамыз»,– деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.
Сондай-ақ, қаланың бас имамы биыл да Қадір түнін үйде отбасымен бірге өткізуге кеңес береді. Қасиетті түн 8 мамырдан 9 мамырға қараған түнге сәйкес келеді. Бұл уақытта да мешіттерге топтасып жиналып келуге болмайды. Барлық шаралар мен уағыздар қала имамдарының қатысуымен онлайн форматта өткізілетін болады.