Әр адамның рызық-несібесі неге әртүрлі?
Рызық сөздікте: «Азық, жейтін, ішетін, жалпы пайдаланатын нәрсе» деген мағыналарды білдірсе, шариғаттық терминде: Ұлы Жаратушының жан иелеріне жеп-ішу, пайдалану үшін берген несібеге айтылады.
Барлық жан иелерінің рызығын беруші тек қана Алла Тағала. Құранда:
﴾وَمَا مِن دَآبَّةٍ فِي الأَرْضِ إِلاَّ عَلَى اللّهِ رِزْقُهاَ...﴾ ,﴿يَبْسُطُ الرِّزْقَ لِمَن يَشَاءُ وَيَقْدِرُ...﴿
«Жер басып жүретін барлық жан иелерінің рызығын беру тек қана Алла Тағалаға тән».
«...Қалаған жан иесінің рызығын кеңейтіп, қалағанікін тарылтады», – деп, барлық жан иелерінің мол яки аз етіп рызығын беруші шексіз құдірет иесі тек Алла Тағала екенін білдіреді.
Біз қолымыздан келгенше еңбек етіп, рызық табу үшін Алла тарапынан қойылған барлық заңдар мен себептерді орындаймыз. Сосын, Алланың нәсіп еткен азды-көпті тағдырымызға жазылған рызығымызға қол жеткіземіз.
Адал рызықтың себептерін орындаған адамға – адал, ал харам рызықтың себептерін орындағанға – харам рызық беріледі. Адал рызық тапқан құл сауапқа кенелсе, хараммен қоректенген құл күнәға белшесінен батады.
Еңбек етіп, тер төкпей жатып тағдырды сылтау ету дұрыс емес. Алла құлдарының кейбіреулеріне рызық-нәсібесін көп етіп берсе, енді біреулеріне аз береді. Бір адамның бай болуы – Алланың ол құлын жақсы көретіндігінің немесе кедей болуы – жек көретіндігінің белгісі емес. Оның берген байлығы да, кедейлігі де құлдарына берілген сын.
Еңбек еткен ешбір құлын Алла Тағала аш қалдырмайды. Бұл дүниеде әркім өзіне тағайындалған рызығын жейді. Ешкім ешкімнің рызығына аузын сала алмасы анық.