Араб әйелдері неге қара киім киеді?
Соңғы уақытта еліміздің көптеген жерінде қара киінген қыз-келіншектер қаптап барады. Мұны олар «исламды ұстанудың бір шарты» деп түсінеді. Өз басым, көптеген жылдар бойында бірнеше араб мемлекеттерінде қызмет атқардым. Атап айтқанда, Сауд Арабиясы, Катар, Йемен және Біріккен Араб Әмірліктерінде өмір сүрдім. Үй-ішімізбен мұсылмандықтың бес парызын ұстанамыз. Бірақ әйелдердің қара киіммен тұмшалануы – исламның шарттарына еш қатысы жоқ. Бұл мәселеге тарих тұрғысынан қарасақ, жауабын табамыз. Ежелден араб елдерінде әйелдері де, ерлері де ұзын етекті көйлек киген. Шалбарды түркілердің кигені, кейіннен оның Еуропаға, сосын бүкіл әлемге тарағаны белгілі. Яғни, арабтың еркектері бертінге дейін шалбардың не екенін білмеген. Осы уақытқа дейін, ерлердің шкафында 40-50 ақ көйлек тұрады. Күніне 4-5 рет киім ауыстырады. Сондықтан, араб еркектерінің киімі кірлемейді.WN-221
Әйелдер мен еркектер бірдей ұзын етек көйлек киген қоғамда – кімнің еркек, кімнің әйел екенін ажырату мүмкін емес. Оның үстіне, арабтардың «әйел – еркектің көлеңкесі» деген ежелгі түсінігі әбден санасына сіңіп қалған. Қайсы билеушінің тұсы екені есімде жоқ, дегенмен, еркектерді әйелден ажырату үшін, ер-азаматтарға ақ көйлек, ал әйелдерге қара көйлек кию бұйырылған. Содан бері арабтың әйелдері жаппай қара көйлек киіп, бүркеніп жүреді. Бұл олардың ұлттық киімі емес. Әйелдердің сары, қызыл, күлгін және басқа да неше түрлі түсті ұлттық көйлектері бар екені рас.
Ал біздің ата-бабаларымыз – қадым заманнан бері ыңғайлы шалбармен танымал. Шалбар – көшпенді тіршілікте, жаугершілікте, атқа мінуге ең қолайлы киім. Қыздарымыз қос етек көйлек пен бөрік киген. Өз басымның Алланың бұйырған парыздарына титтей де қарсылығым жоқ. Күндіз-түні тілім кәлимадағы, басым сәждедегі жанмын. Сондықтан, дәл осы мәселеге келгенде – бос айтыс-тартыс ұйымдастырудың түкке де қажеті жоқ. Ал қыздарымыз болса – шын мәнінде жүректегі иманын күшейте түссе игі болар еді. Қара киіммен емес, ақ-жасыл, ұзын етек, ұзын жеңді көйлек кисе – бүгінгі қоғамды соншама шошытпас па еді. Олардың әйел екенін қара көйлек кимесе де білеміз ғой…
Сейітжаппар Нұрқасым