"Ат-Тәкфір уаль-Хиджра" ұйымы нені көздеді?
Исламдағы ең ауыр қылмыстардың бірі - фитна, яғни алауыздық, бүлік тарату. Мұсылмандардың арасында іріткі салған адам, оларға жау болып табылады, себебі ол ағайынды ағайынға, діндарды діндарға қарсы қояды. Осындай ұйымдардың бірі - «ат-Тәкфір уаль-Хижра». Биыл Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты оны экстремисттік ұйымы деп таныды. Сондықтан республика бойынша оның қызметіне тыйым салынды. Неге? Дінтанушы Есбосын Смағұлов осы турасында "Алаш айнасы" порталына мақала ұсынған еді.
Алдымен ұйымның атауындағы «тәкфір» мен «хижра» сөздеріне назар аударалық. «Тәкфір» - кәпір деп айыптау немесе үкім шығару. Осы ұйымның жақтастары өздерінің мүддесіне сай келмеген кез келген мемлекетті «кәпір елі» деп айыптайды. Тәкфір үкімі билік өкілдеріне, оның ішінде саяси лидерлерге, қарулы күштер мен құқық қорғау органдарына да шығарылады. Ал ондай мемлекетті «тағұт» («пұтқа табынушылар») мемлекеті деп атайды да, оған қарсы жихад жарияланады.
Ұйым қызметіндегі екінші элемент – «хижра». Классикалық исламда хижраға «діни ілімін қорғау мақсатында жер аудару» деп түініктеме беріледі. Алғашқы хижраны Мұхаммед пайғамбар өзінің серіктестерімен бірге мұсылмандардың өмірін сақтап қалу үшін Меккеден Мединаға жасаған. Алайда радикализм идеологтары оны өзгеше түсіндіреді. Олар үшін хижра – ол қоғамнан тікелей немесе жанама түрде бөлек шығу. Тәкфіршілік жолын қуушылар бастапқыда өз насихатын жасырын жүргізеді. Сөйтіп, адамдар бұрынғы қоршаған ортасынан, дәстүрлі исламды ұстанушылармен барлық қатынастарды үзіп, ұйым қатарына қалай кіргендерін білмей қалады.
Ұйым өкілдері күнделікті тұрмыс-салттан толығымен бас тартады. Олар туған күнді тойлау, аптадағы күнді ерекше белгілеу, түрлі діни мерекелер, мерейтойлар жасау, танымал адамдарға ескерткіш орнату, қазалы күнге қатысты жиындарды жасау және сол жиындардағы түрлі шараларды (мысалы, жоқтау айту) ұйымдастыру, мазарларды тұрғызу және тағы сол сияқты шараларды жол берілмейтін жаңашылдық (бидғад) деп түсінеді. Осылайша, радикалдар қоғамның этно-мәдени және конфессионалдық үйлесімін бұза отырып, олар өздерін шынайы ислам дінінің жалғыз ұстанушылары деп жариялайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда тәкфіршілдердің зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығару тәжірибесі белгілі бір дәрежеде тарап кеткен.
Шын мәнінде, олар салт-дәстүр мен мәдениетті мұсылмандық аясында қалыптастыра білген қазақ халқының бай тарихи тәжірибесін жоққа шығарып рухани нигилизм танытып жатады. Олар үшін біздің өткен тарихымыз бар болғаны адасқан және күпірлік жолы. Ал ислам діні Қазақстанға тәкфіршілердің арқасында келді деп санайды.
Сөз жоқ, радикалдар өздерінің наным-сенімдерімен мұсылмандық ілімнің рухын да, мағынасын да жойып жатыр. Дәлелсіз «тәкфір» жариялау исламға тән сабырлық пен өзара түсінушілік шеңберінен әлдеқайда шығып отыр. Радикалдар намаз оқымайтындардың барлығын кәпір санайды. Бес уақыт намаз оқуы мұсылмандар үшін маңызды талаптардың бірі болып табылады. Алайда басқа біреуді «кәпір» деп жариялау үшін Алланы жоққа шығару, басқа құдайларды мойындау, Пайғамбар мен Құранды жоққа шығару немесе тіл тигізу сияқты үлкен күнәлар жасаған жағдайлар секілді анағұрлым дәйекті дәлелдер қажет емес пе? Сондай-ақ, «тәкфір» жариялау тәртібі бірқатар шарттарды орындауды қажет етеді. Бұл - исламдық құқық саласындағы атақты ғұламалардың құзыретіндегі іс. Ал тиісті білімі және өмірлік тәжірибесі жоқ адам бұндай маңызды шешім қабылдай алмайды.
Радикализмнің қармағына ілінген адам тез арада өз елінің рухани мұрасын мойындамай, патриотизм мен адамгершілік қасиеттерінен арыла бастайды. Өзінің ата-анасын намаз оқымағандары үшін кәпір деп айыптап, тіпті жанұясынан да бас тартады. Осының жалғасы ретінде ол әлемнің түрлі бұрыштарында қарулы жанжалдарға қатысатын террористік ұйымның мүшесіне айналғанын өзі де байқамай қалуы бек мүмкін. Өкінішке қарай, Қазақстандық жастарды содырлардың қатарына тоқтамай қосылу фактілері анықталуда. Отандастарымыздың қарулы жанжалдарға қатысу үшін Сирияға кетуі тәкфіршілдікті насихаттаудың салдарынан деп айтуға болады.
Тәкфіршілік алдымен пайдакүнемдік мақсаттарға, мемелекеттік құрылымды әлсіретуге және қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған ислам ілімін бұрмалайтын саяси қозғалыс екенін түсіну қажет. Радикалдық ұйымдар геосаяси күрестің сыналған құралы болып табылатыны мәлім және қаржыландыру арналары шетелден бастау алатыны жасырын емес. Тәкфіршілдік пен жихадизм идеяларының салдарынан кез келген мемлекет аз уақыттың ішінде азаматтық соғыстың алаңына айналу мүмкін екендігіне Ливия, Сирия, Египет сияқты елдердің қайғылы жағдайлары дәлел бола алады.