Ауыз бекіткен адам укол салдырса, оразасы бұзыла ма?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маманы ауыз бекіткен адам укол салдырса, оразасы бұзыла ма деген сұраққа жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ ҚМДБ-ның Youtube-тағы ресми арнасына сілтеме жасап.
ҚМДБ "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлінің айтуынша, ораза кезінде укол салуды терең жараға дәрі жағу мәселесімен байланыстырады. "Қазіргі таңда ғұламалар бұл уколды денеге азық, қуат беретін және қуат бермейтін деп екіге бөледі. Денеге қуат беретін тамыр арқылы салынған укол егу оразаны бұзады. Ал ине бұлшық ет, тері астына және тамыр арқылы ағзаза азық бермейтін емдік мақсатта салынса, ораза бұзылмайды деген ғалымдар", - деді ол. Сонымен қатар "Шариғат және пәтуа" бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі укол салдыру исламды зерттеген ғұламалар арасында тартысты мәселе болғанын айтты. "Бұл мәселе - имам Әбу Ханифа мен шәкірттері арасында тартысты мәселе болған. Имам Әбу Ханифа укол арқылы терең жараға дәріні қою, ішке кету қаупі болғандықтан ораза бұзылады десе, екі шәкірті бұзылмайды деген тұжырымға келген. Өйткені, оразаны тек табиғи жолдар арқылы ауыз, мұрын, тік ішек арқылы кірген нәрселер бұзады деген", - дейді Бауыржан Әбдуәлі.