Аузы берік адам өзен-көлге түссе бола ма?
Ораза кезінде сілекей не түкірік жұтуға болмайды, тіпті бір адамның бетінен сүйсе де ораза бұзылады дейтіндер бар. Бұл қаншалықты рас? Бұған қоса, тағы бір сұрағым, аузы берік адамға өзен-көлге түсуге бола ма?
Гүлжан, Кентау қаласы
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мамандарының айтуынша, аузы берік кісі аузындағы сілекейін не түкірігін жұтса және жұтынса оразасы бұзылмайды. Адам сіңбірігін ішке тартып, жұтса да, ораза бұзылмайды. Ал беттен сүйюге келетін болсақ, ол да оразаны бұзбайды екен. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.а) ауызы берік бола тұра әйелдерін сүйетіндігі Айша анамыздан жеткен. Бұл жерде ескере кететін жағдай, егер әйелін сүйгенде шәует бөлініп кетпейтініне және жыныстық қатынасқа түсіп қоймайтынына сенімді болса, онда сүюіне рұқсат. Ал оған сенімсіз болса – мәкрүһ. Сонымен қатар ораза кезінде салқындау, жеңілдеу мақсатында өзен-көлге т.б жерлерге шомылуға немесе ғұсылдануға болады екен. Бұл оразаны бұзбайды. Тек, ауыздан не мұрыннан ішке су кетіп қалмауын байқау керек. Әбу Дәуід риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у) аузы берік бола тұра ыстықтағандықтан немесе қатты шөлдегендіктен басына су құйғандығы айтылады. Шомылу барысында құлағына кірген су да оразаны бұзбайды дейді ғалымдарымыз.