Аузы берік адамға "освежитель рта" қолдануына бола ма?
Ораза кезінде ауызда жағымсыз иіс пайда болады. Осындай кезде кейде намазбен қатысы жоқ клиенттермен келіссөз жасауға басымыз қосылады. Сол кезде олардан ауыздағы жағымсыз иіс үшін қымсынатымын рас. Сұрайын дегенім: қазіргі таңда ауыздағы иісті жағымды ететін сепкіштер бар. Соларды ауызға сепсе, ораза бұзыла ма?
Асылбек, Түркістан қаласы
Бұл сұраққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкері Абдусамат Қасым жауап береді:
Ардақты Пайғамбарымыз айтқандай, ораза ұстаған адамның ауызынан шыққан иіс Алланың қасында әтірдің иісінен де жағымды. Сондықтан, ораза ұстаған кісіге ол нәрседен қымсынудың қажеті жоқ. Дегенмен, өзіңіз айтқандай ауыздан шыққан иіс діннен хабары жоқ кісілерді ыңғайсыз жағдайға қалдыруы мүмкін. Бұл жағдайда ауыздың иісін жаңарту шараларын қолдануға болады. Яғни, мисуакпен не тіс пастасымен шаю яки ауыз иісін жағымды ететін спрей қолдану. Соңғы екеуін қолданарда ішке кетіп қалмауын қатаң қадағалау керек, және тым көп пайдаланбағаныңыз жөн. Ертеректе ғалымдарымыз тамақтын дәмін тату жайында «тамақтың дәмін көру оразаны бұзбайды. Алайда, оразаны бұзуға алып бару қауіпі болғандықтан – мәкрүһ» деген. Осыған қарай отырып, спрей де жұтпаған жағдайда оразаны бұзбағанымен, мүмкін болса оны тек қажетті жағдайда ғана қолданған жөн.