Авторы жоқ кітап
Тарихи кітапхананың ішінде жүрмін. Көзіме түскен қоңыр түсті кітапты алып қарасам, авторы жоқ екен. Авторсыз кітап бола ма? Қасында тұрған басқа кітапты ашып қарадым. Онда да авторының аты жазылмапты. Кітапхана қызметкерінен сұраймын:
– Кітаптарыңыздың аты бар, бірақ, авторларының аты жазылмаған ғой?
– Дұрыс байқадыңыз, – дейді кітапханашы. – Жазушылардың өздері бізге кітаптарын алып келгенде, ешкім атымызды білмесін деп өтініш жасайды. Сондықтан автордың аты-жөні жазылмаған кітаптарды ғана сөрелерге орналастырамыз.
– Ондай да авторлар болады екен-ау?!
– Болғанда қалай!
– Ғажап… Байқап отырсам, кітаптардың беті шимайланып, шет-шетіне жазулар жазылған екен. Оқылатын кітап сияқты ғой?
– Оныңыз рас, – дейді кітапханашы көзәйнегін сүртіп. – Бұл жердегі кітаптың барлығы оқылады. Оқылмайтын кітапты қайтарып жібереміз.
– Авторлары белгісіз болса қалай оқылады?
– Міне, мәселенің барлық мәні де сонда. Сіздер шығарманы оқымай, авторларға қарап баға бересіздер. Ал шыныңызды айтыңызшы, бұл әділдік пе?
– Ол да рас шығар, – деймін мен. – Дегенмен, автордың аты қалмаса, біз оны қайдан білетін боламыз?
– Авторлары белгісіз талай аңыз-әңгімелер, ән-жырлар бүгінге дейін халықтың рухани қоржынында сақталып келе жатқан жоқ па? Елге еңбегі сіңген есімі белгісіз талай әулие-әмбиелер қазір жердің қойнауында жатқан жоқ па?
– Мейлі, оған да келістік. Ал тірі жүрген авторлар бұған қалай қарайды екен?
– Біздің кітапхананың ерекшелігі де осында. Автордың аты-жөнін біз ғана білеміз. Кей кітаптарды сатамыз. Сатылған кітаптың ақысын авторына жібереміз, – дейді кітапханашы. – Бұл жұмыстың жалғасып келе жатқанына талай уақыт болды. Аталарымыздан қалған мұра. Әрі оқытамыз, әрі сатып күн көреміз.
– Сонда ол қандай авторлар екен? – деп сұраймын.
– Нәпсінің тізгінін ұстаған, мақтаудан аулақ жүрген, мансапқорлықты қорлық деп қабылдаған ізгі жандар.
– Олар философтар ма?
– Қалай десем екен. Біз білетін өмірді, өмірдің мәнін жырлайтын жандар.
– Сіз айтқан өмір туралы жазатын қаламгерлер көп. Бірақ, олар аты аталмай, есімі ескерілмей қалса, дүниенің астан-кестеңін шығарады. Атақ үшін алысады, даңқ үшін таласады…
– Бұл дүниенің заңы солай, – дейді ол. – Бірақ, шынайы шығарма қай кезде де оқыла береді. Тіпті, оның авторы беймәлім болса да. Әйтпесе, шығармалары белгісіз авторлар да жоқ емес қой.
– Білесіз бе, – деймін мен. – Сіздің кітапханаңыздан бір кітап алып, оқысам қайтеді.
– Әрине, қуана-қуана береміз. Бірақ, кітаптан көп нәрсе үйренемін десеңіз, сіз де өз-өзіңізді іштей дайындаңыз…
Кітап оқып жатып, ұйықтап кеткенімді қарашы…
Түстің өзі де авторы жоқ кітап секілді емес пе.
Қуанышқа жориық.
Мәлік ОТАРБАЕВ