Бала өмірдің мәні ме, қызығы ма?
Жалпы, өмірден мән іздеушілер көп. Бірақ оны табушылар аз. Біреуі байлықтан мән іздесе, біреуі кедейлікті құп көреді және оны өмірдің мәні санайды.
Біреу өмірдің мәнін қызмет пен шеннен іздесе, біреу атақ пен абыройдан іздейді. Ал біреуі ата-ана болу өмірдің мәні деп санайды. Бірақ, имандылықтың өмірдің мәні екенін көбі біле бермейді. Яғни, Аллаға, пайғамбарларға, кітаптарға, періштелерге, ақырет күніне, тағдырға және өлгеннен кейін қайта тірілуге сенуді иман десе, ал оған иман етушіні (сенгенді) мүмін демек. ИМАНДЫЛЫҚ деген осы-дүр. Имандылықты «1» деп алып, ал жоғарыдағы дүниелерді «0» деп есептеп, 1-дің алдына қоя берсең, ол бәрібір 1 болмақ. Ал имандылықтан кейін «0»-дерді қойып толтырсақ, ол көөп сан болмақ.
Абайдың «Еденица болмаса, не болады өңкей нөл» дегені де осы. Жақсы, иманды болуды өмір мәні дедік. Себебі, иман да Алланың өз сүйген құлына берер сыйы. Осы иманмен өтсек осы дүниеде де сыйлы, ақыретте де құрметті боламыз. Қазақ сол себепті «Бірінші – иманым, екінші – жиғаным» дейді. Абай хәкімнің: «Мүмін болсаң әуелі иманды бол, иман өзі адамға ашады жол», – деуі бекер емес. Яғни иманды адамның екі дүниеде де жолы ашық және екі өмірі де мәнді. Ал бала ше? Алла Құранда: «Негізінде малдарыңды және балаларыңды сынақ деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар», – дейді («Әнфәл» сүресі, 28-аят).
Ал өзге аятта: «Адамдарға әйелдерден, балалардан, алтын-күмістен жиналған қазыналардан, керемет сәйгүліктерден, төрт түліктерден және егіндерден келетін қызықтаулар әдемі көрсетілді (Адамның көз жауын алатындай тартымды). Бұлар – дүние тіршілігінің қызықтары. Ал қайтар орынның ең жақсысы Алланың қасында», – дейді. («Әли Имран» сүресі, 14-аят). Абай хәкімнің: «Ата-анаға көз қуаныш, алдына алған еркесі», ؘ– дейтіні де осы аятқа негізделген түсінік [Қараңыз: Абай, Екі томдық шығармалар жинағы, Алматы, Жазушы, 2004. 1-том, 123-бет].
Яғни, бала «өмірдің мәні» емес, «бала – ата-анаға көз қуаныш». Қазақ ешқашан «Бала – өмірдің мәні» демеген. Жоғарыда аталған байлық, алтын-күміс, егіншілік, әйел мен төрт-түлік мал және балалар секілді құндылықтар өмір мәні емес, өмірдің қызығы ғана. Өмірдің қызығы көп. Соның бірі – бала-шаға. Абай хәкім сол себепті: «Өмірдің бір қызығы бала деген», – дейді [Қараңыз: Абай, Екі томдық шығармалар жинағы, Алматы, Жазушы, 2004, 1-том, 45-бет]. Ойланып қарасақ, өмірдің мәні иманды болуда жатыр. Сол секілді, «бала үшін өмір сүремін» деу де қате түсінік. Балаға жақсы тәрбие бер. Ал өзің имандылық пен Алла алдындағы абыройың үшін, қайырлы өлімің мен сауапты өмір сүруің үшін өмір сүр. Біз мәңгілікті «мән» дейміз. «Мәңгі бақи» дейміз. Ал өмірді жалған, «фәни дүние» дейміз. Жалған дүниеге бала да кірсе, оны «мән» деу қаншалықты дұрыс? Ол үшін өмір сүру қаншалықты орынды? Бала да – уақытша берілген сый. Өлсең, ол да қалады. Сол себепті, Абай ұлы Әбдірахман өлгенде: «Оны да алды бұл өлім, сабырлық қылсақ керек-ті» деп өзін жұбатады [Абай.Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. Жазушы. 2004. 1-том 162-бет]. Адамға сабыр беретін – Алла. Ал Аллаға сенуді иман дейді.
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ,
Халықаралық Журналистер одағының мүшесі