Барлық күнәң кешірілсін десең...
Бұхари мен Муслим Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін риуаят еткен: «Ләйләтүл-Қадрды Аллаға ғибадат жасаумен өткізген адамның барлық өткен күнәлары кешіріледі».
Құранда бұл түннің мүбәрак Рамазан айына тұспа-тұс келетіні анық айтылады, бірақ, дәл қай күні екені нақтыланбайды. Сол себепті, бұл мәселе ғұламалардың талай талқылауына түрткі болды. Осыған қатысты қырыққа жуық пікір бар. Әл-Мәзхариге сәйкес,ең мықты пікір ‒ Ләйләтүл-Қадр Рамазанның соңғы он түніне дөп келеді деген пікір. Бірақ, нақты қай күні екені анықталмаған. Ол жыл сайын өзгеріп отыратын он тақ түннің кез келген біреуі болуы мүмкін.
Хадистерде Ләйләтүл-Қадрдың төмендегі белгілері туралы айтылады:
– Түн жарық, таза болады, ол түнде ауа райы ыстық та емес, суық та емес, жанға жайлы болады.
– Ол түні ай самаладай жарық болады.
– Қоңыр салқын, жағымды жел соғып тұрады.
– Мұсылмандар бұл түнде ерекше мамыражай күй кешіп, рахатқа бөленеді.
– Сол түннен кейін таңертең күн сәуле шашпай, толған Айдай дөңгеленіп шығады. Ғұламалар мұның негізгі белгі екенін және міндетті түрде болатынын айтады.
Бұл түннің қасиеттілігі Құранның түскендігі жайында «қадір» сүресінің бірінші аятында былай делінген: «Шынымен де Біз Құранды Қадір түні түсірдік». Жәбірейіл және басқа да періштелер түсетін түн. «Сол түнде Алланың әмірімен барлық істі реттеу үшін (аспаннан) періштелер және Рух (Жәбірейіл) түседі»[«Қадір» сүресі 4 аят].
Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі, Қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. Сол түні періштелердің көп болатыны мына хадисте білдірілген: «Қадір түні рамазан айының жиырма жетінші немесе жиырма тоғызыншы түніне сай келеді. Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады»[Ахмад].
Қадір түнінде жасалған дұға-тілектер қабыл болады. Абдулла ибн Омардың (р.а.) риуаят еткен хадисінде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мына төрт түні жасалған дұғалар кері қайтарылмайды. Олар: ережеп айының алғашқы түні, шағбан айының ортасы (бәраат түні), қадір түні және айттың бірінші күні» деген.
Алла Тағала адам баласын Өзіне құлшылық етсін деп қана жаратқан. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі ғибадат жасап, нәпіл намаз оқып, Аллаға жақындататын іс жасаған абзал. Расулалла (с.ғ.с.): «Кімде-кім қадір түнінің артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» дейді. мен сәлемі болсын): Әнас бин Маликтен (Алла оған разы болсын): «Рамазан айы кіргенде Алла елшісі (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр алақан қалады» (Бухари), – деген риуаят бар.
Құран оқу, өзі үшін, әке-шешесі үшін, туған-туыстары мен барша мұсылмандар үшін дұға ету, күнәларынан тәубе ету, уағыз-насихат тыңдау Алла Тағаланың кешірімі мен мейіріміне апарар төте жол болмақ. Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир әт-Табари» 25/65). Сондықтан да бұл түнді аса ыждаһатпен күтіп, ықыласты түрді ғибадат жасайық! Алла Тағала баршамыздың құлшылығымызды қабыл етсін!
Төлтаев Ербол Мұқанұлы
Балқаш қалалық мешітінің имамы
ihsan.kz