Бейсенбі мен Жұма күні тырнақ алса, бәле-жала жоламайды әрі бай болады деген рас па?
Әлсіз бір хадисте: «Кім пақырлықтан, зағиптықтан, алапестік пен жынданудан аман қалғысы келсе, бейсенбі күні асырдан соң тырнағын алсын. Аларда сол қолының кішкене саусағынан бастасын», - делінген.
Басқа бір әлсіз хадисте, сахаба Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбарымыз (с.а.у.) жұма күні намазға шықпай тұрып тырнағын алатын және мұртын қысқартатын», - деген екен. (әл-Бәйһақи).
Әзіреті Әлиден де мына бір әлсіз дерек риуаят етіледі: «Тырнақ алу және қолтық пен ұятты жердің маңайын (түгін) тазалау – бейсенбі күні атқарылады. Ал жұма күні жуынып-шайынып, иіссу себініп, әдемі киімдерін киеді» (Табарани)[1].
Басқа бір әлсіз хадисте: "Кім жұма күні тырнағын алса, келесі жұмаға дейін жамандықтан аман болады", - делінеді[2].
Деректерге қарағанда, аталмыш хадистерге хадис ғалымдары «тым әлсіз» деген баға берген. Тіпті бір шамасына «жалған хадис» деушілер де кездеседі.
Десе де, жұма күні намазға шығарда тырнақ алып, жуынып-шайынып, үсті-басын ретке келтіру мұстахаб амал екендігі рас.