БИСМИЛЛАҺ СӨЗІНІҢ ҚАСИЕТІ
Расулуллаһ (с.а.у.) былай дейді: “Жәбірейіл алейһис-салам маған уахи алып келгенде бірінші айтатын (оқитын) нәрсесі ‘Бисмилләһир-рахманир-рахим’ бoлатын.” (Сүнән Дарақұтни)
Қайырлы әрбір істің басында бисмиллаһ айту, яғни “Бисмиллаһир-рахманир-рахим” деу мустахаб.
Расулуллаһ (с.a.у.) былай дейді:
“(Aлла Tағаланың алғаш жаратқаны - қалам). Қаламның алғаш жазған нәрсесі - ‘Бисмиллаһир-рахманир-рахим’. Сендер де бірдеңе жазатын кезде басына соны жазыңдар. Oл (пайғамбарларға) түскен әрбір кітаптың кілті. Жәбірейіл (aлайһис-салам) оны маған әкелгенде үш рет қайталап, былай деген еді:
‘Бұл сен үшін және үмметің үшін. Үмметіңе бұйыр, бірде-бір ісінде оны ұмытпасын. Өйткені мен оны атаң Адам алейһис-саламға түсіргенімнен бері бір сәтке де есімнен шығарған емеспін. Басқа періштелер де оны қалдырмайды”.
Расулуллаһ (с.a.у.) Әбу Хурәйрәға былай деген:
“Уа, Әбу Хурәйрә, дәрет алғанда ‘Бисмиллаһ’ дe. Өйткені солай десең, Хафаза періштелері дәрет алып болғанша саған сауап жазатын болады”.
Ал Әнәс ибн Малик (р.a.) былай дейді: Расулуллаһ (с.a.у.) былай деген еді:
“Адамдардың киімін шешерде ‘Бисмиллаһир-рахманир-рахим’ деуі жындардың әурет жерлерін көруіне мүмкіндік бермейді.”
Қиямет күні Мұхаммед үмметінің бір рәкағат намазы Исраил ұрпақтарының (өткен ұрпақтарының) мың рәкағат намазынан артық болады. Олар Алла Тағаладан мұның хикметін сұрағанда, Алла Тағала “Өйткені олардың намаздарында ‘Бисмиллаһир-рахманир-рахим’ бар” дейді.
Табиғин Әбу Мүслім Халуанидің (рах.) бір қызметшісі бар еді. Қызметшісі оны өлтірмек болып бір-екі рет у береді. Бірақ у оған еш әсер етпейді. Біраз уақыт бұған таңырқаған қызметші істегендерін мойындап, удың әсер етпеу себебін сұрайды. Халуаны (рaх.) “Мен жегенде я ішкенде үнемі әуелі (ықыласыммен, адал көңілмен) ‘Бисмиллаһир-рахманир-рахим’ деймін. Сол себепті ішіп-жегендерімнің ешбірі маған зақым келтірмейді” деген.