БІЗ ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНАН ЕМЕС ПЕ ЕКЕНБІЗ?
Бір күні Ислам дінін алғаш қабылдағандардың бірі болған Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) мүміндердің анасы болған Пайғамбарымыздың ﷺ әйелдерінен Үммү Сәләмаға (р.а.) келіп:
– Анашым! «Құрайыштықтардың» ең байы – менмін. Жерім бар еді. Оны сатып, қырық мың дирхам пайда таптым. Осыншама дүние менің түбіме жете ме деп қорқа бастадым, – деп ішкі қобалжуы мен қорқынышын айтады.
Сонда анамыз Үммү Сәләма:
– Ұлым! Саған кеңесім – мал-мүлкіңді мұқтаж жандарға молынан тарат! Өйткені, Пайғамбарымыздың ﷺ: «Мен араларыңнан кеткеннен кейін кейбір сахабалар мені екінші көрмейтін болады», – дегенін естідім, – дейді.
Яғни, Қиямет күні Өзін ﷺ екінші көрмейтіндер болатынын айтуда. Ал мұсылманға Қиямет күні Алланың дидарын және Пайғамбарының ﷺ жамалын көрмеуден асқан қасірет жоқ. Пайғамбарымыз ﷺ Қияметте үмбетімен ғана жүздеспек. Оны ﷺ көрмеу, демек, үмбеті болудан мақұрым қалу. Ал бұл – үлкен қасірет пен адам сипаттай алмас қорқыныш. Міне, бұл сөзді естігенде Абдуррахман ибн Ауфтың (р.а.) бойын қорқыныш пен үрей билеп кетеді. Анамыздың (р.а.) жанынан шыға сала хз.Омарға (р.а.) ұшырасады. Хз.Омарға (р.а.) анамыздан (р.а.) естігенін айтып береді. Хз.Омар да бұл сөзді ести сала Үммү Сәләма анамыздың жанына келеді. Келеді де:
– Аллаһ үшін, айтшы! Пайғамбарымызды ﷺ екінші көрмейтіндердің арасында мен де бармын ба? – деп жалбарынады. Сонда анамыз:
– Жоқ, сен олардың арасында жоқсың. Бірақ, сенен кейін бұл мәселеге қатысты сұрағандардың ешбіреуіне жауап бермеймін, – деп шығарып салады (Ахмад бин Ханбал, Табарани).
Пайғамбарымыздың ﷺ бұл сөзі Омардың (р.а.) өзін үрейге бөлейді. Ал біз ше? Пайғамбарымызды ﷺ мүлдем көрмейтіндердің арасынан табылмайық? Аллаһ сақтасын!
Алланың дидарын, Пайғамбарымыздың ﷺ жамалын көретіндердің қатарынан етсін бізді Аллаһ!
Әулиелерден бірі Пайғамбарымыздың ﷺ қабіріне жақындап барып: «Уа, Алланың Елшісі! Мына күнәһар көздеріммен Сенің қабіріңе қарауға лайық емеспін», – деп еңіреген деседі.
Ал біз қай бетімізбен қараймыз Пайғамбарымыздың ﷺ мүбәрак жүзіне?
Аллаға құл, Пайғамбарымызға ﷺ лайық үмбет болуды нәсіп етсін Аллаһ!
Салтан САЙРАНҰЛЫ