Боза ішу харам ба?
Дәурен Мақсұтхан:
Сұрақ №1: Әссәләмуғалейкум! Боза харам ба?
Дархан:
Сұрақ №2: Әссәләмуғалейкум! Соңғы кездері боза жөнінде көп сұралып жатады. Осыған не дейсіздер? Рахмет.
Нұржан Жұмадилов:
Сұрақ№3: Әссәләмуғалейкум! Боза ішу харам ба?
Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Боза — дәнді дақылдардан ашытып жасалатын сусын. Ғаламторда берілген мәліметке қарағанда, дайындалу технологиясы мен сақталу мерзіміне қарай "жас Боза" және "қорланған Боза" деп бөлінеді екен. Жас Боза құрамында 4 — 6%, ал қорланған Бозада 12 — 15% спирт болады деседі. Аллаһу аълям.
Енді, оның үкіміне келер болсақ, көне фиқһ кітаптарында орын алған ішімдіктерге қатысты арнайы бөлімде ішімдіктер мен сусындардың қайсысы халал, қайсысы харам екендігі ғұламалар тарапынан талқыға салынған. Соның ішінде, бидай, тары, жүгері сынды дәндерден жасалған ішімдіктер мен сусындар жайында да сөз етіледі. Сондағы тұжырымдамаларды назарға ала отырып, бозаны екі түрге бөліп қарастырған жөн деп ойлаймын[1]:
1. Қанша ішсе де адамды масайтпайтын боза. Үш имамның (Имам Ағзам, Имам Әбу Юсуф және Имам Мұхаммед) тұжырымдамаларын зерттей келе, мұндай бозаның адал екендігінде талас жоқ деген қорытындыға келуге болады. Ал, оның құрамындағы ашу процесі кезінде өздігінен пайда болған аз мөлшердегі этил спирті: сырттан әдейі қосылмағандықтан әрі қанша ішсе де масайтпайтындай аз болғандықтан негізге алынбайды. Неге десеңіз, аз көлемде өздігінен пайда болған спирт ашыған айранда да, қымызда да, тіпті, ашыған нанда да бар.
2. Көп ішкенде адамды масайтатын түрі. Имам Әбу Ханифа мен Имам Әбу Юсуфтың негіздемелеріне сай айтар болсақ, боза бөктіріліп, қатты ашытылса да тоқтық үшін немесе ем үшін яки денеге қуат берсін деген мақсатпен аз көлемде ішуге рұқсат. Бірақ, көңіл көтеру үшін, сауық құру үшін ішетін болса, онысы харам. Ал, Имам Мұхаммедтің (р.а.) пайымы негізінде айтар болсақ, көп ішкенде мас ететіннің, азы да – харам»[2]. Сондықтан да, Имам Мұхаммедтің пайымы негізінде, қандай мақсатта ішсе де, бозаның мұндай түрін ішуге рұқсат жоқ.
Ханафи мәзхабында ішімдік мәселесінде Имам Мұхаммедтің пәтуасы негізге алынатындықтан, бозаның бұл екінші түрін аз мөлшерде болса да ішуге Ханафи мәзхабында болмайды.
Бұл өзге мәзһаб ғалымдарынша да солай. Мысалы, Шафиғи фиқһ ғалымы Ибн Хажар әл-Һәйтәми (м.1504-1567 ж.) өзінің «Тухфатуль Мухтаж» атты көлемді еңбегінде бозаның мас етуші ерекшелігіне қарап, нәжістер қатарынан санаған[3].
Осы тұрғыда «Сахих Мүслім» атты хадистер жинағында орын алған мына бір риуаятты да тілге ала кетудің орайы келіп тұрған сыңайлы. Сахаба Жәбір ибн Абдилла әл-Ансари (р.а) былай дейді:
«Йемен жеріндегі «Жайшан»* деген елді мекеннен бір кісі келіп, Пайғамбарымыздан (с.а.у.) өздерінің ішіп жүрген жүгеріден өндірілетін жергілікті ішімдіктеріне байланысты сауал қояды. Оны «мизру» деп атайды екен. Сонда Пайғамбарымыз ол кісіден:
- Ол мас қыла ма? – деп сұрайды.
- Иа, – деп жауап береді әлгі адам.
- Мас ететін барлық нәрсе – харам. Шынында Алла тағаланың уәдесі бар. Кім мас ететін ішімдік ішсе, оған қиямет күні «Тинатуль Хобәльді» ішкізеді, - дейді. Мұны естіп отырған өзге сахабалар:
- Уа, Расулаллаһ, «тинатуль хобәль» деген не нәрсе ? - деп сұрайды.
- Тозақтағылардың аққан терісі немесе тозақтағылардан сығылып шыққан сығынды, - деп жауап береді[4].
Түйін:
Ендеше, көп мөлшерде ішілгенде мас қылатын бозаның аз мөлшерін ішу де - харам. Ал, қанша ішсе де масайтпайтын, ешқандай мас етуші ерекшелігі жоқ бозаны ішудің күнәсі жоқ.
Қорытынды:
Бүгінгі тақырыбымызды, ортағасырда өмір сүрген ғалым, «Шейхуль Ислам» атағын алған Ханафи ғұламасы Мұхаммед Әбу Сууд Эфендидің (м.1490-1574 ж.) бозаға қатысты айтқан жауабымен қорытындылағым келіп отыр:
«Сұрақ: Саф тарыдан жасалған тәтті бозаның ішіне мас етуші зат қосылмаған болса, тек шөлді басу үшін және денеге қуат берсін деген мақсатта ішсе, халал ма?
Жауап: Егер, мас етуші белгіден (еш күмән қалдырмайтындай) құлантаза болса, ішілуі харам емес.».
Фәтәуә Әби Сууд Эфенди
[1] Хашияту ибн Ғабидин – 10/26-45 бет.; Имам Сәрахси: әл-Мәбсут. Китабуль әшриба.
[2] Ибн Мәжә, Әшриба - №3392 хадис.
[3] Әл-Һәйтәми, Тухфа: Китабуль Китаба – Бәбун нәжәса.
[4] «Сахих Муслим»: Китабуль Әшриба - №3739 хадис.
* Аталмыш қала қазірге шейін бар. Бүгінде бұл қала Йемен мемлекетіндегі «Жайшан Мудириясы» деп аталатын, «Жайшан мемлекеттегі әкімшілік-аумақтық бірліктің орталығы болып табылады.
Абдусамат Қасым