Дін мен дәстүр: Қазақ халқының болмыс-бітімін, мәдениет-әдебиетін Ислам дінінен ажыратып қарау мүмкін емес

Дін мен дәстүр: Қазақ халқының болмыс-бітімін, мәдениет-әдебиетін Ислам дінінен ажыратып қарау мүмкін емес

Ислам діні қазақ халқына тікелей уағыз-насихаттан гөрі ел арасында ауызба-ауыз жеткізілген діни әдебиет, қисса-дастандар мен жыр-термелер арқылы жақсы тараған. Бұл тұрғыда халық фольклорын жете зерттеген заңғар жазушы Мұхтар Әуезов былайша ой толғаған екен: «Қазақ ортасына Ислам дінінің тарауына көбінесе қазақтың ақындықты сүюі себеп болды деген дұрыс пікір. Елге не жайылса да, әдебиет жұрнағы болып, әдебиет өлшеуінің біріне түскен соң ғана жайылатын болған. Өлеңсіз, әңгімесіз, сұлу сөзсіз келген құрғақ үгіт болса, ондайды ел тыңдамаған да, ұқпаған, ықылас қоймайтын болған. Сондықтан да мұсылманшылық діні де қазақ елінің табиғатына, ыңғайына қарай ұйысып келген. Бұған ескі әдебиеттегі толып жатқан қиссалар дәлел. Жарамазан өлеңі де сондайлық дін мағынасы мен дін үгіті болып шығып, бері келген соң қыдырма жарамазаншылар әнге салып айтатын болды».

Ал ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған»,– деп тұжырымдайды. Қазақ даласында кең тараған күні-түні жастанып оқитын, кешкілік бір үйге жиналып, шамның жарығымен хат танитындарға оқытып, ел болып тыңдайтын жырлар, қисса-дастандар көп болды. Солардың көпшілігі діни жырлар болатын әрі бәрінде де имани үгіт-насихат кездесетін.
ХІХ ғасырдағы орыс зерттеушісі В.В. Радлов діни дастандардың уағыздық қасиеті жайлы былай деп жазған екен: «Қазақтар арасында Исламды орнықтыруға бір «Жұмжұманың» әсері даланы кезіп жүрген жүздеген молдадан артық тәрізді».
Қазақ хандығы құрылмастан бұрынғы Алтын Орда дәуірінде дүниеге келіп, ел арасында танымал болған жыр-дастандардың дені дін тақырыбында еді. Солардың қатарында «Зарқұм», «Салсал», «Қаһарман», «Кесікбастың қиссасы», «Мұхаммед пайғамбар» т.б. атауға болады. Кейінгі шығарылған жырлар да осы сара жолдан айныған жоқ. Қандай жыр болмасын, адамгершілік, имандылық принциптерін насихаттады.
Расында да, тіл – ділдің айғағы. Оның ішінде халық жадында ықылым замандардан сақталып келген жыр-өлеңнің орны ерекше. Абайша айтқанда «өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы». Халықтың атадан балаға ауызба-ауыз жеткен әдебиетінде мұсылмандық ұғымдар мен ұстанымдарды білдіретін сөз оралымдары молынан кездеседі. Жыр-термелер, толғаулардың басты мақсаты да халықты адалдыққа, ынтымақ-бірлікке, имандылыққа шақыру болатын. Мақал-мәтелдердің де дені адамгершілік һәм мұсылманшылық ұстанымдарынан туған десек қателеспейміз. Қазақтың хақ жолын қалай ұстанғанын, сенімі қандай болғандығын білу үшін халық санасында жатталып, ауыздан-ауызға көшіп отырған тағылымды мұраларға, сөз патшасы – өлең-жырларына, тән шымырлатқан терме-өсиеттеріне зер салсақ жеткілікті.
Күллі түркінің рухани ұстазы Қожа Ахмет Иассауи өз хикметтерін өлең жолдарымен жеткізіп, кейінгілерге діни-уағыздың сара жолын салып кеткен.
«Бісміллә» деп баян еттім хикмет айтып,
Шәкірттерге дүр мен гауһар шаштым міне.
Жанды жалдап, қайғы шегіп, қандар жұтып,
Мен «дәптер сәни» сөзін аштым, міне, – деп бастапты сөз басын Әзірет Сұлтан.
Түркі халқына ортақ тұлға Жүсіп Баласағұни баба (шамамен 1017-1075) әңгіменің әлқиссасын былай бастапты:
Алла атымен бастадым сөз әлібін,
Жарылқаған, жаратқан бір Тәңірім!
Рақымды Ием пайғамбарын жіберді,
Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.
Ал одан кейінгі келген Ахмет Иүгінеки (ХІІІ ғ.) былай деп жырлайды:
Бір Алла өлтіретін тірілтетін,
Көрерсің сен де оны көзің жетіп.
Иесі құдіреттің жалғыз Құдай,
Өлгендерді тірілту оған оңай.
Айтайын артықтығын Пайғамбардың,
Ұғып ал толғауымен ой мен ардың.
Абылай ханның ақылшысы Бұхар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) мақтау-мадаққа Құдай Тағаланың лайық екендігін, әңгіменің абзалы иманды түгендеу екендігін жалпақ жұртқа ұғынықты жыр жолдарымен жеткізген.
Ей, айташы, Алланы айт,
Аты жақсы Құдайды айт.
Төрт шадияр Мұстафа,
Мұсқаф ашқан ғаламды айт.
Тәңірім сөзі – Фұрқанды айт,
Кәләм Алла – Құранды айт.
Тәңірім салса аузыңа,
Жан жолдасың – иманды айт.
Жамандыққа жақсылық
Көктемеген Еділді айт.
Қара қылды қақ жарған
Наушаруандай әділді айт.
Аршы менен Күрсіні айт.
Лаухы менен Кәләмді айт.
Құдыретімен жаратқан
Он сегіз мың ғаламды айт.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт.
Сөйлеу үшін жаратқан
Сөз анасы сәлемді айт.
Тірілікте сыйласқан
Ата менен анаңды айт.
Адам үшін жаратқан
Қызықты нәубет балаңды айт.
Өлгеннен соң жер жұтқан
Қараң қалған денеңді айт.
Жыраулар поэзиясының тағы бір көрнекті өкілі Шалкиіз Тіленшіұлы (1465-1560) әр ісін Хаққа тапсырғандығын айтады.
Күпшек санды тіл жалмаған күреңді
Тілеген достан аяман!
Тілекті бірге тілеген
Малымды достан аяман!
Тайғақ кешу, тар жерде,
Менім достым бар-ды һәр жерде,
Іздесем табылмайды тар жерде.
Табылмаса қайтейін,
Мен ісімді Хаққа тапсырғанмын һәр жерде!
Үмбетей жырау (1697-1786) шынайы мұсылман мен тілімен ғана мұсылман болған жанның ара-жігін өлеңмен ажыратқан.
Дін пұсырман баласы
Адамдықтан жерімес,
Тіл пұсырман, қарашы,
Арамдықтан шегінбес.
Дәніккесін бұл шіркін,
Адал бір дәм жегізбес!
Алдыңғы жыраулардың ізімен жүрген ақын Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) халықты ақыретке амал етуге шақырып, насихат айтқан.
Үлкендер, саған айтайын,
Мал басына бармаңдар,
Ақырет қамын қармаңдар!
Дүниенің боғы үшін
Сірә, тіпті азбаңдар!
Тентек болма балаға,
Безер болма келінге,
Қадірің кетер еліңе,
Қарауыл қой сөзіңе!
Қанша нәрсе ереді
Өлгеннен соң өзіңе?!
Қарай алмай жүрерсің
Таңда махшар күнінде
Құдайыңның жүзіне!
Атаның тілін ұл алмас,
Ананың тілін қыз алмас.
Айта беріп қайтейін,
Өлінің тілін тірі алмас!
Жақыннан шыққан жақсыны
Ағайын-туған көре алмас.
Ақыр заманның белгісі –
Бірге туған бауырың
Тату да болып жүре алмас!
Дұғай сәлем дегейсің
Ташкент пенен Бұхарға,
Бір Құдайдан қорыққанға!
Қызмет етпей мен өттім
Ата менен анаға.
Қарнақтағы, сәлем айт,
Үш қайтара бабама!
Сыр сүлейлерінің бірі Базар жырау Оңдасұлы (1842-1911) шынайы иманның тілмен емес, ділмен мойынсұну арқылы көрінуі керектігін ескертеді.
Айдан ару нәрсе жоқ,
Түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Күндіз бар да, түнде жоқ.
Мұсылманшылық кімде жоқ.
Тілде бар да, ділде жоқ.
Көшпелі бейнет, көп дәулет
Біреуде бар да, бірде жоқ.
Кейіннен Маңғыстаудың марқасқасы Қашаған Күржіманұлы (1841-1929) қазақ даласында діни дәстүрді қалыптастырып кеткен ұлы тұлғаларды былайша еске алады.
Мұсылман кемдiк көрген жоқ,
Әзiрет Сұлтан – Қожа Ахмет
Шайтанға соғыс ашқалы.
Зiкiрмен зарлап ерте-кеш,
Нәпсiсiн байлап тастады.
Соңынан өттi Бақырған
Мүшкiлiн айтқан бастағы.
Кәмiл инсан – шын асыл
Мүрсәлiм өткен Бастамы.
Данышпан Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) да өле өлгенше жамиғы жұртты хақ жолына, өнер-білімге шақырып өткені баршаға аян. Өресі биік кемеңгер былай деп насихаттайды:
Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ.
Алланың, Пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда мақтан, әуесқой шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Діннен терең білімі болған Мәшһүр Жүсіп те өмір бойы имани жолды насихаттап өтті. Ойшыл ақын былай деп жырлайды:
Бисмилләһир-рахманир-рахим дейін,
Құдайға хамд айтамын мұнан кейін.
Айырған тіл мен жақты заман болар,
Сөйлеп қал, қызыл тілім, оған дейін.
Ташкенттегі «Көкелташ» медресесінің түлегі, шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) өз шумақта-рында Жаратқанға мінәжат әсте естен шығармаған:
Ей, Кәрім,көңілін көркейт мұсылманның!
Қуандыр қайбірін де қысылғанның!
Таупық бер біреуі емес, бәріне де,
Көңілінен иман нұрын ұшырғанның!
Серігің жоқ бір Алла,
Өлмейтін тіпті тірі, Алла.
Қастық қылған Ханнастың,
Тұмсығына ұр, Алла.
«Үмітіңді үзбе!» деп
Айтқансың Өзің Құранда.
Қызыл империяның атеистік идеологиясы үстемдік құрып тұрған кездің өзінде де қазақ ақыны Мұқағали Мақатаев мұсылман екендігін ұмытпайды. Ғылым-білімнің түбі дінде жатқандығын еске салады.
Дін – ғылымның атасы,
Дін – ғылымның анасы,
Ғылым – діннің баласы.
Келесі өлең жолдарында қандай жағдайда да мұсылман болып қалатындығын айтып, жар салады.
Сатпаймын дінімді мен,
Сатқан емен.
Өлмейтұғын, өшпейтін күнім білем,
Алла есімі – жүрегім жұдырықтай,
Жүрегімнің соққанын біліп жүрем.
Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын,
Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.
Алсын Тағалам, ант етем, ант етемін,
Алла есімін кеудемнен ұшырған күн!
Алла – ақиқат.
Аллаға сеніп өтем,
Адалдық пен ақиқат серігі екен.
Адаспаймын, Аллама сеніп өтем,
Алла есімін баспаймын – жолы бөтен!
Келтірілген мысалдар мол мұраның бір бөлігі ғана. Әйтпесе, қазақ әдебиетінде мұсылмандық танымнан туған туындылар толып жатыр. Тегінде, халықтың ұлттық санасы мен болмысы Ислам дінімен тонның ішкі бауындай астасып, жымдасып кеткен. Тіпті, қазақ халқының болмыс-бітімін, мәдениет-әдебиетін Ислам дінінен ажыратып қарау мүмкін емес. Дәлел ретінде халқымыздың ауызекі тілінде қалыптасқан сөз оралымдарын да келтіруге болады. Өйткені сөз – адамның айнасы, ішкі сана-сезімінің сыртқа шыққан көрінісі.
Сайып келгенде, «Алла - бір, Құран - шын, Пайғамбар - хақ» деген қағиданы ертелі-кеш айтып жүрген кең сахара жұртының жадында ислами қағидалар берік орнаған еді. Олар тіршілігін де, өлімін де мұсылманшылық шарттарына сай ету тырысып бақты. Халқымыздың сана-салтында Құдайды мадақтау, зікір ету үлгілері ерекше сақталып қалды. Бабадан атаға, атадан әкеге, әкеден балаға, баладан кейінгі толқынға жетіп, ұрпақ жадының түбінде жатталған зікір үлгісінің бірі мынадай.
Лә иләһә иллаллаһ!
Иллалада пайда бар.
Білмеген құлға не айла бар?
Жатар жерің қараңғы,
Шамшырағың сайлап ал!
Төсекке жатқанда кәлимасын қайталап, тілек тілегенде «Алла құлым дегей, Пайғамбар үмбетім дегей» деп қайырды. Сол арқылы мұсылмандықтың сара жолынан сырт кетпеді. Тілектің төресін де текті бабаларымыз қалдырып кетті:
Бірінші тілек тілеңіз,
Бір Аллаға жазбасқа!

«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 06.02.201505.02.201504.01.201503.02.201502.01.201501.02.201531.01.2015, 30.01.2015, 29.01.2015, 28.01.2015, 27.01.2015, 26.01.2015, 23.01.2015, 22.01.2015, 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015  30.01.2015).

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста