Дін мен дәстүр: Қазақтың салт дәстүрі Ислам дінімен біте қайнасып кеткен
Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен, ел аузында жүрген сөз оралымдары мен өлең шумақтарынан имани ұғымдар мен ұстанымдардың жарқын мысалдарын таба аламыз. Мұның өзі Алаш жұртының салт-санасының, ақыл-ойының асыл діннен ажырамағандығын көрсетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін діни мәтіндерді, нақыл сөздерді мән-мағынасы жағынан олармен бірдей немесе ұқсас ел арасында кең тараған мақал-мәтелдермен, сөз оралымдармен салыстыра ұсынып отырмыз. Ұлттың ұтқыр ойлау жүйесінде ойып тұрып орын алатын осы айтылымдар дәстүрлі қазақ мәдениетінің Ислам дінімен біте қайнасып жатқандығын айғақтайды. Салт-сананың шынайы сеніммен сабақтасып жатқандығын білдіреді.
Хадисте: «Қанағат – таусылмайтын байлық, жойылмайтын қазына».
Қазақ мақалдары: «Қанағат – сарқылмас қазына»; «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызар»; «Азға қанағат, көпке шүкір».
*****
Хадисте: «Үнемдеу – тіршіліктің жартысы». Қазақ мақалдары: «Есептемегенге бәрі түгел»; «Базары жақын байымас»; «Шашу оңай, жинау қиын»; «Теңге тиыннан құралады».
*****
Хадисте: «Көпшілікпен бірге болыңдар! Шынында, қасқар да шетке шыққан қойды жейді». Қазақ мақалдары: «Бөлінгенді бөрі жейді»; «Жалғыздың шаңы шықпас»; «Жалғыз ағаш орман емес»; «Айырылсаң азарсың, қосылсаң озарсың».
*****
Хадисте: «Бір нәрсені қатты жақсы көруің (жамандығын) көрсетпейді, естірпейді». Қазақ мақалдары: «Қарға баласын аппағым дер, кірпі баласын жұмсағым дер».
*****
Хадисте: «Әрбір ізгілік – садақа». Қазақ мақалдары: «Жақсы сөз – жарым ырыс».
*****
Хадисте: «Бір-біріңе сый беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады».
Қазақ мақалы: «Орамал тон болмайды, жол болады».
*****
Алла Тағала былай дейді: «Расында, жеңілдік қиындықпен бірге болады».
Қазақ мақалдары: «Ер тарықпай, молықпайды»; «Таршылық болмай, кеңшілік болмайды».
*****
Хадисте: «Асылы, сендердің ең қайырлыларың – мінез-құлқы ең жақсыларың». Қазақ мақалдары: «Кішіпейілділік – кісінің көркі»; «Кішіпейілдік – кішілік емес, кісілік»; «Әдептілік ар-ұят – адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез, тағы жат – надандықтың белгісі».
*****
Хадисте: «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық».
Хадисте: «Ұяттың барлығы да қайырлы». Қазақ мақалдары: «Ұят кімде болса, иман сонда»; «Ұят – иманнан»; «Өлімнен ұят күшті».
*****
Хадисте: «Адамдардың алғашқы пайғамбарлықтан үлгерген үлесі «Егер (Құдайдан) ұялмасаң, білгеніңді істе» деген (нақыл сөз)».
Қазақ мақалдары: «Ұялмасаң білгеніңді істе»
*****
Хадисте: «Алла кешірім еткен пенденің мерейін асырады».
Қазақ мақал-мәтелі: «Кешіре білу – күштілік»; «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш».
*****
Хадисте: «Адамдарды жыққан күшті емес, өз нәпсісін жеңген күшті».
Қазақ мақал-мәтелі: «Өз нәпсісін жеңген – батыр».
*****
Нақыл сөз: «Кім өзін, нәпсісін таныса, Раббысын таниды».
Қазақ мақалдары: «Өзін-өзі таныған Құдайын таниды».
*****
Нақыл сөз: «Өз шамасын білген ерге Алланың рахымы жаусын». Омар ибн Абдулазиздің сөзі. Қазақ мақалдары: «Өзін өзі білген ер бақытты, өзін өзі билеген ел бақытты»; «Көтере алмайтын қылышты беліңе байлама»; «Әлін білмеген әлек»; «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл».
*****
Хадисте: «Ақиқатында, Алла менің үмбетімнен қателесіп, ұмытып, не мәжбүрлікпен жасаған қателіктерін кешіреді». Қазақ мақалдары: «Жаңылысқанға жаза жоқ»; «Адасқанның айыбы жоқ қайтып үйірін тапқан соң»; «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ».
*****
Хадисте: «Қауымның мырзасы – қызметшісі». Қазақ мақалдары: «Ер азамат белгісі: түзде мырза, үйде құл».
*****
Хадисте: «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін». Қазақ мақалдары: «Қонақтың асын Тәңірі өтейді»; «Қонақ келсе есікке, жүгіріп шық кешікпе».
*****
Хадисте: «Қонақ ету үш күн, одан асқаны үй иесінің садақасы».
Қазақ мақал-мәтелі: «Қонақ үш күнге дейін құт».
*****
Хадисте: «Алла кімді тура жолға салса, оны ешкім адастыра алмайды, кімді адастырса, оны ешкім тура жолға салмайды». Қазақ мәтелі: «Алла адастырғанды адам тура жолға сала алмас».
*****
Хадисте: «Егер Аллаға нық тәуекел етсеңдер, онда Ол сендерге таңертең қарындары қабысып шығып, кешке қампайып қайтатын құстарды ризықтандырғанындай ризық берер еді». Қазақ мақалдары: «Тәуекелді тау жығар»; «Құдайға шын сенген құстай ұшар»; «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі – жел қайық, мінесің де өтесің»; «Ер жолдасы – тәуекел»; «Алла деген ар болмас, Алла деген пенделер, еш нәрсеге зар болмас»; «Алла деп барсаң, аман келерсің».
*****
Хадисте: «Адамдарды тамақтандырыңдар, сәлемді таратыңдар және түнде жұрт ұйықтап жатқанда тәһәжүд намазын оқыңдар, сонда жұмаққа аман-есен кіресіңдер». Қазақ мақалы: «Аллаға жағам десең азанды бол, адамға жағам десең қазанды бол».
*****
Хадисте: «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес». Қазақ мақалы: «Көрші ақысы – Тәңір ақысы».
*****
Хадисте: «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген. Қазақ мәтелі: «Ақыретте алдымен көршіден сұраласың».
*****
Хадисте: «Мүмін адам бір іннен екі рет шақтырмайды». Қазақ мақалдары: «Ақылды бір жерде ер екі рет сүрінбес»; «Ақылды бір рет мүдіреді, ақылсыз мың рет сүрінеді».
*****
Хадисте: «Шын мәніндегі сабыр алғашқы соққыда көрінеді». Қазақ мақалы: «Ер сасқанда белгілі, ат шапқанда белгілі».
*****
Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге». Қазақ мақалы: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар».
*****
Хадисте: «Берермен қол аларман қолдан қайырлы. Өйткені берермен қол – садақа беруші, ал аларман қол – сұраушы». Қазақ мақалдары: «Қолы ашықтың жолы ашық»; «Береген қол алаған қолдан қайырлы».
«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы:
09.02.2015, 08.02.2015, 07.02.2015 06.02.2015, 05.02.2015, 04.01.2015, 03.02.2015, 02.01.2015, 01.02.2015, 31.01.2015, 30.01.2015, 29.01.2015, 28.01.2015, 27.01.2015, 26.01.2015, 23.01.2015, 22.01.2015, 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015 30.01.2015).