Дін мен дәстүр: Қазақтың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы келмейді

Дін мен дәстүр:  Қазақтың салт-дәстүрі шариғатқа қайшы келмейді

Соңғы кезде елімізде дәстүр мен дінді бөліп қарайтын жастар тым көбейіп барады. Дәстүрді исламнан бөліп қарауды кейбір ағымдар әдейі теріс пиғылмен насихаттап отырса, ал енді бір жастар білместікпен солардың сөзіне сеніп, ата-баба дәстүріне қарсы шығуда. Осы ретте дін мен дәстүр сабақтастығын, салт-сана мен діни танымның бір арнада тоғысатындығын дәлел-дәйектер арқылы дәлелдеудің орайы туды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажаұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» атты кітап жарыққа шықты. Бұл құнды дүние сан ғасырлардан бері қалыптасқан дәстүрлі діни танымымызды түрлі ағымдардың теріс насихатынан, жаңсақ жорамалдарынан қорғауға арналған. Қалай десек те, қазір біз ортамызға от ала келген ағымдар мен дәстүрге қарсы шығушыларға сол дәстүрлі мұсылманшылығымыз арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Дінімізге, дәстүрімізге берік бола алсақ қана елдігімізді сақтап, дербестігімізге ие болып қала аламыз. Сондықтан біз бүгіннен бастап, оқырмандарымызға діни басқарманың «Дін мен дәстүр» кітабынан үзінділер беріп отыруды жөн санадық. Мұқият оқып, ой қосып, пікір білдіріңіздер, ойлы оқырман!

Бірақ шариғат құптамайтын ырымдар да жоқ емес

Халық арасында қалыптасқан, тамыры тереңде жатқан салт-дәстүрлермен бірге шариғат құптамайтын ырымдар, қалыптасып қалған әдеттер де бар. Мысалы, болашақты болжау, балгерлікпен айналысу, құмалақ ашу, өлілерге табынып, олардан қажетін сұрау, әр нәрсені киелі тұтып сиыну, табыну үрдістері мұсылманшылыққа жат қылықтар.
Кейбір этнограф ғалымдарымыз, салт-дәстүр зерттеушілері өз еңбектерінде Ислам дініне дейінгі нанымдар мен сенімдерді зерттеп, ондағы надандық дәстүрлерді, есте жоқ ерте замандағы мифологияны, көпқұдайшылдықты қайта жаңғыртуға шақырады. Мысалы, кейбіреулер наурыз мейрамын отқа табынушылардың мейрамы деп санап, сол үшін оны тойлағанда отқа сиынып, оның үстінен секіріп ойнау қажет деген жөнсіз пікірлерін көңірсітіп, халықты надандық әдеттерге үндейді. Сондай-ақ, қазақ халқы мұсылмандықтан гөрі шамандыққа жақын болған деп қатардағы оқырманның ойын сан-саққа жүгіртеді, ана сүтімен дарыған мұсылмандық сеніміне селкеу түсіріп, әрі-сәрі күйде қалдырады. Ғаламның пайда болуы туралы жаңсақ мифологиялық пайымдарды қайта тірілтуге тырысады. Көпшілігі мұны білместікпен істейді, жазылған дүниенің қаншалықты әсерлі болатындығына, оқырманның танымына қаншалықты әсер ететіндігіне, қазақы мұсылманшылыққа қаншалықты зарары, салдары тиетіндігіне мән бермейді. Тым болмаса, қазіргі кезде қалыптасқан ислами таныммен ара-жігін ажыратып жатпайды. Себебі, олардың басым көпшілігінде шынайы мұсылмандық ұстаным қалыптаспаған. Сондықтан да сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ надандық ұғымдар мен ғұрыптарды қайта жаңғыртуға құмар. Ендеше замана көшінен қалып, жарамсыз болып ұмытылған дүниелерді жіпке тізе бермей, дұрыс пен бұрыстың ара-жігін ажыратып, халықтық мәдениет пен танымның біртұтастығын сақтау жолында жұмыс жасау қажет.
Қазақ салт-дәстүрлерінің дені шариғатқа қайшы келмейді. Бірақ қазіргі қоғамымызда мұсылманшылыққа жат кейбір әдетке айналған күнәлі істер кездеседі. Солардың бірнешеуіне тоқталайық.
Адасқандардың жолына ілесу
Қазіргі қазақ қоғамында кездесетін келеңсіз көріністердің бірі жат елдің тұрмыстық салттарын, мәдени құндылықтарын талғамсыз ала беру. Діні мен танымы мүлде басқа мұсылман емес халықтардың қаңсық болған дағды-ғұрыптарын, теріс қылықтарын таңсық көріп, салт-санаға енгізудің зардабы зор. Бұл бізді ұлттық болмысымыздан, мұсылмандық мінез-құлқымыздан ажырататын, құрдым апаратын жол. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне осы жайында қатты ескерткен еді.
Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Сендер өздеріңнен бұрынғылардың жолдарымен қарыстап, шынтақтап еретін боласыңдар. Тіпті, олар кесірткенің ініне кіріп кетсе, сендер де оған кіретін боласыңдар», – дейді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Олар яһудилер мен христиандар ма?» – деп сұрайды. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с.): «Басқа кім болсын?» – деп жауап береді.
Харамға қол салу
Қоғамда кездесетін кейбір кең тараған әдеттер мұсылманшылыққа мүлде керағар келеді. Оларға ең алдымен арақ, сыра, есірткі сияқты харам нәрселерді тұтынуды, зинақорлық сияқты қатаң тыйым салынған күнәлі істерді үйреншікті әдетке айналдыруды жатқызуға болады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Харам істерден сақтан, сонда адамдардың ішіндегі ең ғибадатшыл тақуасы боласың», – деген.
Өтірік айту
Адамдар арасында кең тараған жаман қылықтардың бірі жалған сөйлеу, жалған ант ішу. Бұл мұсылманшылыққа жат қылық. Шындық пен өтірік, иман мен күпірлік қатар жүрмейді.
Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Шындықты сөйлеңдер, шыншыл болыңдар! Расында, шындық ізгілікке апарады, ал ізгілік жұмаққа апарады. Бір адам шыншыл болып, тек шындық айтуды әдеттенеді де, ақырында Алланың алдында шыншыл болып жазылады. Ал өтіріктен сақ болыңдар! Расында, өтірік бұзықтыққа апарады. Бұзықтық болса, тозаққа апарады. Бір адам өтірік сөйлеп, өтірікке әдеттенеді де, ақырында Алланың алдында өтірікші болып жазылады».
Жемқорлық, парақорлық
Бүгінде жемқорлық қоғамдық дертке айналды. Бұл келеңсіздіктің бірден-бір емі – имандылық. Ислам діні жемқорлықтың кез келген түріне қатаң тыйым салған.
Әбу Дәуіттен жеткен риуаятта Алланың Елшісінің (с.а.с.) пара беруші мен пара алушыға лағынет айтқан.
Парақорлық адамдар арасында ескіден келе жатқан мерез. Мысалы, ақын Шортанбай Қанайұлы (1808-1881) да өз заманындағы би-болыстарды жемқорлықтан сақтандырған екен. Оның өлең жолдарымен жеткізген мына насихаты әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
Билер, пара жемеңдер,
Жанға бейнет кезбеңдер.
Кісі хақын алмаңдар,
Аузыңа пара салмаңдар.
Дүние жинап өткен жоқ,
Бізден бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын, үлкендер,
Құдайдан ғапіл өтпеңдер.
Әлің келсе, Мекке бар,
Артық дәулет біткендер!
Ысырапшылдық
Халық арасында кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі – ысырапшылдық. Оны, тіпті, ұлттық әдетке айналып бара жатыр десек де болады. Той-томалақ, іс-шара өткізгенде бай, кедей екендігіне қарамастан, барынша шашылу, ас та төк ысырапшылдыққа жол беру басымдық алып барады. Дәулетті болса, бірнеше миллиондарды сарп ету, ал кедей болса, несие алып, ұлан-асыр той өткізуге тыраштану жазылмаған заңдылыққа айналғандай. Мұндай төгілудің артында адамдардың қаңқу сөздерінен қорқу, пәленшеден кем болмауым керек деген сияқты жалған намыс жатыр. Демек, барлығы рияшылдық, мақтанышқа негізделген іс-әрекеттер. Ал рияның өзі күнә, өзгелер көрсін, мақтасын деген ниетпен жасалған істер жақсылыққа жатпайды.
Ысырапшылдықтың басқа да түрлері бар. Мысалы, кейбір адамдар Жаратушының өздеріне берген ризық-несібелеріне шүкіршілік ету былай тұрсын, оларды қалай болса солай пайдаланып, арам жолдарға сарп етеді. Мал-мүлікті, ақшаны жаман жолдарға, Алла Тағала тыйым салған құмар ойындарға, арам істерге, араққа, темекіге жұмсап ысырап қылады. Өлгендері үшін де шектен тыс мал шашып ас беріп, керемет мазарлар тұрғызып әуреленеді. Кейбіреулер өз басында үй, көлік болса да, дүниеге көзі тоймай, ішінде адам тұрмайтын зәулім сарайлар, мінілмейтін су жаңа көліктер сатып алып та ысырап қылады. Бұл тұрғыда хакім Абайдың халқына айтқан өсиеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Пенденің түбіне жететін теріс сипаттардың қатарында ысырапшылдықты да қосқан ақын былай дейді:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз!
Негізінде, «ысырап» сөзі араб тіліндегі إسراف исраф деген сөзден шыққан. Бұл сөз шектен шығу, малын пайдалануда, сөз сөйлегенде шектен асып, ысырап ету деген мағынаны білдіреді. Ал шариғат ғалымдарының түсіндіруінше, ысырап ету мал-мүлікті, ақшаны пайдалануда кездесетін теріс қылық. Осыған орай ысырап екіге бөлінеді:
Мал-мүлікті, ақшаны арам нәрсеге жұмсаумен ысырап ету.
Мал-мүлік, ақшаны адал нәрсеге мөлшерден тыс жұмсаумен ысырап ету.
Алла Тағала Құран Кәрімде ысырап етуге қатаң тыйым салған. Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) да бұл теріс қылықтан аулақ болуға шақырған. Бірде Алла Елшісі (с.а.с.) сахабасы Абдулла ибн Амрдың (р.а.) дәрет алып жатып суды мөлшерден тыс көп пайдаланып жатқанын көреді де: «Бұл не деген ысырап?» – дейді. Абдулла ибн Амр (р.а.): «Дәрет суында да ысырап бола ма?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (с.а.с.): «Иә. Тіпті, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаң да», – деп жауап береді. Демек, суы мол дариядан дәрет алып жатсаң да суды ысырап етпеу керек екен. Бұл тек дәрет суында ғана. Ал мал-мүлікті ысырап етудің қателігі одан да зор.
Алла Тағала былай дейді: «..Және де ысырап етпеңдер! Расында, Ол (Алла) ысырап етушілерді жақсы көрмейді».
Тағы бір аятта бекер мал шашушылар албасты шайтандардың достарына жатқызылған.
Алла Тағала былай дейді: «Жақын туыстарыңа, міскіндерге, жолда қалғандарға хақтарын бер. Әрі еш ысырап қылма! Шындығында, ысырапқорлар – шайтандардың ағайындары. Ал шайтан Раббысына анық қарсы келуші».
Демек, ысырапшылдық пендені ең төменгі дәрежелерге түсіріп, малғұн шайтандардың қатарынан бір-ақ шығаратын, ақыры жамандыққа апарып соқтыратын апатты іс екен. Сондықтан әрбір мұсылманның ысыраптан сақтануы керек.
Амр ибн Шуғайыбтың атасынан жеткізген риуаятында Алла Елшісі (с.а.с.): «Ішіңдер, жеңдер және садақа беріңдер һәм ысырап пен тәкаппарлық танытпай киініңдер», – деп ескерткен.

Келесі нөмірде «Аманатқа қиянат», «Әйелдің еркекке ұқсауы», «Әйелдің ашық-шашық киінуі», «Болашақты болжау», «Әділетсіздік» т.б. мұсыманшылыққа жат күнәлі істер туралы сөз қозғалатын болады...

«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды

(Жалғасы бар. Басы: 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015,  12.01.2015).

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста