Дін мен дәстүр: Қазақтың салт-санасы шынайы сеніммен сабақтасып кеткен...
Қазақ халқының мақал-мәтелдерінен, ел аузында жүрген сөз оралымдары мен өлең шумақтарынан имани ұғымдар мен ұстанымдардың жарқын мысалдарын таба аламыз. Мұның өзі Алаш жұртының салт-санасының, ақыл-ойының асыл діннен ажырамағандығын көрсетеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін діни мәтіндерді, нақыл сөздерді мән-мағынасы жағынан олармен бірдей немесе ұқсас ел арасында кең тараған мақал-мәтелдермен, сөз оралымдармен салыстыра ұсынып отырмыз. Ұлттың ұтқыр ойлау жүйесінде ойып тұрып орын алатын осы айтылымдар дәстүрлі қазақ мәдениетінің Ислам дінімен біте қайнасып жатқандығын айғақтайды. Салт-сананың шынайы сеніммен сабақтасып жатқандығын білдіреді.
Хадисте: «Байсалдылық – Алладан, асығу – шайтаннан». Қазақ мақалдары: «Асыққан – шайтанның ісі»; «Асыққан қалар ұятқа, сарғайған жетер мұратқа».
*****
Хадисте: «Жеңіс сабырмен келеді». Қазақ мақалдары: «Сабыр түбі – сары алтын»; «Бейнет түбі – зейнет».
*****
Хадисте: «Соғыс қулықтан тұрады». Қазақ мақал-мәтелдері: «Айлалы батыр алдырмас»; «Ұрыста тұрыс жоқ»; «Найзамен ала алмағанды айламен ал»; «Айла мен ақыл қосылса, алдырмайтын екеу»; «Арыстандай айбатың болсын, түлкідей айлаң болсын».
*****
Хадисте: «Сапар – азаптың бір бөлігі». Қазақ мақалдары: «Жол азабы – көр азабы»; «Жолаушыны жол сынайды»; «Жол асусыз болмайды, той шашусыз болмайды».
*****
Хадисте: «Адамдардың көпшілігі екі нығметтің: денсаулық пен бос уақыттың қадірін білмейді». Қазақ мақал-мәтелдері: «Денсаулық – қадірсіз»; «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің»; «Уақыттың бос өткені – өмірдің бос кеткені»; «Қолда барда алтынның да қадірі жоқ»; «Ауруыңа ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».
*****
Хадисте: «Алла қандай дерт түсірмесін, оның шипасы мен дауасын да түсірген». Қазақ мақал-мәтелдері: «Әр дерттің дауасы бар».
*****
Хадисте: «Дүние – қызықтау, ондағы қызықтардың ең қайырлысы – ізгі әйел». Қазақ мақал-мәтелдері: «Жақсы әйел – зейнет, жаман әйел – бейнет»; «Жақсы әйел теңі жоқ жолдас, түбі жоқ сырлас»; «Жақсы әйел жаман еркекті түзетеді. Жаман әйел жақсы еркекті жүдетеді»; «Жақсы болса әйелің – үйіңдегі ырысың».
*****
Хадисте: «Қажет-мақсаттарыңа жасырын қол жеткізіңдер, өйткені әрбір нығмет иесі қызғанышқа тап болады». Қазақ мақал-мәтелдері: «Жаман досқа сыр ашпа»; «Жақынға өтірік айтпа, жатқа сыр айтпа»; «Бар болса көре алмас, жоқ болса бере алмас».
*****
Хадисте: «Қиямет күні болғанда біреуіңнің қолыңда бір бұтақ болып, оны отырғыза алатындай мұршасы болса, отырғызсын». Риуаятта: «Дүниең үшін мәңгі өмір сүретіндей қарекет ет, ақыретің үшін ертең өлетіндей амал ет». Қазақ мақал-мәтелдері: «Түстік өмірің болса, кештік мал жина»; «Дүние – ақыреттің егіні»; «Ертеңін ойламаған ер емес»; «Жағың талғанша жақсылық жаса».
*****
Хадисте: «Қандай да бір мұсылман көшет отырғызып, не егін егіп, одан құс, адам, жануар жесе, ол үшін садақа болады». Қазақ мақал-мәтелдері: «Артыңда мал қалғанша тал қалсын»; «Бір тал кессең, он тал ек».
*****
Хадисте: «Сендердің біреулерің жасырын ізгі амал жасауға шамасы жетсе, жасасын». Қазақ мақал-мәтелі: «Жақсылық қылсаң жасыр, жақсылық көрсең асыр»; «Жақсылығыңды санама, сауабы кетеді».
*****
Хадисте: «Ақиқатында, Алла біреулерің бір іс істесе, оны мүлтіксіз жасағанын жақсы көреді». Қазақ мақал-мәтелі: «Қайыр қылсаң, бүтін қыл».
*****
Хадисте: «Адамдардың ең қайырлылары – адамдарға көбірек пайда әкелгендері». Қазақ мақал-мәтелі: «Ер жігіттің белгісі – еліне тиген пайдасы»; «Би жігітке жарасар – халқына тиген пайдасы».
*****
Хадисте: «Төрт нәрсе бақыттылықтың белгісі: жақсы әйел, кең үй, жақсы көрші, жайлы көлік. Төрт нәрсе кесірліктің белгісі: жаман әйел, нашар көрші, нашар көлік, тар баспана». Қазақ мақал-мәтелдері: «Атың жақсы болса – пырағың, алғаның жақсы болса – шырағың»; «Атың жаман болса, арманың кетеді, алғаның жаман болса, мейманың кетеді»; «Жақсы көрші жақыныңнан артық»; «Үйі жаманның күйі жаман»; «Үйі жоқтың күйі жоқ».
*****
Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Ақиқатында, арақ, құмар ойындары, пұттар және (бал ашуға тігілетін) жебелер – шайтанның лас ісі. Одан аулақ болыңдар, бәлкім, мұратқа жетерсіңдер! Шайтан сендердің араларыңа арақ пен құмар ойындары арқылы дұшпандық пен жеккөрушілік салуды және Алланың зікірінен, намаздан тоқтатқысы келеді. Енді сендер доғарасыңдар ма? Аллаға бойсұныңдар, Елшіге бойсұныңдар һәм сақ болыңдар! Ал егер теріс бұрылсаңдар, онда Елшімізге жүктелгені анық жеткізу ғана екендігін біліңдер». Хадисте: «Арақ ішпе! Асылында, ол – барлық жамандықтың кілті». Қазақ мақал-мәтелдері: «Арақ – барлық бәленің басы»; «Арақ атаңнан қалған ас емес»; «Арақ ақылдан айырады, азапқа сай қылады»; «Апаттан өлсең амал жоқ, арақтан өлсең обал жоқ»; «Арақтың құмырасы – албастының құжырасы»; «Арлы адам адамдыққа құмар, арсыз адам араққа құмар».
*****
Құран Кәрімде: «Алла бір адамның кеудесінде екі жүрек жаратпады».
Қазақ мақал-мәтелдері: «Бір адамда екі жүрек болмас, бір көңілге екі тілек сыймас».
*****
Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Келісімдеріңде (уағдаларыңда) тұрыңдар!». Қазақ мақал-мәтелі: «Мақал – сөздің атасы, уәде – ердің опасы»; «Уәде – Алланың сөзі»; «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені»; «Аманат, аманатқа қылма қиянат».
*****
Хадисте: «Көп күлме, көп күлу жүректі өлтіреді». Қазақ мақал-мәтелі: «Көп күлген бір жылар»; «Адам көңілден азады, тілден жазады».
*****
Хадисте: «Өздеріңнен төменге қараңдар, жоғарыларға қарамаңдар. Солай еткендерің өздеріңдегі Алланың нығметін кемсінуден сақтайды».
Қазақ мақал-мәтелі: «Алғыға қарап пікір ет, артқыға қарап шүкір ет».
*****
Нақыл сөз: «Әрекетте берекет бар». Қазақ мақал-мәтелі: «Әрекет түбі берекет»; «Жүргенге жөргем ілінер»; «Кәсібі бардың нәсібі бар»; «Қайраттансаң, қайыр бар»; «Қолы қимылдағанның аузы қимылдар».
«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы:
10.02.2015, 09.02.2015, 08.02.2015, 07.02.2015 06.02.2015, 05.02.2015, 04.01.2015, 03.02.2015, 02.01.2015, 01.02.2015, 31.01.2015, 30.01.2015, 29.01.2015, 28.01.2015, 27.01.2015, 26.01.2015, 23.01.2015, 22.01.2015, 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015 30.01.2015).