Дін мен дәстүр: Үлкенге құрмет көрсетсең, жасың ұлғайғанда қадірің артады
Үлкенге құрмет, кішіге ізет
Дәстүрлі қазақ қоғамында жасы үлкен адамдар-ды құрметтеу рәсімі ежелден бар болатын. Ондай құрмет жасы үлкен кісінің қай рудан, қай жүзден, қай ұлттан екендігіне қарамай көрсетілетін. XIX ғасырдың аяқ кезінде неміс ғалымдарының бірі Ф.Фон Шварц былай деп жазған болатын: «Қырғыз-қайсақтарда сұлтан, батырлармен қатар барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі де кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленеді». Олар барлық мерекелерде, жиын-тойларда құрметті орындарға, төрге шығарылады. Жиналыстарда олар елеулі рөл атқарады. Жастар олардың айтқан сөздерін жерге тастамай, мүлтіксіз орындайды. Жас жігіт үшін үлкен табақтан ақсақалдың өз қолынан ет асау ең жоғары марапаттың белгісі саналады. Кіші іні үлкен ағаның рұқсатынсыз дастарқан басына өз бетінше ешқашан отырмайды.
Жас адамның үлкен кісінің алдын көлденең кесіп өтуі көргенсіздік деп есептелінетін. Бұл ереже әйел адамның ер азаматтың алдын кесіп өтпеуіне де қатысты болатын. Жасы кішілердің жасы үлкендерге дауыс көтеруі сорақы әдепсіздік саналып, оған үзілді-кесілді тыйым салынған. Әңгіме үстінде жасы үлкен кісінің сөзін бөлуге ешқашан рұқсат етілмеген.
Жастар алыс жолға аттанарда не үй болып, шаңырақ көтерерде жасы үлкен ақсақалдардың алдынан өтіп, ақ батасын алатын. Қазақтар жасы үлкен әрі құрметті адамдардан мұндай батаны жауға аттанарда да сұрайтын.
Әйгілі Қашаған ақын былай деген:
Жетпістен жасы асқанда,
Сексенге аяқ басқанда,
Жастар елеп келмесе,
Келіп сәлем бермесе,
Күнде асыл кисе де,
Қартайғанда ер жетім.
Яғни жақсы сөз жанды жылытады, аяғы ауырып, жүрістен қалған шақта, қатары азайып көңілі жүдеген кезде қарттарға бұрылып сәлем беру, ол кісілер үшін үлкен құрмет. Олар бір жасап қалады, рахмет айтып, батасын береді.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Кіші үлкенге сәлем беру керек», – деген.
Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне айтқан өсиеттерінде үлкендерді сыйлап, жастарға мейірімді болуды тапсырған.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Кішілерімізге мейірімді болмаған, үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден емес», – дейді.
Адамдардың қарттарын қадірлеуі уахимен бекітілген.
Пайғамбар (с.а.с.): «Жебірейіл періште маған үлкендерді алға шығар деп бұйырды», – деген.
Түркі халықтарының ортақ тұлғасы Махмұд әл-Қашғари: «Жасы үлкенді қадірлесе құт болар», – деген екен. Отырыстарда үлкендерге төрден орын беру, ақсақалдардан бата сұрау қазақ халқының сүйегіне сіңген әдеті. Ал бұл әдеттің негізі хадисте жатыр.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Отырыста үш адамға орын беріп ығысуға болады: білімі үшін білімдіге, жасы үшін үлкен кісіге және билігі үшін басшыға», – деген.
«Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер» деп халқымыз қалт айтпаған. Төмендегі хадисте де жасамысқа жақсылық жасаған жастың қартайғанда қарымтасыз қалмайтындығы нақтыланған.
Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қандай да бір жас жігіт үлкен кісіге жасы үшін құрмет көрсетсе, Алла оған жасы ұлғайғанда құрмет көрсететін адамды жолықтырады», – деген.
Әбу Мұса әл-Ашғариден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Шашы ағарған мұсылманның құрметтелуі Алланың ұлықтығының бір белгісі», – деген.
Пайғамбар (с.а.с.) адамдарға сусын не тамақ таратқанда жасамыстардан бастауды бұйырып: «Үлкендерден бастаңдар», – деген.
Үлкен кісі бар үйде береке бар. Ғұмырлық тәжірибесімен басқаларға ғибратты сөзін, ақыл-кеңесін аямайтын, ұрпағын имандылыққа баулитын аталар мен әжелер бар жерде құт-береке де бар. Хадис шәрифте де солай айтылған.
Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге», − деген.
Нағашы-жиен
Халқымызда нағашы мен жиеннің қарым-қатынасы ерекше. «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, баланың жақсы болмағы нағашыдан» деп осы бір туыстық қатынасқа айрықша мән беріп, әрбір балаға анасының туыстарына құрмет көрсетуді үйреткен.
Нағашы-жиендік жақсы қарым-қатынас Ислам дінінде де құпталған игілікті іс. Жәбір ибн Абдулладан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) сахабасы Сағыдты (р.а.) көргенде: «Мынау – менің нағашым. Қанеки, кім маған осындай нағашысын көрсетеді?» – дейді екен. Өйткені Сағыд (р.а.) Пайғамбардың (с.а.с.) анасы Әмина бинт Уаһб шыққан Құрайыш тайпасының Бәни Зуһра аталығынан болатын. Пайғамбар (с.а.с.) Сағыдты (р.а.) ержүректігі мен жақсы мінез-құлқы үшін мақтайтын. Әрі оның атқан жебесі ешқашан мүлт кетпейтін. Сондай-ақ, Бәни Зуһра руының әйелдері де: «Біз Пайғамбардың (с.а.с.) нағашы жұртымыз», – деп мақтаныш ететін. Нағашы жұртқа деген құрмет арабтардың арасында қазірде де сақталған. Анасы жағынан жақын туыстарына қатысты нақ қазақтардағыдай мақал-мәтелдері бар.
«Баланың жақсы болуы нағашысының жақсы болмағынан»
«Бала нағашысына тартады»
«Нағашы ата әкемен тең».
Пайғамбар (с.а.с.) өзі де қызы Фатимадан туған Хасан мен Хүсейнге нағашы ата болды. Негізгі әулеті де осы екі жиен немерелерінен тарайды.
«Дін мен дәстүр»
кітабынан алынды
(Жалғасы бар. Басы: 04.01.2015, 03.02.2015, 02.01.2015, 01.02.2015, 31.01.2015, 30.01.2015, 29.01.2015, 28.01.2015, 27.01.2015, 26.01.2015, 23.01.2015, 22.01.2015, 21.01.2015, 20.01.2015, 19.01.2015, 18.01.2015, 17.01.2015, 16.01.2015, 15.01.2015, 14.01.2015, 13.01.2015, 12.01.2015 30.01.2015).