Діни әдебиеттерді кез келген жерде сатуға тыйым салынды
Елімізде тыйым салынған діни әдебиеттер тізімі жасалды. Биылдың өзінде олардың саны 600-ден асқан. Осыған орай, Алматыда осы мазмұндағы кітаптар енді арнайы дүкендерде ғана сатылатын болды.
Адамның санасын улайтын оқулықтар осы уақытқа дейін емін-еркін саудаланып келді. Енді жат ағымды дәріптейтін кітаптардың қара тізімі, еліміздің дін істері агенттігінің ресми сайтында жарияланды. Бұдан былай діни кітаптарды арнайы орындардан ғана алуға болады.
Алматыда имандылыққа баулитын оқулықтарды сататын 30 дүкен бекітілді. Мұндай дүңгіршектер мешіт ауласында орналасқан. Ескерте кететіні, бұдан басқа жерде діни кітаптарды саудалағандар, әкімшілік жауапқа тартылады. Тіпті, оларға қолданылатын жаза да қатаң.
«2015 жылдан бастап, бас прокуратура сайтында мәлімдеме жасалды. 600-ден астам әдебиетке тыйым салынды. Ол жақта ақпараттық материалдар, YouTube желісіндегі видеолар, әлеуметтік желілерге салынған мәліметтер теріс қорытынды алған. Осыған байланысты, 600-ден астам аудио, видео материалға тыйым салынған болатын», - дейді Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмұхаммед Мейманқожа.
Айта кетейік, соңғы үш жылда дін істері агенттігі 25 мың кітаптың мазмұнын тексеріп шыққан. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені, жыл басынан бері жарыққа шыққан 600-ден астам әдебиет жамағатты адастыруға бағытталған. Оның ішінде, уахабтардың ұстанымын насихаттайтын, Ахмадия мен Махдия кітаптары да бар.
«Ал енді мешіттің сыртындағы саудаға келер болсақ, оларды біз қадағаламаймыз. Өкінішке орай, ол мешіт сырты болғандықтан олардың саудасына араласа алмаймыз. Бұл жөнінде құзырлы органдардың хабары бар. Біз оларға хат жазып, сырттағы сауданы бақылауда ұстауға өтініш білдірдік. Қазір олар жұмыстар жүргізіп жатыр», - дейді Орталық мешіт қызметкері Әсет Сәметұлы.
Бүгінде дін істері агенттігінде діни оқулықтарды сараптамадан өткізетін 225-ке жуық бөлім бар. Олардың сүзгісінен өткен кітаптар ғана сатуға шығарылады. Бұдан бөлек, өткен жылы лаңкестік, экстремистік мазмұндағы 70-ке жуық ақпараттық веб сайттың жұмысына заңмен тыйым салынған. Алайда, оның тең жартысы ресми түрде жабылған.
Islam.kz