Діни әдебиеттерді қашан бақылауға аламыз?
Еліміз Ата заңына сәйкес зайырлы мемлекет деп саналады. Яғни, дін еркіндігіне кепілдік берілген. Кімнің қандай дінге кірсе де, шықса да өз еркі өзінде. Әрине, қай дінге мойынұсынып таңдау жасау әркімнің өз шаруасы екені даусыз. Дегенмен, осы еркіндікті жөн-жосықсыз пайдаланып, дін мәселесін өз пайдасына асырып жатқандарды көбейтпесіне кім кепілдік бермек? Жүгенсіз кеткен жылқыдай болған толғақты мәселе бұлай жалғаса берсе, сұқ саусағымызды шайнатып, санымызды бір соқтырып жүрмей ме? Әсіресе, адамзат баласын идеологиялық жолмен діни әдебиеттер арқылы улайтындар үшін еліміздегі діни азаттық таптырмас олжа сияқты көрінеді де тұрады. Бүгін біз осы сан-салалы түйткілді жайдың шаужайынан ұстап, сын таразысына салғанды жөн көрдік...
Дәстүрлі емес діни ағымдардың таралуына зор ықпал ететін мұндай әдебиеттерге қазақ елі де баяғыда-ақ тыйым салған. Тіпті, жүздеген кітап дүкендері мен кітапханалар арнайы тексерістен өтіп сараптамалар қорытындысы бойынша тыйым салынған кітаптар тәркіленіп, кінілілер жазасын да алған.
Дегенмен, аңқау елге арамза молдалық етушілердің қарасы азаймай тұр. Діни кітаптарды көшелер мен үйлерге, тіпті мешіт ішінде ашықтан-ашық таратушылар да жетіп артылады. Әсіресе, ислами бағыттағы діни әдебиеттердің таралу деңгейінің көптігін еліміздің дін істері комитеті де мойындады.
Соңғы үш жыл ішінде дін істері агенттігі (қазіргі комитет) 25 мың кітапқа тексеріс жүргізіп шығыпты. Нәтижесі жаға ұстатарлық. Елімізде бұрыннан бері еркін саудада жүрген 300-ден астам кітаптар тыйым салынған діни кітаптардың қатарына енген.
Бұл әдебиеттердің діни ахуалға кері әсерін тигізгендіктен олардың еліміздің аумағында сатылуына және таралуына мүлдем тыйым салынды. Атап айтқанда, сараптамалық қорытынды бойынша кітаптардың негізінен «Таблиги Жамагат» «Хизб-ут Тахрир», Иегова куәгерлері» сияқты исламдық радикалды ағымдардың сойылын соғып, мүдделері үшін қызмет етіп келгені белгілі болды, - дейді дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Комитет төрағасының сөзіне сенсек заңға қайшы келмейтін діни кітаптар тек еліміздегі тіркелген діни ұйымдар мен мекемелерде ғана болуы тиіс. Мұндай діни ұйымдардың саны қазір 225-ке жеткен. Мұнда сараптамадан өткізіліп, мамандардың оң шешімін алған кітаптар сатылымға түсіп еліміздің аумағында таралуына мүмкіншілік берілген.
Алайда, еліміздің қай аумағы болмасын балаларының теріс діни ағымдарды уағыздайтын кітаптардың кесірінен бөтен дінге кіріп кеткенін көріп жүрміз. Тіпті, жаңағы тіркелген 225 ұйымдарда ғана емес, үй-үйді аралап, еркін түрде үгіттеу жұмыстарын белсенді атқарып жүргендерді де ара-тұра көзіміз шалып қалады. Әрине, өзінің заңсыз әрекет жүргізіп жүргенін білетіндер, Санасы уланып, психологиялық ауытқушылыққа ұшыраған мұндай жандардың қайтіп келуі де неғайбыл болып жатады. Өйткені, ата-анасы мен туған-туыстарына да қарсы шығып, сол дінді уағыздаушылардың айтқанын екі етпей орындайтын болады.
Ислам қағидаттарын жоққа шығарып алауыздық пен көргенсіздікке итермелейтін діни әдебиеттерді тарату ісі қазір қызып тұр. Адамның іші-бауырына кіріп өзіне тарту шарасы аса күшті болғанымен, діни әдебиеттермен күресу шараларында заңның солқылдақтығы да байқалатындай. Бұған осы тақырыпты зерттеу барысында көз жеткізгендей болдық.
Ақмола облыстық дін істері басқармасының маманы Еркін Көшкенов діни әдебиеттердің таралуына тосқауыл қоюға қауқардың аздығын айтып қынжылыс білдірді.
Маманның пікіріне сүйенсек дін істері басқармаларының өзі ашық сатылып жатқан кітаптарды көрсе де оны жаптыруға құқығы жүрмейтін көрінеді. Өз бетімен заңсыз таралып жатқан діни әдебиеттерді өз көзімен көрген күннің өзінде оған бірден тыйым сала алмайды. Тек прокурормен бірге тексеріп, алынған кітапты Астанадағы дін істері комитетінің сараптамасына жіберіп оның қорытындысы шыққанға дейін әрекет жүргізілмейді. Ал бұл процесс кейде бір ай кейде одан да көп уақытқа дейін созылып кетеді. Яғни, діни кітаптардың тауып алған күннің өзінде бірқатар кедергілердің бары айқын.
Дін істері басқармасы Ақмола облысында да осы жылдың өзінде бірнеше діни әдебиеттерді заңсыз тарату туралы фактілер тіркелгенін растады. Олар бойынша қылмыстық және әкімшілік істер де қаралыпты.
Бәлкім өсер ұрпақтың тамырына балта шаппас үшін осы бір мәселені өзгеше заңдық принцептерге негіздеп жасау қажет шығар. Олай етпесе ертең кеш болып қалуы да ықтимал емес пе?
Талдаутағы толғақты тақырыпты одан әрі зерттей келе Ақмола өңірін де айналып өтпегенін байқадық. Тіпті, сотта да бұл мәселенің жиі қаралғаны статистикасының шытынап тұрғаны мәселенің ушығып тұрғанын көрсетіп берді. Ақмола облыстық сотының соңғы тоғыз айдағы есебіне сәйкес тек заңсыз діни әдебиеттің таралуына байланысты 11 әкімшілік іс қаралған болып шықты.
Мәселен, Есіл аудандық ауруханасына «Иегов куәгерлерімен» бірге барған Ч. есімді азамат дәрігерлерге науқасқа қан құйдыруға болмайтыны туралы лекция оқыған. Тіпті, дәрігерлерге інжіл кітаптарын таратып, құдайға қарсылық келтіргенін беттеріне басқан. Тек проркурорлық тергеуден кейін ғана бұлардың заңсыз істері аян болып, әкімшілік кодекстің 375 бабына сәйкес 200 айлық есептік көрсеткіш яғни 370 400 теңге әкімшілік айыппұл өндіріліпті.
Әрине, соттың қарауына дейін жетіп, жылдар бойы талдауға түсіру еліміздегі діни әдебиеттердің заңсыз таралуының өршіп тұрғанын айғақтайды. Сондықтан мәселенің түйінін тарқату үшін бәлкім діни әдебиеттердің таралуымен күрестің жүйесін басқаша етіп өзгерту қажет шығар. Яғни, діни әдебиеттердің таралуын дер кезінде анықтайтын арнайы мамандар болып, олар тезірек әрі батыл қадам жасай алатын болса... Міне сонда ғана дініміз аман, Отанымыз тыныш болар ма еді.
Өйткені, мұның артында діни экстремизм мен жер-жаһанды дүрліктірген ылаңкестікке үндеу жатпасына кім кепілдік береді? Діни әдебиеттердің жолын кесу ұлтымыздың қауіпсіздігіне де зор ықпал ете алмақ. Сондықтан, жоғары жақтағылар осы мәселені де ой елегінен тастамай, шара қолданса құба-құп болар ма деген ой бар...