Дұрыс дұға жасау әдебі
Барлық мақтау мен мадақ бір Аллаға тән, Оның пайғамбары Мұхаммедке ﴾с.а.у.﴿ Алланың есепсіз сәлемі мен салауаты болсын! Қайсы бір елдің, халықтың ежелден қалыптасқан салт-дәстүрлері болады. Ал сол рухани құндылықтар әрқашан бір негізден нәр алады. Әрине ол – Алланың пенделеріне жібереген діні.
Қазақ халқы өзінің сан ғасырлардан келе жатқан мызғымас дәстүрлерін ата дініміз Исламмен ұштастырады. Осы орайда ата-бабаларымыз дұға, бата, тілек сияқты қасиетті сөздердің шынай ұғымын түсіне білгендіктен, «Бата – сөздің анасы», «Атаңнан бота қалмасын, бата қалсын», «Ботаның құны – бірақ жұт, Бата балаға мәңгі құт», «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген аталы сөздер қалдыруында Алладан өзіне, еліне қала берсе ұрпағына жақсылық тілеудің қаншалықты маңызды екенін ұғынған. Шындығында дұға, бата және тілек деген үш түрлі сөз болса да, түпкі мақсаты, мағынасы бір пендені өзінің Жаратушы Раббысына жақындастырып, байланыстыратын және Аллаға аса мұқтаждығы мен Оның алдында өзінің дәрменсіздігін танытып шынайы жалбарынып қажетін тілейтін құлшылықтың бірегей түрі болып есептеледі. Бұл жалғанда адамзат баласы әркез екі қолын жайып аспан есіктерін қағып дұға етіп тұруға мұқтаж. Ал дұға мұсылман өмірінен ойып тұрып орын алатын маңызды құлшылық. Қажеттерді өтеушінің жанына жақындаудың бірден-бір жолы. Қаншалықты көп дұға-тілекте болсаң соншалықты Аллаға деген иманың нұрланып, тәуекелің артады.
Құранда Алла Тағала: “Раббыларың: “Маған жалбарыңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді” дейді. “[1] . Ислам ғұламалары бұл аяттағы «құлшылық» сөзінен мақсат «Дұға» деген. Себебі Алла Тағала бірінші дұғаны айтып оны қабыл ететіндігін уәде етті. Сосын дұғаны құлшылық деп атап, оны тәрк қылғанды тәкаппар деп, тозақы болатындығын ескертті. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) : «Алла Тағаланың алдында дұғадан құрметті нәрсе жоқ»[2] десе және бір хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Дұға – мұсылманның қаруы, діннің тірегі және аспан мен жердің нұры» [3] – деген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Ауруларыңды садақамен емдеңдер, бәле-жалаға дұғамен қарсы тұрыңдар және мал–мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар» [4] – деп, дұға етудің қаншалықты маңызды екеніне назар аудартады.
Дұға الدعاء сөзінің тілдік мағынасы: шақыру, сұрау және талап ету дегенді білдірсе, ал терминдік мағынасы: әлсіздің бір нәрсені күштіден сұрауы деген мағынада. Анығырақ айтқанда пенденің құдыретті Алланың тек Ол ғана бар жақсылыққа жеткізіп, жамандық атаулысынан сақтайтындығын мойындап, дүние тіршілігіндегі барлық істерін Оған тапсыра, алдында кішірейіп, жалбарынып сұрауды айтады. Дұғасының қабыл болуын ойлаған әрбір адам сол дұғаның қабыл болуына себепкер болатын кейбір әдептерді сақтағаны жөн. Осы әдептер неғұрлым сақталса , соғұрлым дұғаның қабыл болуына игі ықпалы болады.
Дұға жайлы сөз еткенде екі нәрсеге яғни, дұғаның ішкі және сыртқы әдептеріне жіті көңіл бөлуіміз абзал. Оның біріншісі ішкі әдептері, яғни Дұғаның маңыздылығы, адам баласына берер мол пайдасы мен ғажап сырлары. Бұлар бірнеше, солардың кейбірі: Дұға Аллаға деген құлшылық пен шынайы бойұсынудың көрінісі. Алла Тағала айтады: « ..бет алыстарыңды туралап, діндеріңді Аллаға арнап отырып, Одан тілеңдер.» [5]. Дұға етуші Аллаға шынайы бойұсынушы болып есептеледі. Дұға етуді Алла жақсы көретінін білу. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Алланың фазыл нығметінен сұраңдар себебі Алла сұралғанды жақсы көреді» [6] – деген. Дұға Алланың ғазабынан қорғаушы күш. Алла елшісі (с.а.у) айтады: «Кім Алладан сұрамаса онда ол пендесіне ғазабы келеді» [7]. Дұға әлсіздіктен сақтайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Адамдардың ең әлсізі дұға қылуда әлсіз болғаны және адамдардың ең сараңы сәлем беруде сараң болғаны» [8] – деген. Дұғаның жемісіне жетуге Ұлы Алла тарапынан кепіл берілген. Кім дұғаның шартарын орындаған болса дұғасы қабыл болып, міндетті түрде жемісіне жетеді. Абу Сағидтан Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) айтты: “Аллаһқа дұға қылып жалбарынған әрбір мұсылманның тілегінде күнәлі немесе туысқандық байланысты үзетін нәрсе болмаса, Аллаһ төмендегі үш түрлі сипаттағы жауаптың бірімен оның тілегін қабыл етеді: Ол оның тілегін тез арада қабыл етіп, сұрағанын береді немесе Ол оның тілегінің сауабын қиамет күніне қалдырады, я болмаса оның тілегіне орай тағдырында жазылған жамандықты алып тастайды” . Сонда сахабалар: “Ендеше біз көп дұға қыламыз”-деді. Бұған пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): “Ал, Аллаһ одан да көп береді”[9]– деп жауап қайтарды”. Бұхари, Ахмад, Хаким Абу Сағид аль-Худрийден келтірген.
Дұға мұсылмандар арасындағы бірлік пен жанашырлыққа жетелейді. Себебі, қайсы бір мұсылман екінші бір мұсылман бауырының артынан дұға жасаса, ол қабыл болатын дұғаларға жатады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: “Мұсылман адамның бауырына сыртынан жасаған дұғасы қабыл болады. Оның қасында Аллаһ Тағала жіберген періште бар. Ол өзінің баруырына жақсылық сұраған сайын, әлгі періште: “Әмин, сағанда сол жақсылық нәсіп болсын”- деп сол игілікті дұға жасаушы мұсылманның өзіне де тілейді”[10] . Дұғаның екінші әдебі оның сыртқы әдептері: Дұғаның басында Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтып бастау және солай аяқтау. Пайғамбарымыз мешітте отырғанда бір кісі кіріп келіп намаз оқып болып «Ей, Алла мені кешіріп, мейіріміңе бөле» деп дұға қыла бастады, сонда Алла елшісі «Ей, дұға етуші асығыстық жасадың, егер сен дұға тілеуді қаласаң алдымен Аллаға Ол оған лайықты сөздермен мақтау айтып, маған салауат айт, кейін барып дұғаңды жасай бер» [11] – деді. Тағы бірде «Әрбір дұға аспан мен жердің ортасында қамауда тіпті Пайғамбарға (с.а.у.) салауат айтылмағанша» [12]деген. Күнә мен қателікті мойындап дұға жасау. Осыған байланысты Юнус (а.с.) пайғамбардың «Сенен басқа Құдай жоқ, Сен барлық кемшіліктен пәксің, расында мен зұлымдық жасаушылардан болдым» деген сөздері Ұлы Жаратушының алдында қателікті шынайы мойындап, бойұсына жасалған дұға болғандықтан ең абзал дұғалардан есептелген. Аллаһқа үмітпен және қорқумен бойұсынған және жалынышты күйде, дәрменсіздік пен мұқтаждығымызды таныта отырып, төменшіктікпен дұға қылу. Осыған орай Аллаһ Тағала пайғамбарларды сипаттап, былай дейді: “Шын мәнінде олар ізгі істерге ұмтылатын және Бізге үмітпен әрі қорқып дұға қылатын, сондай-ақ олар Біздің алдымызда бойұсынушылық танытатын”.[13] Дұға жасауда табанды түрде қалаған нәрсесін кесіп сұрау, яғни Аллаһ Тағаланың қалауына қалдырмау. Мысалы: “Кешіргің келсе, кешір. Бергің келсе, бер”-демеу. Себебі бұлай сұраған адам Аллаһ Тағалаға мұқтаж еместей, әрі сенбестей көрінеді. “Айта салайын, бере қалса нем кетеді?”-деп немқұрайлық көрсеткендей болады. Сондықтан дұға қылушы адам бар ықылас-ынтасымен жалынып, табанды түрде, қайта-қайта, әрі мұқтаж жанға тән төменшілікпен, сондай-ақ Аллаһтың бәрін естіп, бәрін көріп, дұғасын қабыл қылып жауап беретініне, құлдарына жақын екеніне, бар нәрсеге құдіретінің жететініне кәміл сеніп, жалбарынғаны қажет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: “Сіздердің ешқайсыларыңыз “Я, Аллаһ, егер қаласаң, мені кешір. Я, Аллаһ, егер қаласаң, мені жарылқа”-демесін. Бірақ, керегін табанды түрде сұрасын, әрі Оған қатты мұқтаж екенін көрсетсін”.[14] Дұға жасағанда екі қолды жоғары көтеріп сұрау. Абу Муса аль-Ашғари :Пайғамбарымыз (ол кісіге Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) жалбарынып тұрып екі қолын жоғары көтергені сондай, мен оның қолтығының ақтығын көрдім”[15] -дейді. Бұхари жеткізген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейтін: “Шын мәнінде, Аллаһ Ұялушы және Жомарт. Егер Оның құлы Оған екі қолын жоғары көтеріп дұға қылса, оларды (екі қолын) құр қайтаруға ұялады”.[16] Жалбарынған кезде құбылаға бет бұру. Зайдтің баласы Абдулла айтты: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) жаңбыр тілеу намазын оқу үшін намаз оқитын кең алаңқайға шығып, киімін ауыстырып, қыбылаға бет бұрып дұға қылды». [17] Дұға жасаған кезде дауысты бәсеңдетіп, жалбарынып, жасырын түрде дұға қылу. Аллаһ Тағала айтады: “Раббыларыңа жалына отырып, жасырын (бәсең үнмен) дұға қылыңдар. Ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді”.[18] Алла Тағала бұл аятта пенделеріне Оған жалына-жалбарынып, жасырын түрде дұға қылуға әмір береді. Осыған байланысты Пайғамбарымыздан хадис “Бірде адамдар дауыстарын қатты шығарып дұға жасады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: “Ей, адамдар! Өздеріңді аяңдар. Сендер керең және жоқ нәрсеге жалбарынып жатқан жоқсыңдар ғой. Ақиқатында, сендердің дұға қылғандарың бәрін естуші және (сендерге) жақын, әрі Ол сендермен бірге”.[19] Дұғаны ерекше уақыттарда жасауға тырысу. Жылдың ішінде арафа күні, айлардың ішінде Рамазан айы, апта ішінде жұма күні, түнде түннің үштен бір бөлігінде секілді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: “Аспан есіктері ашылып мына төр жағдайда жасалған дұға қабыл болады: Алла жолында саптар бір-біріне жолыққанда, жаңбыр жауғанда, намазға қамат түсіріліп жатқанда және Кағбаны көргенде”.[20] Дұғаны өзіңе жасаумен бірге өзге мұсылмандарға да жасаған абзал. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді:” Кімде-кім барлық иман келтірген ер адамдар мен әйелдер үшін кешірім сұраса, Аллаһ оған әрбір иман келтірген ер адам әйел үшін сауап жазады”. [21] Құдайсыз қурай да сынбайды деген халықтың ұрпағы болған біздерге әрбір істеріміздің мәнді де, мағыналы болуында Құдайға жақын болып, шынайы байланыста болудың мәнісі зор. Тек қиналған кезде Құдайды еске алып, басқа уақытта түк болмағандай естен шығарып қою мұсылмандыққа жат. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқан екен: “Кім өзінің басына қиындық түскен кезінде Аллаһтың оның дұғасына жауап беруін қаласа, хәл-ахуалы жақсы кезінде Аллаһқа дұға қылуын көбейтсін”. Сондай-ақ, “Кеңшілік кезде Аллаһты таны, сонда Ол сені қиыншылыққа ұшырағанда таниды”[21] – деген. Тирмизи келтірген. Дініміз әмір еткен әрбір амал-әрекеттің белгілі мақсат-мүддесі бар. Ал, Аллаға дұға етуден мақсат Аллаға құлшылық етіп, разылығына жету. Ал, әрі қарай берекетке жеткізу Алланың уәдесіндегі іс. Олай болса, Алла Тағала баршамызды дұға-құлшылығымызда тура болып нығмет-берекетіне кенелткен пенделерінен етсін дейік!
Төлеген қажы Керімбаев
Қарабалық ауданы
«Ғашура ана» мешітінің бас имамы
[1] Ғафир сүресі, 60-аят [2] Ахмад, Тирмизи, Абу Хурайрадан [3] Хакімнің хадистер жинағынан. [4] Ат-Табарони [5] Ағраф сүресі, 29-аят. [6] Тирмизи, ибн Масғудтан. [7] Ахмад, Абу Хурайрадан [8] Ат-Табарони, Абу Хурайрадан [9] Ахмад, Баззар, Абу Сайд Худридан. [10] Ахмад, Муслим, ибн Мажаһ, Абу Дардадан [11] Тирмизи, Фадолату ибн Убайдтан. [12] Байһақи, Шуабил иман, Али ибн Аби Толибтен. [13] Әнбия сүресі, 90-аят. [14] Бұхари мен Муслим Абу Хурайрадан. [15] Бұхари, Абу Муса аль-Ашғаридан. [16] Тирмизи, Салман аль-Фарисиден. [17] Бухари, Абдуллаһ ибн Зайдтан. [18] Ағраф сүресі, 55-аят. [19] Бұхари мен Муслим, Абу Муса аль-Ашғариден. [20] Ат-Табарони, Аби умамадан. [21] Табараний, Убада ибн Самиттен келтірген.