Духа намазы қалай оқылады?
«Духа» араб тілінде «күннің түсуі», «терлеу», «сәске уақыты» мағыналарын білдіреді. Басқаша айтқанда духа намазының оқылатын уақыты – «күн найза бойы көтерілген уақыт». Қазақ халқы бұл уақытты «сәске мезгілі» деп атайды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Kazislam.kz-ке сілтеме жасап.
Духа намазы парыз емес, нәпіл намаз түріне жатады. Сол үшін сәске уақытында оқылатын нәпіл намазды «духа намазы» дейді, оны тұрақты оқу шарт емес. Алайда, кімде-кім тұрақты түрде оқыса, мол сауапқа кенелері сөзсіз.
Сонымен қатар Алла елшісі (с.ғ.с.) хадистерінде духа намазының артықшылығы жайында:
«Күнде екі рәкат духа намазын оқыған адамның күнәлары теңіздің көбігіндей де болса, кешіріледі» деп айтқан (Ибн Мажә, Термези, Әбу Дауд).
Ал келесі хадисінде духа намазын оқитын адамдардың мәртебесі айтылады:
«Жұмақтың Духа деген бір есігі бар. Бұл есіктен тек духа намазын оқығандар кіреді» (Табарани).
Айша анамыз (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) дұха намазын төрт рәкағат оқып, қаласа ары қарай тағы да оқитынын жеткізген және Әбу Хурайраның:
«Алланың елшісі маған үш нәрсені жасауыма кеңес берді. Оларды жаным кеудемнен шыққанша тастамаймын. Олар: әр айда үш күн ораза ұстау, дұха намазын оқу, ұйқыдан бұрын үтір намазын оқу», – деп айтқаны туралы хабар бар (Тәжрид әс-Сарих, IV, 151).
Духа намазы кем дегенде 2 рәкағат, орташа 6 рәкағат, ең көп 12 рәкағат етіп оқылады.