Ер мен әйел тең бе?
Заты ер адам әйелдің қожайыны болып есептелінеді. Осы себепті де әйел ерін өзінен жоғары қоймағы ләзім. Тіпті, ол әйел нәпіл намаздарын да күйеуінің рұқсатынсыз жасай алмайды. Одан бөлек, ерінің ешбір рұқсат-қалауынсыз өздігінен бір нәрсе істеуге құқы жоқ. Бұл енді әйелдің барлық құқығынан айырып, не оны басқарылатын тетік деп қарау емес. Мұнда үлкен бір хикмет, ерекше құрмет пен ізет жатқандығын білуге тиіспіз.
Адамдардың бір-біріне құрметі көбіне-көп жасының жасамыстығына, яғни үлкендігіне қарай екшеліп, аражігі айқындалып жатады. Бұған талас жоқ енді, мұны құптағаннан басқа теріс көремесіміз анық. Алайда ер мен әйел тең құқықты дегенге толық келіспейміз. Негізі ер мен әйелдің арасында бадырайып көрінер айырмашылықтан тыс, олардың бір-бірінің алдындағы талайлы міндеттерін бажайлай келіп, билігін сөзсіз жүргізуге құқықты ер адамның орны өте-мөте жоғары деп білеміз. Бүгінде базбір еркектер бір нәрсе сұрай қалсаң, " үйдегі біледі немесе кемпірім шешеді" дегенді жасырмайды. Бұл әсте дұрыс емес, отбасылық кез келген мәселелер ер адамның бақылауында болып, оның соңғы келісімі мен шешімінен туындағаны жөн. Ал егерде барлық мәселе біткенді әйел біледі, сол шешеді дей беру – орны толмас олқылыққа һәм алабөтен жағдайларға алып келуі бек мүмкін. Ең бастысы, ер адам өз отбасындағы орнынан ойсырап түсіп, біртіндеп қадірінің кетіп, бар билігінің уысынан шығып бара жатқанын аңдамай қалмаса игі.
Әйел адамның өзі қолына бір алған билігін оңайлықпен қайтара қоймасы белгілі. Ондай да оның бір ғана жолы бар, ол да талақ беру болмақ. Талақ берудің мақсаты ол, екі адам бір-бірін түсінісу мүмкін болмаған жағдайда ғана жасалатын ең соңғы шешім болуы қажет. Шындығында Құдіретті Алланың жанында бар-баршамыз сондай дәрменсіз құл екеніміз анық, ал жұмыс істеуге келгенде сол тасыған қажыр-қайратымыз бен өзімізге сыймаған бұла күшіміздің, өзімізге ғана тән ерік-жігеріміздің және мүлде ұқсамас тамақ жеудегі кейбір ерекшеліктеріміздің себінен ер мен әйел ешқашан да тең болмақ емес. Әйелді Алла тағаланың өзі тым нәзік, мейлінше әлжуаз қып, қабырғамыздан жаратпап па еді?!
Шынтуайтында әйел ер адамның қашанда көңіліне қарайлап, ол не айтса да соны орындауға нық бекуі керек. Керісінше, қазіргі кезде ер адамдар әйел біткеннің көңіліне қарағыштап, асты-үстіне төселіп, әсіре бәйек болып қарайтынын жасырғың келмейді екен. Оғаштау болса да бұл бүгінгі шындық. Әйел затымен ақылдасу, оны айрықша сыйлау қажет деп білсек те, отбасыңыздағы бар шешімді сіз, ер адамның шығарғаны абзал. Ер адам әйел адамға қарағанда кең ойлайды. Негізі ер адам қонақжай болып келеді, һәм жан-жақты ойлауға тырысады. Бар шаруаның артын бағады, асығыстық шешім ол үшін жаттай көрінеді. Сол себепті де дін исламда әйелге билік берілмегені құп көрілген. Әйел жаратылысында-ақ күрделі бір шешімдердің түйінін ағытуға бейіл болмасын, әрі қанша жерден оқыған болса да оның ойлау өрісінің аясы тар болып келетінін басып айтуға тиістіміз. Қайта ер адам әйелге қарағанда тым байсалдырақ болып келеді. Және лезде шешім де шығара алады, әрі оның ойлау қабілеті де жоғары болады. Осы орайда бала тәрбиесіне келер болсақ, ер адам әйел секілді мейлінше мейірімді, аса сабырлы бола алмайды. Ер адамдар ауыр мінезді болып, сыртқы түр-сұлбасында, кескін-келбетінде ерекше қатқылырақ көрінеді. Бұл оның балажан еместігін байқатпайды. Өзі отбасында әлдекім билеп-төстемесе, билікті қолына алмаса, ондағы берекенің де, бірліктің де кетеріне күмән жоқ. Сондықтан да халқымызда «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деп бекер айтпаған. Демек, кез келген шаңырақтың тірегі – еркек болса, оның ұйытқысы – әйел болғаны ләзім-дүр. Осылайша бала тәрбиесіне және үй тіршілігіне негізінен әйел адам басыбүтін жауапты, ал сыртқы шаруалармен айналысатын ер өз отбасысының бұл тіршіліктегі амандығына, материалдық тұрғыдағы қажеттіліктеріне жауапты болмақ. Бұл ер мен әйелдің арасындағы қарапайым да мәнісі ерекше айырмашылық деп білеміз.
Ойымызды қорытындылай келсек, ер адам әйелден қашанда әрі қай кезде де жоғары тұрып, отбасындағы билікті өз қолында ұстап, негізгі де, соңғы шешімдерді өзі шығарып отыруы тиіс. Бұл оның әйел адамның алдында артық екендігін айқындаумен бірге, бір саты жоғары тұратындығын айна-қатесіз белгілеп береді. Содан да болса керек, пайғамбарлықтың өзі әйел адамдарға емес, еркек атаулыға тән болып келді. Тіпті кәрі тарихты кері доңғалатып көрсеңіз, ел билеген көсемдер мен патшалардың негізінен ер адамдардың қауымынан болғанын көреміз. Сөз соңында пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына сөзімен: «Істерін әйел бастаған ешқашан жеңіске жеткен емес» деп тәптіштесек, жоғарыдағы ойларымызды бекемдей түсері сөзсіз.