Ібіліс неге үмітсіз?
Ібіліс Адамға с.ғ. сәжде жаса деген иләһи бұйрыққа бойсұнбады. Ол иләһи бұйрыққа бойсұнбастан бұрын мәртебесі жоғары еді. Алла тағала Құранда: «Естеріңе алыңдар, (Біз) періштелерге адамға сәжде етіңдер дегенімізде олар сәжде етті. Бірақ ібліс (тәкәппарланып) Сенің лайдан жаратқаныңа сәжде етемін бе? - деді» (Исра - 61).
Ібліс Раббының рақымынан үмітсіз болды, өзін жоғары ұстап, тәкәппарланып, тәубе етпеді. Керісінше Алла атына өтірік айтып, «мені Алла жолдан тайдырды» деп жала жапты. Адамды Аллаға бойсұнды деп көреалмаушылық танытып, адам мен оның ұрпақтарын жолдан тайдыруға шешім қабылдады. Бұл жайт Құранда былайша баяндалады: «Ол (ызаланып) былай деді: ант етіп айтайын, мені тура жолдан тайдырғаның үшін мен де Сенің тура жолыңнан оларды тайдыруда күресемін. Сосын олардың алдынан, артынан, оң және сол жағынан келіп азғырамын, Сен оның ұрпақтарын шүкір етушілерден таппайсың» (Ағраф сүресі 16-17).
Ібіліс тайдырмақшы болаған тура жол – күнәға тәубе ету жолы болатын. Әрбір адам баласы – қателесуші. Ал тәубе болса, адамның Раббысы көрсетіп берген жолмен жүріп бара жатып жіберіп алған ирек жерлерін түзетіп, өз қалпына қайта келтіру болып табылады. Ал Ібіліс болса керісінше «Алла мені адамға сәжде етпеді деген сылтаумен тура жолдан тайдырды» деген жалған шағымында тұрып, Адам мен оның ұрпақтарын өзі тура жолдан тайғанындай оларды да тура жолдан тайдыруға ант етті. Әлбетте, бұл істердің барлығын ібліс Адамға (ғ.с.) деген қызғаныштан жасады. Алла тағала іблістің сол кездегі айтқанын былай деп баяндайды: «Ібіліс айтты: Сенің құдыретіңмен ант етіп айтайын, бұдан былай олардың барлығын да азғырамын. Бірақ олардың арасынан тек ықыласты пенделерің ғана азғырылмайды» (сад сүресі 82-83).
Ібілістің адасуы тек қана адамды азғырумен шектелмеді. Оның ең үлкен қателігі – Алланың рақымынан үмітсіз болуы, сол себептен ол тәубе етуден бас тартты. Оның мақсаты өзі секілді Адамды тура жолдан тайдырып, нәтижеде Алланың рақымынан айыру болатын. Сонымен қатар, егер пенде Аллаға шын ықыласпен тәубе етсе, оның барлық күнәлары кешірілетінін де Ібіліс жақсы білуші еді. Осыған орай, Алла тағала Құранда пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «(Уа Мухаммед!) өз жандарына (күнә арқылы) зұлымдық қылған пенделеріме: Алланың рақымынан үміт үзбеңдер. Әлбетте Алла барлық күналарды кешіруші. Ол аса рақымды, ерекше мейірімді, - деп айт!» деді. (Зүмәр сүресі 53). Атақты тәпсірші ғалым Ибн Кәсир: бұл аят кәпірлерге де, мүминдерге де айтылған ескерту - дейді.
Күпір мен шіріктен осы дүниеде тәубе етіп, иман келтірген кісінің иманы мен тәубесінің қабыл болуы анық. Тіпті, мүміннің теңіздің көбігіндей жасаған күнәларын Алла өз рақымымен кешіруі мүмкін екендігі аят пен хадистерде баяндалған. Ниса сүресінің 110-аятында «Кімде-кім бір жаман іс қылса, немесе өз жанына жәбір етсе, сосын Алладан кешірім сұраса, Алланың (қаншалықты) кешірімді, рақымды екендігін біледі» делінген.
Демек, адамды нағыз құрдымға кетіретін амал күнә емес, жасалған күнәға тәубе етпеу.Сондықтан, әрбір күнә кешірім сұрау, тәубе ету арқылы кешірілетіндігін ұмытпаған жөн. Хадисте күнаға тәубе еткеннің күнәсіз адамдай болатындығы айтылған. Осыны үнемі еске түсіріп, тіпті, тәубе етіп жатқанымызда сауапты амалды орындап жатқанымызды да ұмытпайық, ағайын.
Жандос АЙТБАЙҰЛЫ,
«Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы