Имам түзелмей, иман түзелмейді
Адам жандүниесінің негізгі тірегі дін екені ақиқат. Әрбір пенденің өмірге келгеннен кеткенге дейінгі арқа сүйеп, ішкі жан дүниесі рахат сезімге бөлеп, рухын шат қылып, тыныштандыратын оның діні. Дін қай қоғамда да өздігінен проблема болмайды. Ол тек саясаттың болмаса белгілі бір топтың жеке мақсат-мүддесін іске асыру, немесе оның табиғатын терең ұғынбай, қасаң қағидалық шартты ұғымдардың аясынан шыға алмаған жағдайларда ғана дін мәселесі қоғамдық дертке айнала бастайды. Кезінде Карл Маркстың дін апиын деп айтуы осы жағдайлардың салдарынан болса керек.
Қоғамда дін мәселесі неге өткір тұр деген сауалға әркім әрқандай жауап берері анық. Себебі, біздің қоғамда діннің насихатталуы мен түсіндірлуі әр қилы әрі еліміздің дін саясатына сай келмей жататыны жайларыда жоқ емес. Енді осы мәселеде діннің комментариі мен түсіндіруінің дәстүрлі үлгісін жасайтын мекеме бұл – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы. Ал, енді осы діни басқарма қандай бағытта жұмыс істеп жатыр деген сауалған келетін болсақ, бұл кейде тұманды әрі күмәнді жағдай екені баршаға мәлім. Соңғы кезде діни басқармаға сындар жиі айтылып жүр. Мұны діни қызметкерлері өздеріне жабылған жала, таққан айып ретінде қарастырады. Бұл заңды құбылыс. Сын мен ақиқат адам жүрегіне ауыр тиетін дүние. Бірақ, бұл жерде бізге неге сын көп айтылады деген ойда қатар жүруі керек деп ойлаймын. Әсілінде, жел тұрмаса шөптің бас қимылдамайтыны тағы бар. Осыған бір зерттеу жасап көрейікші.
Біз тәуелсіздігіміздің символы, халықтың тура жол көрсетер рухани көсемін дін қызметкерлерін қоғамда жоғары деңгейдегі тұлға ретінде көргіміз келетіні рас. Өкінішке орай кейбір жағдайда біз имамдардың көбісін мұндай дәрежеде көре алмай келеміз. Бұл жағдайдың өзіндік себебі де жоқ емес. Кешегі кеңестік дәуірдегі қол үзіп қалған рухани байлығының негізі дінмен де қауышты. Осы кезеңде діннен сауаты бар мамандардың тапшылығы да қатты сезінгендіктен елімізде алғаш екі жерден медресе (Алматы және Мерке) ашылып діни маман кадрлар даярлауды қолға алды. Сонымен паралельдік жағдайда шет елдердегі теологиялық оқу орныдарына да барып жастарымыз оқып, білім алып жатты. Осы кезеңдегі білім алған азаматтардың дені 18-30 жас аралығындағы әлі оңды-солын танымаған жастар еді (соның біреуі мен өзім). Кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың кесірінен өзіміздің төл мәдени құндылықтарымызбен тарихымызды насихаттай алмауымыздың салдарынан жастардың дені өз қайнар бұлағынан сусындай алмаған өмірлік тәжірибесі аз, қазақша айтқанда шикіөкпе еді. Соның салдарынан басқа елдің мәдениетімен салт дәстүрін діннің негізі қағидаларды деп түсіну де заңдылық. Сол кездегі діни дәріс берген мамандардың өзі біздің елдегі тапшылығына орай шет елдерден болмаса басқа ұлттардан болды. (Олардың ниетін бір ғана Алла біледі). Басқа елдің теологиялық оқу ордалары болмаса ұлты басқа, таным түсінігі басқа мамандар әр халықтың өз дәстүрлі танымындағы дін деп түсіндірмейтінгі белгілі. Осы себептен біздің жастарымыз дінін басқа халықтың таным-түсінігі, көзқарасымен қарап танып, тәрбиеленді. Содан кейін өз ұлтының өмір сүру дәстүрі мен тыныс-тіршілігі діннен алшақ көріп, осы құндылықтарына басқа өлшеммен қарап, ревизия жасауға көше бастады.
Осы құбылыстың арқасында елімізде дін мәселелері мен қағидалары бойынша алуан түрлі көзқарастар мен пікір қалыптасып, жиырма үш жылда бір-бірімен келіспейтін тіпті, жауласатындай жағдайға жетті.
Осы кемшіліктердің орнын толықтыру діни басқарманың міндеті екенін біле тұра егемендік алған уақыттан бүгінгі күнімізге дейін шешімін таппауы ойлантарлық жағдай. Дін мемлекеттен бөлек деген ұстанымды пайдаланған кейбір дін мамандарының ішінде осыдан жиырма жыл бұрыңғы (кейде одан да әрі) жаттанды уағыздарын әлі күнге дейін айтып келе жатқандары да бар. Кейде мүфтияттың бекітіп берген тақырыбынан ауытқып басқа бағытта уағыз насихат айтатындары да кездеседі.
Қазіргі уақытта жастар санасына өзінің ұлттық болмысы мүлде болмасада жәйлап өшіп бара жатқаны байқалады. Бұл мешіттегі болмаса интернет сайттарындағы уағыз насихаттардың әркелкі түсініктегі сонымен қоса методологиялық кемшіліктерінің әсері. Мәселен, осы мүфтияттың атынан шығып жүрген көптеген имам-теологтардың ой-пікірлеріне сараптама жасап қарайтын болсақ, қазақ халқы тек тоқсаныншы жылдан бері мұсылман болғанын көруге болады. Бұл мамандардың дөрекі методолгиялық кемшілігі екенін айта кетуіміз керек.
Теологиялық принциптік тұрғыдан қарағанда уағыз жүргізіп жүрген теолог мамандардың өз ойларын негіздеу үшін Құраннан аят, хз пайғамбарымыздың өмірлерінен хадистер келтірулері дұрыс. Бірақ бұл - теория. Діни практика деген бар ғой. Діни практика дегеніміз не? Ол – жергіліктің мұсылман халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан мәдениеті, өмір сүру дәстүрі, ауыз әдебиеті. Бұл құндылықтардың барлығы Құран мен хадистен бастау алып, шариғат заңдылықтарымен астасып, соның негізінде пайда болған. Теориямен ғана шектелмей діни практикада қоса жүруі тиіс. Міне осы методолгиялық кемшіліктердің әсерінен араб дәстүршілдігі басым түсіп, жастар бойында өзінің ұлтына деге махаббаты мен отанына деген сүйіспеншілігі кеми түсетіні белгілі жай.
Қатарынан екі жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялаған еді. Бұл қуантарлық іс болды деп есептеймін. Өкінішке орай, кей жерлерде діни мамандары бірде дәстүрдің де озығы бар тозығы бар десе, бірде қазақтың кейбір дәстүрлері мен ислам еш қабыспайды деп астыртын түрде ревизия жасап жүргені байқалып та жатады. Мұндай негізсіз, жалаң уағыз-насихаттардың салдарынан жастарымыздың көзқарас, ой-пікірлері он жыл бұрыңғымен салыстырғанда әжептәуір өзгеріске яғни, қысқаша айтқанда көп жастардың бойынан салафилік тенденция байқалады.
Діни басқарманың атына сындардың жиі айтылуының себептерін тізіп айтар болсақ, еліміздегі зайырлы позиция ұстанымы туралы және саяси-ғылыми тұрғыдан да мүлдем сауатсыз, дінді қазақ мәдениетінің емес, араб мәдениетінің негізінде түсіндіреді. Дінді халықтың рухани құндылығы емес, өзінің жекеменшігі болмаса табыс тауып, баюдың көзі ретінде санайды. Сонымен қоса, моральдың-этикалық қатынастары мен интелектуалдық қабілеттері төмен дәрежеде (бұл мәселе өзі алдына жеке әңгіме). «Біз» және «басқалар»,-деп қоғамды екіге жарады. Мәселен, мерекелік іс-шараларда көпшілік қол шапалақтап, қошемет көрсетіп жатқанда бөлектеніп «Аллаһу акбар» деп орынсыз такбир шақырулары өздеріне деген қоғамның ренішін турдырып жатады. Өздерін діни маман болғандықтан білімді санап басқа саладағы ғалымдарды төмендетіп, оларды діни білімсіз деп мойындамай, тіпті кейбір жерлерде: «Неге діннің атынан сөйлемей, мемлекеттің атынан сөлейсің», болмаса: «Ясауи ілімі біздің мүфтияттың саясатына сай келмейді»,-деген ойларымен мемлекетің саясатына кері көзқарастарын ашық көрсетіп те жататындары жоқ емес. Осындай жағдайда пікірлеріне қарсы шығып, сын айтатындарды өз ырқына көндіруге (көпшілік болып психологиялық қыспаққа алу арқылы), көнбеген жағдайда жолын кесіп, әртүрлі жолдармен сол азаматты халық алдында жаманатты көрсетуге тырысып, оны қоғамнан шеттетуге әрекет жасайды. Міне, осындай рухани құндылығымызды былыққа белшесінен батырып жүрген кейбір мамандарымыздың әрекеттері сын айтуға итермелеп жататыны заңды құбылыс.
Қазіргі уақытта имамдарымыз қандай сипатта өздерін дамыту керек деген сауалға адамның жан дүниесін түсіне білетін, оның ойындағы әрбір сауалына тұщымды жауап таба алатын педогог әрі психолог, өткеніне көз жүргіртіп, болашағын болжай алатын көнекөз тарихшы, өмірдің мәнін ұғып, оның әр құбылысына көңіл бөліп, жауап табатын ақылы терең философ, тіпті ақын, жыршы-термеші болса да артық болмайды деп жауап беруіміз керек. Имамдарымыздың осындай жан-жақты әрі сан-салалы білгір болмағы қоғамның һәм уақыттың талабы.
Мен бұл жердегі мақсатым діни басқармаға сын айтып бедел жинау емес, керісінше еліміздің, халқымыздың болашағы үшін дініміздің абыройын көтеру. Сонымен қоса, діни басқарма мамандарына сын не үшін айтылады деген мәселеге азда болса түсінік беру еді. Дінді кәсіп етіп, өзінің түпкі ойын жасырын ұстап жүргендер менің ойымша діни басқарманың беделін көтермесі анық.
Ата-бабаларымыз қандай да бір қиыншылық болса да жақсылықтан үміт үзбеген ғой. Сондықтан жаңа бастамалармен келген әрі соны іске асыру жолында аянбай еңбек етіп жатқан мүфтиімізге осы олқылықтардың орнын толтырады деген зор үміт артамыз.
Таңжарық Тұрғанқұлов,
дінтанушы
qamshy.kz