INCRUISES АРҚЫЛЫ ҰМРАҒА БАРУҒА БОЛА МА?
InCruises ‒ онлайн бизнес түрі, ол су транспорты арқылы саяхаттау кезінде бірнеше елді, қаланы аралап шығу дегенді білдіреді. Қазіргі таңда круиздық саяxат әлемде мықты дамып келе жатыр. Круиздық лайнердің ішінде адам тұрмысына қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Оған қолжетімді бағамен алдын ала ақша жинап немесе жұмыс жасап тегін баруға болады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі muftyat.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгінде осы компания арқылы ұмра сапарына бару жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Сондықтан бұның шариғатқа қаншалықты сай екенін білу өте маңызды.
InCruises компаниясы желілік маркетинг жүйесімен жұмыс жасайтыны белгілі. ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің XXII мәжілісінде қабылдаған «Желілік маркетинг үкімі» атты пәтуасында: «Желілік маркетингке қатысушы адамның өзінің тікелей клиенттерінен сыйақы алуы дұрыс. Ал өзінен кейінгі 2, 3 немесе т.б тізбектегі клиенттердің есебінен сыйақы алу дұрыс емес. Өйткені мұндай кәсіп ешбір әрекетсіз немесе еңбексіз жасалған болып саналады», сондай-ақ «Ұйымға мүшелікке тіркелу алдын-ала төлемсіз болуы шарт», – делінген (Нұр-Сұлтан қаласы, 11-12 маусым, 2019 жыл). Сонымен қатар Ғұламалар кеңесі қазіргі таңда көптеген желілік маркетинг жүйесінде шариғат талаптарының толық табылмайтынын ескеріп өткен.
Құранда Алла Тағала: «Бір-бірлеріңнің мал-мүліктеріңді арам жолмен жемеңдер», – деп бұйырады («Бақара» сүресі, 188-аят). Сондықтан мұсылман адам күмәнді іс-әрекеттерден барынша сақтанғаны дұрыс.