Інгенін жоғалтқан іннен де іздейді
«Алдымыздан жалт-жұлт етіп от шырақ, Әне-міне бақ қонардай боп тұрады» деп Есенқұл ақын айтқандай барлығымызда бір жақсылықтан үміттіміз. Алайда, келеңсіз жағдайлар кезегімен келетін тағдырдың көлеңке тұсында үміттің жібек жібіне күнделікті күйбең тірліктің қарғалары қонақтап үміт жібін үзеді. Сол сәттерде шайтан күліп, періште теріс айналып кеткендей күй кешесің. Уайым ұйқыңнан айырып, ұйқы сұрқыңнан айырғанда «Сынған көңілімді жамаған сынықшының құлымын» деп Шәкарім қажы айтқандай бір ауыз жылы сөз есту үшін ел кезіп кеткің келеді.
Жүйрік поездай жүйткіген мына заманда жаныңды түсінетін, жағдайыңды түзейтін кім бар дейсің. «Көңілімнен жақын дос таппадым, жанымнан жақын жар таппадым» деп Бабыр бабамыз айтқандай жұбатарлық дос,жұбаныш болар жар таппай табаныңды тасқа тілдіріп,маңдайынды күнге күйдіріп иесіз ен далаға кетіп бара жатқандай боласың. Бабыр бабамыздан бері сынаптай сырғып қанша уақыт өтті. Өзгерген не бар? Данышпан Абай да «Моласындай бақсының.Жалғыз қалдым - тап шыным» деп күңіренген. Өмір шуағының арасында өлім сәулесінің қатар жүретіндігін жүрегімізбен сезінетініміздей жалған дүниеде жалғыз екендігімізді Жаратушы ұмыттырмай есімізге салып тұрады. Фаризаға арнаған өлеңінде Мұқағали ағамыз «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз...» демей ме? Шындығында ақындар ғана жалғыз ба?
Құран Кәрімде Жаратушы «Біреу үшін біреу күймейтін,біреу үшін біреуден бодау алмайтын,біреудің шапағаты біреуге тимейтін,біреуден біреу көмек алмайтын күннен қорқыңдар» (Бақара сүресі 48 аят) дейді. Яғни қияметтің әділет таразысында жалғыз тұратындығымызды ескертеді. Тек өз сауабтарың мен күнәларың таразыға тартылады. Олай болса шыр етіп жерге түскенде-ақ жалғыздықты шаранамызбен бірге ала келген жоқпыз ба?
Әйелі қайтыс болып «Мені жалғыз тастап кеттің ғой» деп жоқтау айтып отырған досымызға «Жалғызбын деп айтпа, балаларың бар,бауырларың бар, біз бармыз» деп жұбату айттық. Бірақ бұл тіл ұшындағы көңіл үшін айтылған жәй сөз сияқты болып көрінді. Ертеңіне көңіл айтуға келген көпшілік тарап, жалғыздықтың ауыр салмағы қабырғасын қайыстырып, омыртқасын опырғанда, жар төсегінде жалғыз жатып өзегін ащы мұң өртеп, бір қайғы жүз қайғыны қозғап көз ілмей таңды атырғанда біз қандай көмек береміз. Баласының көз жасы мөлтілдеп, «Әке, бұл қалай болды?» деген мұңлы жанарына көзі түсіп қара жер табанының астынан кетіп бара жатқанда жалғыз емессің деп қалай айта аламыз. «Жалғыздық құдайға ғана жарасқан» деген сөз бар. Бұл белгілі бір жағдайға байланысты айтылған болса керек. Негізінде адам баласы қашанда жалғыз. Туысың, досың, балаң,жарың бар. Жаныңа жылу беріп, сүрінгенде демеп, жетістіктеріңе қуанады. Бір қарағанда жалғызбын деп айтудың өзі күпірлік сияқты. Бірақ, олар Жаратушының жалғыздықты жауып қойған шымылдығы. Шымылдықтың ар жағы жалғыздық. Міне осы тұста адамның ішкі әлеует мүмкіндігі алдыға шығады. Ішкі қуатыңыз мықты болса барлық қиындықтарды жеңесіз. Достарыңыз, туыстарыңыз жан қайратыңызды күшейтетін себепші. Байдалы шешен “Қайрат деген қыран бар – қайғыға тізгін бермейтін. Қайғы деген жылан бар – өзекті шағып өртейтін”, депті. Алайда, қайғыға тізгін бермейтін қайрат екінің біріне бұйыра бермейді. Ал қайрат пен ақылдың қатар қонуы мүлдем сирек. Сондықтан болар анау жерде мыкты бақсы бар екен, мына жақта болашақты дөп басатын көріпкел шығыпты деп ел кезіп жүргендер көп. Көңілі күйзеліп, тұрақсыз жұмыс түңілтіп, жалынан ұстатпайтын жалған тірліктен безініп жүргендерге оларда өзіміз сияқты пенде ғой несіне барасыңдар деп айтудың өзі қиын. «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» деп түйенің артынан түскендей дүңк етіп естілетін орынсыз айтылған сөз бар. Бұл негізі ел басына қиындық түскен кезде қарғадай қаптап кететін көріпкелдер мен бақсы балгерлерге қаратып айтылатын сөз. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы экономикалық қиыншылық тұсында базар жағалай отырған құмалақшылар, әр ауылдан бір әулие, әр көшеден бір емші шыққаны естеріңізде болар. Олардың кез-келгені «Қиналып жүр екенсің» деп бастайтын . Қағанағы қарқ сағанағы сарқ болып жүргендер әулиені не қылсын. Ішкі әлеуеті әлсіз, діннен хабары аз ағайынды алдап солар семірді. Жан қайратын тот басып, ақылы азғырушының жетегінде кеткеннен кейін жалған әулиенің қон деген жеріне қонып,бар деген кесенесіне барды. Шалқайған шаруасы түзеліп, иектеген науқасы жазылмаса да бақсыларға деген сенімдеріне шек түспей келесі бір әулиенің төңірегін жағалады. Өткен ораза кезінде бір ағайын «Ақ жолда жүргендермен Түркістанға бардым. Сол жерде Қожа Ахмет бабамыз оразаның құрметіне автобустағы отыз адамның он сегізіне көріпкелдік қасиет берді» дейді. Яғни қаптап жүрген көріпкелдермен құмалақшы балгерлердің қатарына тағы да он сегіз көріпкел қосылды деген сөз. Көріпкелдігіміз құдайдан деп айтпағанына шүкір. Американың жазушысы Генри Уилер Шоу « Көріпкелдікпен айналыспаңыз: егер болжамыңыз өтірік болса күлкі боласыз, ал болжамыңыз дұрыс шықса ешкім сізді есіне алмайды» деген екен. Біздің көріпкелдер «мен емес әулие бабаң айтып тұр» деп соғады. Күлсе соларға күлсін дейтін шығар. Шәкарім атамыздың «Еңлік- Кебек» дастанында Кебек қобызын боздатып болашақты болжап отырған көріпкелге «Ей, абыз аш балынды кобызынды тарт» деп болашағын білмекші болады.Сонда балгер шал қобызын боздатып, жындарының аттарын атап шақырып Кебекке былай деп жауап береді. «Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан. Батырым,ондай жанға көңіл берме. Бұл сөзді өз ойымнан айтпаймын құр.Жын шіркін осылай деп айтқызып тұр» деп жылайды. Бұрынғылар жындар айтып тұр десе, бүгінгілер әулиелермен ғана сөйлеседі. Дарақысы қайсы, дарасы кім ажыратудан қалдық.
Әулие әнбиелердің зираттарын аралап бата алып береміз деп жүргендер де жетерлік. Көзі тірісінде әулие атанып, баталары дарыған тұлғалар болғанын тарихтан білеміз. Солардың ішінде Ескелді, Балпық билер бар. Ел құрметіне бөленген игі жақсылардан жердің шалғайлығына қарамай табандарын тоздырып арнайы іздеп келіп бата тілеген. Алайда , көңілі түскен адамдар болмаса барлығына оңды солды бата бермеген. Жылдап атқосшысы болып, дәрет суын дайындап қызмет жасағандардың бата алмаған кездері де болыпты. Ал енді бір делдал жиырма отыз адамды топырлатып басына апарып батасын алып беремін дегені ақылға сыя ма? Тірісінде адамына қарап бата берген әулие өлгеннен кейін делдалдармен келісім шартқа отырып па? Есенқұл ақын бір өлеңінде «Жетер-жетпес жерде бір,Қолың жетпей бақ тұрар.Жал құйрығы жетілмей,Жалғыз өскен жетімдей, Елде жүрген жақсының, Қас-қабағын бақтырар» дейді. Біресе жақсыларды жағалап, біресе зираттарды аралап жүргеніміз сол баяғы жалғыздықтан қашу. Жел жағымызға пана, күн жағымызға сая іздеген тірлігіміз. Біз қашанда белгілі бір қиындық кезінде барлық проблемамызды басқа біреу шешіп беретіндей көреміз. Жөн біледі дегендерге жүгінеміз, досымызбен сыр бөлісеміз, әулиелердің басына қонамыз. «Інгенін жоғалтқан іннен де іздейді» дегендей қисынсызды ақылға сыйымды етіп үмітпен барамыз. Ешқандай бақсы, балгер, көріпкел біздің проблемамызды шешпейді. Жалғыздықтың шерменде шерін бір адамдай таттқан Абай да «Сенбе жұртқа,тұрсада қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен,өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп тығырықтан шығатын, түйіннің шешілетін жолын айтты емес пе? Бір жолаушы зергерлік дүкеннен қымбат жақұт тас сатып алып жолға шығады. Оны көрген ұры әлгі жолаушымен ілесе кетеді.Бірнеше күн жол жүргенде ебін тауып қалтасын, дорбасын түгел ақтарып жақұт тасын таппайды. Содан межелеген жеріне жеткенде ұры жолаушыдан сұрапты «Мен кәсіпқой ұры едім.Сіздің сатып алған жақұт тасыңызды ұрлап алайын деп жолға ілесе шықтым, бірақ оны таппадым. Сізге енді мен ештеңе істей алмаймын.Жақұтты қайда тыққаныңызды айтпайсыз ба?» деп өтініпті. Сонда жолаушы «Мен сенің ұры екеніңді, қай жерге тықсам да тауып алатыныңды білдім. Сондықтан жақұт тасын сенің қалтаңа салып қойдым» деген екен. Міне біз көп жағдайда сол ұрының тірлігін жасап кетеміз. Өмірдегі барлық қиындықтардың шешілу жолдарын Жаратушы қалтамызға салып қойғанын ойламаймыз.
Жұмахмет Жайлаубаев