ИСЛАМ ҒҰЛАМАЛАРЫ БЫЛАЙ ДЕПТІ...
Асыл жанды пенде Аллаға асылық таныспас, шын данагөй дүниені ақыреттен жоғары қоймас.
***
Кімнің уайымы жоқ, тоқшылығы көп болса, денесінің майы көп болады. Денесінің майы көп адамда, желік пайда болады. Желігі бар адам күнәға ұрынғыш келеді. Күнәсі көбейген адамның жүрегі қатыгезденеді. Жүрегі қатыгезденіп өлі күйге түскен пенде пәнидің қызықтарына батып кетеді.
***
Уа, Раббым саған ғибадат етпеген түннің сәні жоқ. Сенің жарылқауыңсыз ақыреттің сәні жоқ. Сені еске алмай дүниенің сәні жоқ.
***
Дүние өзін тастамай тұрғанда, оны тастаған адам бақытты. Өлмей тұрып ізгі амалдар жасаған адам бақытты. Раббысына кездеспей тұрып, Оның ризашылығына жеткен адам бақытты.
***
Білім – амалдың жол бастаушысы, ықылас – білімнің қазаны, ақыл – қайырға бастаушы, әуейлік – күнәға апаратын көлік, байлық – тәкаппарлықтың киімі, дүние – ақыреттің базары.
***
Адасқан адамның сипаттары: күнәнің кешірілетіне көп үміт етуші, Аллаға ғибадатсыз жақындаймын деп ойлаушы, жақсы амал етпей жақсы сыйдан дәмеленуші.
Яхия ибн Муғаз ар-Рази
Кімнің байлығы тақуалық болса, оның ақыреттік пайдасын сипаттауға тіл жетпес, ал кімнің байлығы дүние болса, оның ақыретте зиянын сипаттауға тіл жетпес.
Ағмаш
Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәнің кешірілуіне жоқ. Оның себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсі құмарлықтан еді.
***
Рахымшыл тақуа кедейлерге бес таңдау бұйырады: жан рахаты, жүрек тыныштығы, Раббысына ғибадат, Қияметте жеңіл есеп, жәннатта жоғары дәреже. Бай адамдар үшін: жанның шаршауы, жүректегі мазасыздық, дүниеге құлшылық, Қияметте ауыр есеп, жәннатта төменгі дәреже.
***
Аллаға жақын болғың келсе – әдемі жүздерден, сыңғырлаған дауыстардан, шешен сөздерден алыста!
***
Лұқпан хакім баласына былай деп өсиет етіпті: ұлым даналық немесе хикметке жеткің келсе – жүрегіңді өлі күйге душар етпе, міскін көрсең бірге отыр, адамдарды мақтауға арналған мәжілістен қашық жүр, төмен адамдарды қадірле, құлды азат ет, ғаріпке пана бол, пақырға қолыңды соз. Осылай жасап дағдылансаң, көлденең қауіп-қатерден аман жүресің, бұл амалдар соғыссаң құралың болады, жалаңаш қалсаң шапаның болады.
Суфиян Саури
Кімде кім күліп жүріп күнә қылса, Алла оны жылатып тозаққа кіргізеді. Кімде кім Алла жолында жылап ғибадат етсе, Алла оны күлдіріп жәннатқа кіргізді.
***
Ақылды пенде тәуба жасағанда: тілмен истиғфар етеді, жүрекпен өкінеді, денемен тоқтайды, қайталамауға бекінеді.
Ибн Хашим
Біреулер байлыққа мас, біреулер мақтан, атақ-даңққа мас, енді біреулер күнәларын ешкім білген жоқ деп мәз.
***
Алланың парыз еткен нәрселерін орында, құлшылығың қабыл болады. Алланың харам еткен нәрселерінен тыйыл, тақуа боласың. Алла берген несібеңе қанағат қыл, ең бай адам боласың.
***
Төрт нәрсе жүректі қарайтады: тамақты мөлшерден көп жеу, залымдармен бірге жүру, күнәларынан қорықпау, амал етпей үміт ету. Төрт нәрсе жүректі нұрландырады: тамақты аз жеу (сүннет бойынша), ізгілермен бірге жүру, күнәларынан қорқу, алдымен амал істеп алып үміт ету.
Абдулла ибн Масғұд
Әдебі жоқтың білімі жоқ, сабыры жоқтың діні жоқ, тақуалығы жоқтың мейірімі жоқ.
***
Жер бетінде заттар алмасуы болмаса – оның бетіндегілер құрып кетер еді. Ізгілер болмаса – адамдар хайуанға айналар еді. Әмірші болмаса – адамдар бірін-бірі құртып жіберер еді. Жел болмаса – ғалам сасып кетер еді.
***
Жүректер алты нәрседен бұзылады. Тәубені үміт етіп күнә жасау, білімді үйреніп алып оған амал етпеу, амалда ықылассыз болу, Алла берген ризыққа шүкір етпеу, өлген адамдарды көміп тұрып одан ғибрат алмау.
***
Кімде кім дүниені қалап, ақыретін тастап қойса Алла оны бұл дүниеде: амал етпей бос үмітпен жүретін, тойымсыз ашкөз, ғибадаттың дәмін сезбейтін етіп қояды. Ал бұл адамды Қияметте: қатты өкініш, ауыр есеп, шексіз қасірет күтіп тұрады.
***
Бірде мен қасымда шәкіртім бар Басра қаласының көшесімен келе жаттым. Бізге дәрі сатып отырған жігіт жолықты. Шәкіртім одан: «Ей, дәрі сатушы, сенде пендені күнәларынан арылтатын дәрі бар ма?» деп сұрады. Сонда дәрі сатушы: «Менен кедейлік һәм кішіпейілдіктің суын ал да, оған тәубаның суын қосып, Раббыңның ризашылығы диірменіне тарт, қанағаттың сүргісімен жон, тақуалықтың қазанына қайнат, оған ұяттың отынын жақ, дайын болғанда шүкірлік құтысына құй, көркем мінезбен салқындат, «Аллаға мадақ» қасығымен іш, осыны істесең екі дүниенің дертінен сауығып, күнәдан аман боласың» деді.
Хасан Басри
Ең бақытты адам – жүрегі тыныш-таза, ақыл-ойы сабырлы, қолындағы барына қанағат етуші.
***
Бізден бұрынғылар үш нәрседен сәтсіздікке ұшырады: көп сөйлеу, көп тамақ ішу, көп ұйықтау.
Ибрахим Нахағи
Жарқырап күн боп атасың,кеште батасың.
Бұйырған Тәңір тағдырдың дәмін татасың.
Тауысып бәрін жазылған саған несібе.
Төбеге шығып дамылдап мәңгі жатасың.
Тәңірден бақты жалынып адам сұрайсың.
Күлесің бірде,келсе егер қайғы жылайсың.
Сүребер өмір жалғанда тоймай қаншама.
Алладан әмір қабірге келіп құлайсың.