Исламдағы сауда-саттық және оның әдебі

Исламдағы сауда-саттық және оның әдебі

Еңбектену, тіршілік ету – адамның өз нәпақасы мен нәсібін өзі табудың өзгермейтін қағидасы. Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Ешбір пенде өз еңбегімен тапқан нәрсесінен қайырлы тағам жемеген. Алланың елшісі Дәуід (ғ.с.) пайғамбар да еңбектеніп, маңдай термен тапқанын жеген».

Нәпақаны түрлі жолдармен табуға болады. Ал Ислам діні мұсылмандардан тапқан табыс пен нәпақаның тек қана адал болуын талап етеді. Харам табыс пен күнкөріс пендені тозаққа жетелейтін амал деп қатаң ескертеді. Ықылым заманнан бері күнкөрістің негізгі жолы болып келгенгендіктен Ислам сауданы біздерге халал етті. Бірақ ол – адал, өсім араласпаған сауда болуы шарт. Құранда бұл жайында былай дейді: "Алла сауданы халал, өсімді харам етті" (Бақара, 275). Ал тағы бір аятта былай дейді: "Әй, иман келтіргендер! Мал-мүліктеріңді араларыңда арам жолмен жемеңдер. Егер ол табысыңыз әрбіріңіздің ризашылығымен болған сауда заты болса да» (Ниса, 29).

Ислам діні мұсылмандарға қайыр сұрауға тыйым салып, еңбектенуге шақырады. Мұсылмандар ең әуелі, өзін және отбасын асырау үшін еңбек етеді. Еңбектенуге сауда-саттық та жатады. Алла тағала оған өсім араластырмау шартымен рұқсат береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына қол жайып тіленудің орнына еңбек етуін, тым болмаса бір бума отын сатып нәпақа табуды бұйырған. Сахабалар өздері еңбек етіп, рызық несібесін іздейтін. Ешбір сахаба қол қусырып қарап отырмаған. Әбу Һурайраның риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Сендердің қайсы біріңнің арқанын алып, таудан бір бума отын арқалап әкеліп сатуы өзгеден қол жайып сұраудан әлдеқайда жақсы. Кім біледі, ол адам берер я бермес».

Ислам табыстың негізгі көзі сауда екендігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайында былай дейді: «Ырыстың онда тоғызы сауда мен диқаншылықта. Қалғаны мал асырап сатуда». Демек, сауда жасау – маңызды кәсіп. Жақсы саудагерлер жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ең таза және адал табыс – сауда жасайтындардың табысы. Олар сөйлеген кезде өтірік айтпайды, өздеріне бір нәрсе аманат еткен кезде аманатқа қиянат жасамайды. Уәде берсе уәделерінен таймайды, сатып алған кезде затты жамандамайды, сатқан кезде оны орынсыз мақтамайды, қарызданған кезде қарыздарын кешіктірмейді. Алашақ болған кезде қиындық тудырмайды».

Алла елшісі (с.а.у.) пайғамбарлығынан бұрын саудамен айналысқан. Яғни сол заманда Мекке халқының тұрмыс-тіршілігі негізінен сауда-саттықпен тығыз байланысты еді. Хадиша анамыз (р.а.) саудамен айналысатын санаулы кісілердің бірі болатын. Сауда-саттық мақсатында керуенін Шамға жолдайтын. Алайда керуенбасына көңілі толмай бірде Меккеде «Мухаммәдул әмин» (Сенімді Мұхаммед) атанған болашақ пайғамбар 25 жасар Мұхаммедті (с.а.у.) керуен басы етіп тағайындайды. Міне, осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) саудаға араласып, бұл істе де өзгелерге үлгі болады. Тіпті 623-жылы Мәдина қаласына қоныс аударған кезде мұсылмандарға арнап базар аштырып, олардың емін-еркін сауда жасауына мүмкіндік жасады.

Ал сахабалардың өмірлеріне көз жүгіртсек, олардың көпшілігінің мысалы, Әбу Бәкір, Осман, Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) және т.б. саудамен айналысқандығын көреміз.

Әбу Бәкір (р.а.) халифа болғанға дейін саудамен айналысты. Ал халифа болып сайланған соң бүкіл мұсылманның амандығы мен Исламның жайылуы жолында қызмет ету үшін сауданы тастауына тура келді. Алғашқыда халифа болған соң, күндегі әдеті бойынша таңертең заттарын алып базарға барады. Базарда жаңа тағайындалған халифа Әбу Бәкірді (р.а.) Омар (р.а.) мен Әбу Убәйда ибн Жарраһ (р.а.) кездестіріп қалады да:

– Сіз мұсылмандардың әміршісі болдыңыз. Базарда қандай шаруамен жүрсіз? – дейді. Халифа:

– Мен отбасымды қалай асыраймын? – деп сұрайды. Сонда олар:

– Біз саған айлық тағайындайық, – деп күндігіне жарты қойдың құнын беруді кеңес арқылы шешеді (ол заманда бір қой 10 дирхамдай күміс ақша тұрған).

Осылайша сахабалар кеңесіп отырып, халифаның қызметін алаңсыз атқаруы үшін жалақы төлеуді ұйғарады.

Ал Осман (р.а.) исламға дейін әкеден қалған кәсібі саудамен айналысып жүрді. Мұсылман болғаннан кейін де саудасын үзбеді. Ауқатты сахабалардың біріне айналған Осман (р.а.) мұсылмандар таршылыққа түскен кездерде әрдайым көмек қолын созып, Алланың разылығын ала білген. Бірде Алла елшісінің (с.а.у) әмірімен Тәбук жорығына дайындық басталады. Бұл маңызды жорық еді. Алайда, мұсылмандардың көпшілігінің қару-жарақ алуға жағдайы жоқ болатын. Осындай сәтте пайғамбарымыз (с.а.у.) ауқатты мұсылмандарды қайыр жолында жарысуға шақырғанда, Осман (р.а.) 300 түйе, 50 ат және 1000 динар (алтын ақша) береді.

Ислам діні адал, таза сауда-саттық жасаған кісілерді мақтайды. Ондай жандардың барар жері жұмақ деп сүйіншілейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі қиямет күні пайғамбарлар, сыддықтар (шыншылдар) және шәһидтермен бірге болады».

Ислам сауда жасауды ешқашан да тыймаған, керісінше насихаттаған. Алайда сауда мәселесінде адалдыққа шақырып мынандай ережелерді белгілеген:

Таразы мен өлшемде (метр) әділ болу
Алла шексіз етіп, көкті жаратты. Өлшемде қиянат жасамау үшін таразы құрды. Әділдік үшін өлшемде мүлт кетірмеуді, таразыдан жемеуді бұйырды. Бұл жайында Құранда былай дейді: "Өлшемде әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер" (Рахман, 9). Алла тағала кем өлшеудің ауыр күнә екенін ескертіп, арнайы «Мутаффифиин» деген сүре түсірген. Онда: "Кем өлшеушілерді қарғыс атсын! Олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді. Сонда олар қияметте қайтып тірілетіндеріне сенбей ме? Ол күнде адам біткен күллі әлемнің иесінің алдында тікесінен тік тұрады. Ондайлар (өлшеммен, таразыдан) жегенін қойсын. Жаман адамның амалы сөз жоқ Сижинде тұрады», – делінеді (Мутаффифин, 1-7).

Демек, саудагерге қойылатын басты талап – дұрыс өлшеп тарту. Салмақ өлшемінде де таразыдан жемей тура тартып беру керек. Базардағы саудагердің көпшілігі қайсы бір зат болмасын таразыдан жеу арқылы пайда табудың жолын іздейді де, ондай күнәлі істі әдетке айналдырады. Алушыны алдағанымен, бүкіл әлемнің жаратушысы Ұлы Алланы қалай алдамақ? Бұл өмірдің уақытша екендігін, ақыреттің сынағы екендігін біле тұра, бес-он теңгеге бола қалайша ар-ожданын, ұятын ойламайды? Алайда, бес күндік пайда үшін ақыретін тозаққа айналдырып алмауды ұмытпағаны жөн. Адал болып, аз да болса тапқан нәпақасының берекесін Алладан тілеу – шынайы мұсылманның сипаты.

Өтірік айтпау және өтірік ант-су ішпеу
Өтірік айтпау қасиеті тек қана саудамен айналысқандарға ғана қойылатын талап емес. Жалпы Мұсылман өтірік айтпауы және өтірік ант-су ішпеуі керек. Мұсылман – сенімді кісі болуы тиіс. Ал өтірік айту – адамның сенімін жоғалтатын ұятты қылық. Сол себепті саудагер өтірік айту арқылы абыройын сатқанша, өзгелердің сеніміне кіре білудің қаншалықты маңызды екендігін білуі тиіс. Сөз орайы келгенде, әйгілі неміс кәсіпкері Роберт Боштың: «Адамдардың сенімін жоғалтқанша, ақша жоғалтқанды қалаймын» деген сөзі еріксіз еске түседі. Сатушы сатқан затының сапасы жайында өтірік айтып, тұтынушыны алдаса, әрі күнәға батады, әрі рызығына харам араластырады. Кейде саудагерлермен дидарласа қалсаң, «бәрі солай жасайды. Жасамасаң тауарың өтпейді, пайда түспейді» деп ақталуға тырысады. Алайда, өтірік ант-су ішіп, Алланың алдында күнәһар болғанша, шынын айтып тапқан адал нәпақасының берекесін тілегені абзал.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де тауардың кемшілігі мен құнын жасырмай шынын айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Керісінше тауардың кемшілігін айтпай, құнын жасырып өтірік айтса, бәлкім пайда табар. Бірақ сауданың берекесін жояды».

Енді кейбір саудагерлер өтірік ант-су ішіп тауарының құнын көтеру үшін: «Сенен бұрын мынанша баға берді, сатпадым», – деп алушыны алдаса, осы үшін өтірік ант ішсе, онда үлкен күнәға батады. Өйткені, аз табыс үшін арын сатып, өтірік айтып, қала берсе, Алланың атымен ант ішуі тозаққа жетелейтін амал. Құранда бұл жайында былай дейді: «Аллаға берген серттері мен анттарын аз ақшаға айырбастайтындарға қиямет күнінде ешқандай несібе жоқ. Ол шақта Алла оларға тіл қатпайды, қарамайды, күнәдан тазартпайды. Олар ауыр азапта қалады» (Әли-Имран, 77). Аятта айтылғандай ондай жандар ақыретте Алланың рақымынан мақұрым қалады.

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Мынадай үш топ адам бар. Алла тағала қиямет күні олармен сөйлеспейді, оларға қарамайды және оларды ақтамайды. Олар үшін ауыр азап бар», – деп осы сөзді үш рет қайталайды. Сонда Әбу Зәрр: «Әй, Алланың елшісі! Мақұрым қалатын, зиянға ұшырайтын адамдар кімдер?», – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Киімін көкіректеніп жерге сүйретіп жүрген, жасаған жақсылығын міндетсінген және затын өткізу үшін өтірік ант-су ішкен адам», – деп жауап берді.

Иә, саудагер алушыны алдамауы тиіс және затының айыбын да айтып, адал сауда жасауы керек. Өкінішке орай, көкөніс пен жеміс-жидек сататындар ең жақсы өнімін бетіне қойып, сатқанда араластырып, жаманын қосып, алушыны алдайды. Бұлай алдап сату да – күнә. Сіз заттың жаманын жасырып, жақсысын көз бояушылықпен жарнамалап сатып, пайда табудың орнына Алладан қорқып, адал сатуды мақсат тұтыңыз.

Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) астық сататын базарға барады. Бір бидай сатушының бидайын ұнатып, бидайын ұстап көрмек болып, қолын сұққанда астыңғы жағы дымқылдау болады. Сонда Пайғамбарымыз бидайдың иесіне:

– Мынау не? – деп сұрайды. Саудагер:

– Уа, Алланың елшісі, жауынның астында қалып, су болып қалды, – дейді. Пайғамбарымыз:

– Сол дымқыл жағын адамдардың көруі үшін бидайдың үстіне шығарып қоймайсың ба? Бізді алдаушы бізден емес, – деді.

Мәселеге байланысты мына бір оқиғаны айтып өтейік. Ертеректе Юнус ибн Убәйд есімді саудагер болыпты. Ол мата сатады екен. Оның дүкенінде құны 200 дирхам мен 400 дирхам аралығында түрлі бағадағы маталар бар еді. Бірде Юнус намазға бару үшін орнына, яғни дүкенге бауырының ұлын қалдырып кетеді. Намаздан қайтып келе жатқанда, бір кісінің қолынан өзінің дүкенінен алынған арзан матасын таниды. Әлгі адамға:

– Матаны қаншаға алдыңыз?– деп сұрайды. Ол:

– 400 дирхамға алдым, – дегенде, Юнус саудагер:

– Алдаған екен ғой, матаның құны 200 дирхам. Кері қайтыңыз артық ақшаңызды алыңыз, – дегенде әлгі кісі:

– Бұл мата біз жақта 500 дирхам тұрады, мен алданған жоқпын, – дейді. Юнус саудагер:

– Жоқ, болмайды. Кері қайтып, матаны қайта өткізіңіз. Насихат айту дүниелік пайдадан артық, – деп әлгі кісіні дүкенге алып келеді де 200 дирхамын қайтарып береді. Ол кісі кетісімен немере інісіне:

– Алладан қорықпайсың ба? Екі жүз дирхамдық матаны 400 дирхамға қалай саттың? Мұсылмандарға насихат айтуды ұмыттың. Алушының білместігін пайдаланып, 200 дирхамдық матаны 400 дирхамға сатып жіберуге қалайша дәтің барады? – деп ренжиді. Сонда інісі:

– Ант етейін, ол матаны өз ризашылығымен алды, – дегенде, Юнус ибн Убәйд:

– Жарайды, ол ризашылығымен алды делік, сенің бұған дәтің қалай барды? – дейді.

Міне, иманды саудагер Алладан қорқып, затының өз ақысына ғана сатылуына разы болуда. Демек, саудагер өз затының кемшілігін айтуы және бағасын да нарыққа шығарған құнынан асырмастан, ынсаппен сатқаны дұрыс болмақ. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай деген: «Саудагердің ынсабына қалдырған алушыдан артық ақша алу – харам».

Қарызға батқанға жеңілдік жасау
Қарыз алушы алған кісіге қарызын уақытылы қайтаруы қажет. Ал қарыз беруші де қарыз алған жанға жеңілдік жасауын Пайғамбарымыз (с.а.у.) өсиет еткен. Бір хадисте былай делінген: «Сатқан кезде, алған кезде, қарызын сұраған кезде, қарызын төлеген кезде жеңілдік жасаған пендеге Алла мәрхамат етсін».

«Кімде кім қарыз алған жанның қайтару уақытын созса немесе қарызын кешірсе, Алла оны (қиямет күні) өз көлеңкесіне

алады».

Расында да, қарызы бар кісіге көмек көрсету немесе оның қарызын кешіру – сауапты іс. Тіпті ондай пенденің қарызын кешірсе, қайтарымын Алла еселеп беретіндігі мына аятта баян етіледі: «Кімде кім Алла үшін қарыз-несие берсе, оның қайтарымын Алла еселеп қайтарады және зор сауап жазады».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) алдыңғы өткен үмбеттердің бірінің басынан өткен мына бір оқиғаны баян етеді: «Сендерден бұрынғы бір қауымда жомарт бір кісі өлген кезде періштелер оны сұраққа алады:

– Өмірде бір жақсылық істедің бе? – деп сұрайды. Ол:

– Қарамағымдағы кісілерге нұсқау беріп, қарызын төлеуге қиналған жарлыларға кең уақыт бергіздім, байға жеңілдік жасауды бұйырдым, – деп жауап берді. Сонда Алла тағала:

– Бұл құлымның күнәсін кешіріңдер, оны жарылқадым, – деп бұйырды.

 

Сауда адамды Алланы еске алудан ғапыл қалдырмауы керек
Қайсы бір сала мен кәсіп болмасын пендені Аллаға құлшылық етуден ғапыл қалдырмауы тиіс. Бұл дүние ақырет өмірінің сынағы екендігін біле тұра, пендешілікке салынып дүниелік аз ғана пайда үшін имандылықтан таю неткен өкінішті. Алайда, Аллаға шынайы құл болғандарды ештеңе де, ешбір қиындық та, қайғы мен қасірет те мінәжат етуге тосқауыл бола алмайды. Құранда Алла тағала бұл жайында былай дейді: "Ондай адамдарды Алланың есімін еске алудан, намаз оқудан, зекет беруден сауда-саттық істері де тоса алмайды. Олар жүректері де көздері де орнында тұрмайтын тауқыметті (қиямет) күнінен қорқады» (Нұр, 37).

Намаз бен ораза сіздің саудаңызға кедергі келтірмейді. Алайда, саудамен айналысу нәтижесінде намаз бен құлшылыққа уақытым жоқ деп уәж айту ақыретте Алланың рахымынан мақұрым қалуға себеп болады.

Тауарды сақтай тұрып, құнын көтермеу
Адам болғасын әркім өз пайдасын өзгеден артық санайтыны рас. Алайда, Ислам мұсылмандарға: «Өзің үшін қалаған нәрсені дін бауырың үшін қаламасаң, толық иман еткен болып саналмайсың», – деп бұйырады. Сондықтан мұсылман кәсіпкер тек бір күндік пайдасын ойламай, ақырет үшін де амал етері хақ.

Әр саланың өзіне тән кейбір нәзік тұстары мен пайда әкелетін тұстары бар болғандай сауда-саттықтың да әр түрлі тәсілі бар. Ислам діні белгілі бір тауарды немесе халық көп тұтынатын азықты базарға шығармастан, құнының көтерілуін күтіп барып сатуға тыйым салады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұлай пайда тапқысы келетін пенденің күнәһар екендігін бір хадисінде ескерткен.

Тыйым салынған харам затты сатпау
Алла тағала мұсылмандарға халал мен харам дүниені нақты белгілеп берді. Тыйым салынған амалды жасау қаншалықты күнә болса, ішіп-жеуі тыйым салынған азықты тұтыну да соншалықты күнә болмақ. Айталық шошқа етін, өлексе, арам өлген малдың етін, жыртқыш аң-құстардың етін жеу, шарап ішу, қан ішу секілді тыйым салынған әрекеттерді баршамыз білеміз. Міне осындай харам етілген затты ішіп-жеу харам болғандай сату да шариғат бойынша күнә саналады. Мысалы, ішімдік жайында бір хадисте былай дейді: «Алла ішімдікке, оны ішкенге, оны ұсынғанға, сауда үшін сатып алғанға және сатқанға, оны езген, ездірген, тасыған және тасытқанға лағынет етсін».

«Алла тағала ішімдікті және оның ақшасын харам етті. Сол секілді арам өлген малдың етін және ақшасын харам етті. Шошқаның етін және ақшасын да харам етті».

«Шарапты сатқан, шошқаның етін халал санасын», – деп Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұндай харам болған затты қолдану былай тұрсын оны сатып, түскен пайдасын жеуді де біздерге харам етуде. Олай болса, өзім жемесем, ішпесем болғаны деп шошқаның етін және арақ-шарап сатып нәпақа табуды шариғат құптамайды.

Ислам шариғаты біздерге сауда жасау барысында осындай ережелерді орындауымызды талап етеді. Әрине, Аллаға және ақырет күніне иман еткен әрбір мұсылман саудагер жоғарыда айтып өткен ережелерді орындайтындығына сеніміміз мол. Дегенмен нәпсіміз азғырып, шайтанның алдауына түсіп, бес күндік пайда үшін ақыретті ұмытып жататын жандар да кездесіп жатады. Алла тағала оларды кешіріп, жүректеріне иман байлығын берсін деп тілейміз.

Алла тағала адал сауда саттық жасауды және адал табыс табуды нәсіп етсін. Әумин! 

islam.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста