Исламдағы туыстық қарым-қатынас
Біз әуелден түбіміз бір, Адам атаның ұрпақтарымыз. Сондықтан адам баласы айналасындағыларға жылу шашатын, бауырмал келеді.
 
Осы өмірде бізге берілген үлкен нығметтердің бірі &ndash туған туыстарымыз, бауырларымыздың болуы. «Мал қонысын, ер жігіт туысын іздейді» демекші дүрбелеңі көп өмірдің соқпағында кез-келген қиындыққа тап болсақ барлығымыздың арқасүйеп, шер тарқатар адам іздейтініміз ақиқат.
 
Сондай қиындық болғанда жанымызға демеу болып, көмегін аямайтын туған-туыстарымыз, бауырларымыздың болуы жанымызға жылу сыйлайды. Қиыншылықта көмектесіп, мұңымызға құлақ асатын, қуанғанда қуанышымызға ортақ болып, ырысымызды еселейтін біздің туыс-бауырларымыз ғана. «Туысы бірдің &mdash уысы бір» деп дана бабаларымыз айтқандай бауырларымыз барда бізді біріктіріп тұратын ізгі қасиеттер жоғалмақ емес. Туған-туыстармен жақсы мәміледе болып, қарым-қатынасымызды үзбеу -  адамдық борышымыз.
 
Сонымен қоса қасиетті Құранда туысқандық қарым-қатынасты үзбеудің маңызын мына аяттарда бекіте кеткен: «Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы». Судың да сұрауы болатыны сияқты жақын туыстарымызбен арақатынасымыздан да сұралатынымызды әркез естен шығармай, қаперімізде ұстағанымыз жөн.
 
             Жақын ағайындарымыздың үйіне барып қуанышына ортақтасу, қиыншылық сәттерде көмек қолын созып, жан жылуын аямау, сырқаттанып жатқан туысқандарымыздың қал-жағдайын білу, арнайы іздеп барып жағдайын білу, алыста жүргенде хабарласып немесе хат алысу сынды әрекеттер туған-туыспен арақатынасымызды жақсартуға жасаған қадамымыз болмақ. Туған-туыстардың тату болуы &ndash бір әулеттің тынышты, әулеттің тыныштығы &ndash қоғам тыныштығының белгісі. Демек, туған-туыс, бауырларымызбен жақсы қарым-қатынас &ndash кемел қоғамның алғышарты десек артық айтқандығымыз емес. Туыстық қарым-қатынастың маңызы туралы хадис-шарифтерде: «Кім ризық-несібесінің көбеюін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» деп,  ескерту жасаған. Біздің қазақ халқымыз бұл қағиданы терең түсініп, өмір салтына айналдырған дана ел. «Ағайын қадірін білмесең жалғыздық берер сазайды», «Ағайыңды өкпелеткеннің үні іриді» сынды мақал-мәтелдердің ауыздан-ауызға тарап, бізге жеткені де бұл сөзімізді дәлелдей түседі.
 
          Алайда, кемшіліксіз адам болмайды. Кейде лағынеті шайтанның азғыруы мен қу нәпсінің құрығына ілініп, болмашы нәрселерге бола ағайынмен ренжісіп, татуласуға тырыспай, менмендікке салынып жатамыз. Туысқандар ата-анамыздан кейінгі жақын адамдар болғандықтан оларға сый-құрмет көрсету мұсылманның міндеті. Такаппарлыққа бой алдырып, туыстық қарым-қатынасты үзген адамның іс-әрекеті үлкен сорақылық болмақ. Бұл туралы қасиетті Құранда: «Демек, сөздеріңнен тайқып,  Алладан сырт айналмақ Һәм  жер бетінде бұзақылық  жасап, араларыңдағы туыстық қатынасты үзбек екенсіңдер ғой?! Алла ондайларды рақымынан аластап, құлақтарын естімейтін тас керең, көздерін көрмейтін көр соқыр етіп қойды» - деп мұндай ессіздіктің адамға әкелер зардабы жайлы қатаң ескертеді. Дана халқымызда осы мәселені көтере келе: «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың» деп, мағынасы терең нақыл сөздерімен, ұрпағына ескерту жасаған. Осындай ескертулерге құлақ асып, нәпсімізді жүгендеп, өмірдің қалтарысы мен бұлтарысында әрдайым жанымыздан табылатын жанашыр жандарымызды, бауырларымызды барында бағалап, сый-құрмет көрсете білейік. «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті» демекші туған бауырларымызбен дастархандас болып, сұхбатында болуға асығайық. Алла Тағала баршамызға туған-туыс, бауырларымыздың аман, тату-тәтті болуын, ынтымағымыздың нығаюын, ырысымыз мол болып, ағайындарымызбен бірге Алла разылығы үшін қызмет етуімізді нәсіп етсін!
 
 
Пайдаланылған әдебиеттер: Құран Кәрім «Ниса» сүресі, 1-аят
«Мұхаммал» сүресі 22-23 аяттар
 
 
 
Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат