Иттің етін жеуге бола ма?
Бұрын иттің етін тек кәрістер жейтін. Қазір қазақтар да қалыспайтын болды. Бір жолы досым кәріс досының үйіне ертіп барды. Шәй ішіп отырмыз. Бір кезде буы бұрқырап, қуырдақ келді. Тәбетім тартып барады. Әдеп сақтап, жұрттан кейін еттің бір түйірін аузыма апара бергенімде досым: «Ұшынып қалып жүрмейсің бе? Бұл иттің еті ғой...» дегені. Аузымды басып, сыртқа қарай жүгірдім. Құсып жатырмын. Өзім онсыз да жиіркеншек едім, ертеңіне аузымның айналасын ұшық қаптап кетті.
Иә, енді иттің етін қазақтар да жеп жатыр. Өзім куәмін. Біздің көшенің жігіттері бір итті сояды да, қуырдағына тойып алады. Арақ ішіп отырып. «Иттің еті денсаулыққа пайдалы» деп қоятындарын қайтерсің?
Менің білетінім, етін жеуге болмайтын құрлықтағы жануарлар: доңыз, қасқыр, аю, арыстан, жолбарыс, барыс, леопард, панда, пантера, гепард, ягуар, пума, тиін, бұлғын, сусар, горила, маймыл түрлері (шимпанзе, павиан, гибон, орангутан), қорқау, піл, ит, мысық, шошқа, борсық, сілеусін, шибөрі, түлкі, ақ тышқан (ласка), иттісті (клык). (Шафии мазһабында түлкі, қорқау, бұлғын, тиін және ақ тышқанды жеуге болады.)
Міне, көрдіңіз бе, еттері харам болған соң, иттерді жеуге болмайды. Ит жеті қазынаның бірі. Ит – адамның досы. Бірақ жеңсік асы емес.