Кәмелетке толмаған бала ораза ұстауы тиіс пе?
Дін өкілінің сөзінше, кәмелетке толмаған жастардың ораза ұстауы «шариғат тұрғысынан қателік емес». Алайда дәрігер оның медициналық тұрғыдан дұрыс емес екенін айтады.
Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылындағы «Перзент» балалар үйінің тәрбиеленушісі Диана мұсылман күнтізбесіндегі рамазан айының 1-інен бастап ораза ұстауға кіріскенін айтады.
Диананың айтуынша оны ораза ұстауға ешкім үгіттемеген. Алты жасынан бері оразаны өз еркімен ұстауда екен. Биыл балалар үйінде өзі секілді отыздан астам бала ораза ұстаған.
Алматы облысы Талғар ауданында тұратын Қайрат есімді адамның үш баласы да бүгіннен бастап ораза ұстауға кіріскен. Намаз оқитынын айтқан ол кісі «балаларының ораза ұстауын өзі міндеттегенін» айтады.
Алланың разылығы үшін ораза тұту – міндет
«Алды 15, арты 10 жастағы екі ұл мен бір қызым үш жылдан бері тұрақты түрде ораза тұтып келеді. Алланың разылығы үшін ораза тұту – міндет», – дейді ол.
Балаларының жаз кезіндегі ауылдық мешітке барып діни білім алатынын айтқан Қайрат ол әрекетін «қазір қоғам бұзылып кеткен, сондықтан балаларды имандылыққа жастайынан баулу керек» деп түсіндірді.
Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан «Бекет ата» мешітінің бас имамы Орынбасар Орынбайұлы да кәмелетке (заң бойынша азаматтық қабілеттілікке ие болатын 18 жасқа) толмаған баланың ораза ұстауын оғаш көрмейді. Оның айтуынша, «шариғат бойынша, ұл балалар – 13, ал қыз балалар 12 жастан бастап ұстауы тиіс».
«Оразаның балаға ешқандай кері әсері болмайды. Егер бала балиғатқа толғанға дейін, яғни 6-7 жасынан бастап ораза ұстаса, ол болашақта сауапқа жазылады. Ал балиғатқа толғаннан кейін ұстау – парыз», – дейді дін өкілі.
Алайда медицина ғылымдарының докторы, балалар дәрігері Болат Қабижанұлы балалардың ораза тұтуына үзілді-кесілді қарсы. Ол мұны жасөспірімдердің биологиялық дамуы тұрғысынан түсіндіреді.
Баланың тамақ ішуін бір күн үзудің өзі оның өсуіне кері әсерін тигізеді
«Баланың организмі минут сайын, сағат сайын өсіп жатқандықтан оған қорек, тағамның нәрі үнемі тамшылап түсіп тұру керек. Баланың тамақ ішуін бір күн үзудің өзі оның өсуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан оразаны адам организмі өсіп жетілген соң, тіпті 25 жастан кейін ұстаса дұрыс болады», – дейді дәрігер.
Заңгер Кәмиша Есмұхамбетқызы кәмелетке толмаған кей балалар еркінен тыс, әке-шешелерінің күштеуімен ораза тұтса, ол жасөспірімге кесірін тигізетінін айтады.
«Еркінен тыс әрекет етуі баланы психологиялық күйзеліске ұшыратып, денсаулығына зиян келтірері анық. Сол себепті «Отбасы және неке» туралы заңға «Ата-ана қоғам алдында қауіпті тудырмауы және баланың еркінен тыс әрекеттерді жасамауы керек» деген бап енгізу қажет», – дейді заңгер.
Ал балалардың ораза ұстауына байланысты білім және ғылым министрлігі балалардың еркінен тыс ораза тұтуына қатысты зерттеу жүргізбегенін, сондай-ақ осы уақытқа дейін ешбір арыз-шағымның келіп түспегенін айтты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дерегінше, елде биыл ораза тұту ұзақтығы 29 күн (маусымның 18-інен шілденің 16-сына дейін) болмақ. Ислам діні шарты бойынша, ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін тамақ пен сусыннан және рұқсат етілмеген басқа да нәрселерден бас тартуы тиіс.
nur.kz