Кісі ақысын жемеңіз
Осы күндері халық арасында біреудің ақысын біреу жейтін жағдаяттар көбейіп жатқаны жасырын емес. Мұның бір себебі кісі ақысын жеудің бұл дүниедегі және арғы шын дүниедеге зардаптарын білмеу немесе білсе де, мән бермеу деген ойдамыз. Сондықтан бүгін кісі ақысы жайлы аз кем әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
Бұрынғы өткен дана бабаларымыз ұрпаққа қалдырған өсиеттерінде кісі ақысына қатты мән берген. Мысалы, Бұқар жырау: «Кісі ақысын көп жеген арам емей немене?» деп бұл істің шариғаттағы үкімі «арам» екенін нақтылаған. Ал Шәкәрім атамыз біреудің ақысын жеп күн көріп жүргендерді тіпті қатты шенейді:
"Арамды адал десе, кім болады?
Қазақтың сөзі қашан шын болады?
Алдау үшін қаруы - құдай аты,
Япыр-ау, осы қайтіп дін болады?
Байдың асын сұм менен залым жейді,
Ұрысы ұрлап момынның малын жейді.
Бірінен-бірі аяйтын жақсылардың
Малы түгіл арының бәрін жейді"
Әділет жолынан бір елі бұра тартпаған турашыл би-соттарымыз да: «Қор болмасты ойласаң, мүсәпірдің қақын бер!» деп ел ішінде кісі ақысына жол берілмеуін қадағалап отырған. Алысқа бармай-ақ, кешегі ХХ ғасырдың өзінде ел тұтқасын ұстаған, оқыған азаматтарымыз бүгінгі «Гражданский кодекс» деген терминді «Ақы заңы» деп атайық деп қаулы қабылдаған. Бұл да олардың елде кісі ақысының аяқасты болуына жол берілмеуіне қаншалықты көңіл бөлгенін көрсетсе керек.
Исламдағы кісі ақысын мұсылман ғұламалары әр түрлі топтастырған. Кейбір ғалымдар оны төмендегідей бес топқа бөледі:
1. Малға қатысты ақылар. Бұған мал-мүлік пен ақшаға қатысты барлық ақылар кіреді. Мысалы, біреуге жұмыс істетіп алып, ақысын бермей қою, біреудің ақшасын тартып алу, алдап алу, ұрлап алу, малдың кемшілігін жасырып сату, біреудің мүлкіне зиян келтіру, пара беру, пара алу, т.б. жатады.
2. Өмірлік ақылар. Бұған кісі өлтіру, ұрып-соғу, біреудің дене мүшелеріна, ағзаларына жарақат салу, мүгедек ету, т.б. жатады,
3. Ар-намысқа қатысты ақылар. Біреудің ұятына, ар-намысына тию, жағымсыз сөз, өсек-ғайбат айту, жала жабу, боқтау, дөрекілік таныту, т.б. жатады. Әкең жаман, шешең жаман, аяғың қисық, қолың сынық, бойың қысқа, тілің сақау, құлағың керең деген секілді сөздердің бәрі кісі ақысының осы түріне жатады.
4. Махрамға жататын ақылар. Бұл біреудің құрсағындағы немесе дүниеге әкелген бала-шағасына қатысты ақылар. Біреуден туған баланы екінші біреуден деп бүлік шығару осыған жатады.
5. Дінге қатысты ақылар. Бұл да өте ауыр ақылардың қатарына жатады. Ер адамның өз отбасына, бала-шағасына, туған-туыстарына, өзіне қатысы бар өзге де адамдарға имандылықты, Аллаға және ақиретке сенімді, жалпы мұсылмандықтың бес парызын т.б. ислами құндылықтарды үйретпеуі олардың ақысын жеген болып есептеледі. Осы аталған адамдар ертең Алланың құзырына қайтқан кезде өзіне жауапты кісінің жағасына жабысатын болады. «Сен маған неге үйретпедің?» Сен үйреткенде, мен осындай күй кешер ме едім? Намазымды тастар ма едім, оразамды тұтпас па едім, ата-анама тіл тигізер ме едім, құлшылықтан бас тартар ма едім? деген секілді уәждерді алдына тартатын болады. Алла Тағала олардың ақысын міндетті түрде алып береді.
Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаларынан: «Муфлис деген кім екенін білесіңдер ме?»– деп сұрады. Сахабалар: «Муфлис дегеніміз – ақшасы, мал-дүниесі жоқ адам»,– деп жауап берді. (Қазіргі терминмен айтсақ «таза бонкрот адам»)
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Муфлис деген – олар менің үмметтерімнен, қиямет күні намаз, зекет, қажылық, ораза сияқты құлшылықтарымен келеді. Бірақ елге зиян шеккізген, біреудің ақысын жеген, балағаттаған адамнан кейін жапа шеккендер келіп ол адамнан өз ақыларын алады (әр адам келіп, оның істеген сауаптарынан алады). Кейін оның істеген жақсы амалдары бітеді, бірақ ақысын сұрап кезекте тұрғандар бітпейді. Сол кезде олардың күнәлары алынып, бұл кісінің күнәларына артылады», - дейді. Ендеше, кісі ақысы өте қиын жағдай.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Сендердің араларыңда бауырына қиянат жасағандар болса, онда оны осы дүниеде шешсін! Өйткені, Қиямет күні динар да, дирхам да болмайды. Ол күні тек істеген амалдар ғана жауапқа тартылады», - дейді. Ертеректе Мысыр елінде мынадай оқиға өтіпті. Бір мұсылман екінші бір мұсылманнан он соттық жер телімін сатып алады. Сатып алған кісі барып жерін өлшесе, бір соттығы кем болып шығады. Дереу сатушының үйіне барып: «Сатқан жеріңді қайтып ал немесе бір соттық жердің ақшасын бер, бермесең қияметте сол ақымды аламын»,– деді. Сатқан адам ойланбастан: «Қойшы, соны»,– деп мәселеге жеңіл қарай салады.
Бірақ ол сол түні бір түс көреді. Түсінде зәулім бір сарай көреді. Оған: «Мынау - сенің үйің, бірақ саған бір нәрсе кедергі болып тұр. Сен, ана жалған дүниеде біреудің ақысын жеген екенсің»,– делінеді. Таңертең ұйқысынан тұра салып әлгі кісінің үйіне жүгіреді. Жалынып- жалбарынып кешірім сұрайды. Әлгі бір соттық жердің ақшасын берейін, тіпті сол жердің бәрін тегін берейін деп кешірім сұрайды. Сатып алушы болса: «Егер мен адам баласымен келісімге отырған болсам, сізбен келісер едім. Бірақ мен Алла тағаланың алдында, Қияметте аламын деп келісімге отырдым. Бұл келісімімді бұза алмаймын,– деп жауап қатады. Әрине, бұл оның ақысы еді. Ұтылған кім? Әлбетте, жерді алдап сатқан адам. Сондықтан кісі ақысына мұқият болғанымыз жөн.
Құлтума Сармұратұлынан қалған мынадай аталы сөздер бар:
"Арам іске жұмсайсың өнеріңді.
Зар жылатып момынның жейсің малын,
Иманыңнан білмейсің төлеріңді".
Ал енді бұрын біліп-білмей біреудің ақысын жеп қойғандар не істейді. Ислам шариғатында бұған қатысты тәубенің төрт шарты бар:
1. Жасап жүрген күнәлі ісін, пышақпен кескендей сап тыюы керек;
2. «Осы істі бекер жасаған екенмін» деп шын жүректен қатты өкіну;
3. Бұл істі екінші рет қайталамау;
4. Кісі ақысы заттай нәрсе болса, апарып беріп, разылығын, кешірімін алу. Рухани нәрсе болса, кешірім сұрап разылығын алу.
Міне, осы шарттар орындалатын болса, кісі ақысы ақиретке кетпей, осы дүниеде реттеледі. Бұл шарттар орындалмай қалса, жасаған істеріміз Қияметке барғанда, алдымыздан бір-ақ шығады. Бірақ ол кезде бәрі де кеш болмақ.
Сөз соңында Алладан тілеріміз, тәубелерімізді қабыл етсін, бүгінге дейін біліп, білмей жасаған пендешілік күнәлерымызды кешріп, жарылқасын!
Islam.kz сайтынан алынған