Көп әйел алған Пайғамбарымызды «әйелқұмар» деу дұрыс па?

Көп әйел алған Пайғамбарымызды «әйелқұмар» деу дұрыс па?

Адамзат тарихына ой жіберсек, ежелден күні бүгінге дейін екі қарама-қайшы пікірдегі қоғамның бар екені айдан анық. Бұлардың біріншісі – Ұлы Жаратушыға иман келтірген адамдар болса, екіншісі – иман келтірмей күпірлік жолын ұстанғандар. Иман етпеген адамдар әрдайым иманды жандарға сан түрлі жолдармен шабуыл жасап, олардың қастерлеген киелі ұғымдарын тілдеп келген. Осылайша олар өздерінің ішкі дүниелеріндегі арам пиғылдарымен қоғамдағы пәк адамдардың санасын улауға тырысуда. Бүгінгі таңда да арам пиғылды қара ниеттілердің болуы табиғи нәрсе. Өйткені, әркім өзінің ішкі дүниесіне қарай әрекет етеді. Осылайша Ұлы Жаратқанның: «Уа, пайғамбарым «әркім өзінің мінез-құлқына қарай әрекет етеді»-де» («Исра» сүресі, 84-аят),– деген баянының туралығын растамақ.
Міне, сондықтан бүгінгі таңда пайғамбарымыздың аты-жөнін де дұрыс білмейтін жандардың Оның (с.ғ.с.) көп әйелмен некелескенінен хабардар болуы – дін дұшпандарының жайған жалған жалаларының нәтижесі екені сөзсіз. Мұндай пікірлерді жаюға тырысқан адамдар ешбір дінге сенбейтін имансыз жандар да болуы мүмкін. Ал, бұл адамдар пайғамбарымыз жайлы қоздатып келген бұл қитұрқылықты өздері ешбір шектеусіз, ешбір заңсыз жасырын түрде істеуде. Енді осы әйелдермен бірге болу мәселесінде осыншалықты нәпсілерінің құлақкесті құлдарына айналған бұл кісілердің пайғамбарымыздың әртүрлі мақсаттар мен хикметтер үшін Алла қосқан ақ некелілері турасында оны қаралап, айыптауға, одан есеп алуға ешбір ары да, беті де жоқ. Яки, бұл тақырыпта Оны (с.ғ.с.) қасақана қаралауға ты-рысқандар исламға жаны қас яһуди және христиан дінін ұстанатын кейбіреулер. Ал, бұл дінге сенетін адамдардың да бұл әрекеттері ақылға, әрі өздері сенген Тәурәт, Інжіл секілді кітап ұстанымдарына қайшы. Себебі, өздері қастерлейтін қазіргі бұл кітаптарда көп-теген пайғамбарлардың көп әйелмен некелі екендіктері баяндалған. Мысалы, Тәуратта Ибраһим, Дәуіт, Сүлеймен сияқты пайғамбарлардың көп әйелмен шаңырақ құрғандығы айтылған. Ендеше, өздері сенетін пайғамбарлардың көп әйел алуына ешбір кінә тақпаған еврейлер мен христиандардың пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) бұл тақырыпта жалған жала жауып, күйе жағуға тырысулары дұшпандықтан өзге ештеңе де болмаса керек-ті. (Мухиддин Акгүл, пейгамберимизин ханымлары ве евлиликлериндеки хикметлер – 1. Иени үміт журналы, №12, 31-бет. 1999 ж.)
Яки, бұл турасында күмәнді ой өрбітіп, тілдерін босқа бұлғап жүргендер – ислам дінін жетік білмейтін, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы жазылған кітаптарды оқымастан, өзгелердің сырттай жапсырған жалаларының құрығына ілінген адамдар. Егер бұл адамдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянын бастан-аяқ дұрыстап оқып шығып, оның әрбір ісін зерделер болса, аталмыш күмәндарынан сейіліп, ақиқатқа көз жеткізер еді.
Ғаламның рахым нұры – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көп әйелмен некелесуіндегі асыл хикметтер мен ұлы мақсаттарды түсіндірмес бұрын дін дұшпандары айтқандай, Оның (с.ғ.с.) «нәпсіқұмар, әйелқұмар» емес екенін дәлелдеуіміз қажет. Ол үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір сүрген дәуірі мен қоғамын жетік білуіміз ләзім. Иә, ол дәуірдің «надандық, қараңғылық» дәуірі делініп, тарихта қара таңбасымен орын тепкені бәрімізге мәлім. Надандық пен қараңғылық үстемдік еткен бұл қоғамда зинақорлық ашықтан-ашық жасалды. Тіпті, зина жасаушы осы ұятты ісімен халық алдында мақтанып, атақ-абыройға кенелді. Ата-тек, шежіре шатасып, көптеген балалар өз әкесінен бейхабар-ды. Осыншалықты бұзылған қоғамда Пайғамбарымыз – өзінің ар-ұятын сақтай білген абзал тұлға. Ол өзінің алғашқы отауын жиырма бес жасында тіккен еді. Пайғамбарымыз күш-жігердің бойда тасып тұрған осы бойдақтық шағында да ұятты істерге маңайламады. Нәпсісін тежеп, өзінің ерік-жігеріне ие бола білді. Егер пайғамбарымыз осы жасына дейін әлдебір әйелмен заңсыз байланыста болған жағдайда, тырнақ астынан кір іздегіш дін дұшпандары мұны көктен олжа тапқандай аттан салып күллі әлемге жар салар еді. Алайда, пайғамбарымыздың пәк өмірі мұндай кір істерден пәк болғандықтан, дін дұшпандарының діңкесі құрып, бұл туралы жақ аша алмауда. Демек, Мұхаммед (с.ғ.с.) – пайғамбарлық шағына дейін де нәпсіқұмарлық пен әйелқұмарлықтан аулақ өз еркіне ие болып, ар-ұятына қылаудай дақ түсірмеген абыройлы жан (Махмуд Хамди Зақзуқ, Хақайқул-Ислам фи муажаһати шубуһаатил-мушаккикин, 354-бет. Каир қаласы, Мажлисул-ағла ли шуунил-Исламия. 2004 ж.).
Жиырма бес жасында өзінен он бес жас үлкен Хадиша анамызбен шаңырақ көтерді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мекке қаласындағы, тіпті, дүниедегі ең сымбатты әрі ең сыйлы жан бола тұра өзінен он бес жас үлкен Хадиша анамызбен некелесті. Дін дұшпандарының айтқанындай, Пайғамбарымыз нәпсіқұмар біреу болғанда өзінен он бес жас үлкен әйелге үйленер ме еді? Хадиша анамыз бай болғандықтан үйленді дегендерге біз былай деп уәж айтамыз: пайғамбарымыз Хадиша анамызбен үйленгеннен кейін барлық байлығын кедейлерге таратып, өздері күнкөрісі қарапайым халықтан да төмен жұпыны өмір сүргенін ұмытпайық. Байлық үшін үйленген адам өзі әрең жеткен байлықты мұқтаждарға осылай оңды-солды таратар ма еді?!
Хадиша анамызбен көтерген бұл киелі шаңырақтың дәм-тұзы жиырма бес жыл жарасты. Хадиша анамыз о дүниелік болғаннан кейін де Пайғам-барымыз (с.ғ.с.) бес-алты жылдай бала-шағасымен жалғыз қала берді. Егер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дін дұшпандарының айтқанындай әйелқұмар болса, осыншама жыл қалай ғана ешбір ұятты істің көлеңкесіне де маңайламастан бойдақ жүре алды? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұдан кейінгі барлық некелесулері әйелге деген құмарлық сезімнің азаятын шағында басталды. Яғни, 53-54 жасында. Бұған қоса, Айша (р.а.) анамыздан өзге некелескен жарларының барлығы да үлбіреген жас қыздар емес, жастары әжептеуір ұлғайған жесір әйелдер еді. Тіпті, көбінің бұрынғы күйелерінен бірнеше баласы да өздерімен ере келген болатын. Ал енді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) барлық некелесулері әйелқұмарлықтан, нәпсіқұмарлықтан туындаған болса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалыңдыққа жасы ұлғайған жесір әйелдерді емес, он екі де бір гүлі ашылмаған үлбірген жас қыздарды таңдар еді ғой.
Күннен-күнге өрістеп кең етек алып бара жатқан жаңа дінді тоқтату үшін не істерлерін білмей абдыраған құрайыштықтар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере ағасы Әбу Тәліпке келіп: «Біз оған қалаған байлығын берелік, қаласа, Меккенің бар билігін қолына ұстатайық, әйел қаласа, ең әдемі қызымызға үйлендірейік, ауруға шалдықса, дүниенің ең атақты дәрігерін шақыртып емдетейік. Тек ата-бабамыздың дініне қарсы шықпасын. Мына жаңа дінін тастасын»,– деп ұсыныс тастаған еді. Әбу Тәліп құрайыштықтардың бұл ұсынысын Алла Елшісіне (с.ғ.с.) жеткізді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ұсыныстарын естір-естімес: «Алла тағалаға ант етейін, егер менің оң қолыма күнді, сол қолыма айды ұстатса да мен бұл дінімді уағыздаудан бас тартпаймын»,– деп жауап берді. Егер нәпсілік тояттау үшін үйленер болса, Мекке мүшіріктерінің мына ұсыныстарына Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) берер жауабы жоғарыдағыдай болар ма еді?! Демек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көп әйелмен некелесуінің астарында нәпсіқұмарлық емес, басқа биік мақсаттар мен ұлы хикметтердің жатқаны есті адамға айдан анық. Бұл хикметтерді қысқаша түсіндірер болсақ.
1. Тәлім-тәрбие және үйретуге байланысты хикметтері.
Ислам – ең соңғы дін. Сондықтан, бұл дін күллі адамзаттың қажеттілігін өтейтіндей ерекшелікке ие болуы ләзім. Міне, сондықтан тіршіліктің қай қырын болса да қамтитындай ереже-қағида, заңдар әкелуге тиісті. Адамзат көкейіндегі кез-келген сұрақтарына жауап таба алуы үшін Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үй тіршілігі, отбасы өмірі, түнгі өмірі, үй ішіндегі қарым-қатынастары т.б. бөгде ешкім хабардар бола бермейтін іс-әрекеттерінің бәрі нақты түрде бүге-шігесіне дейін түсіндірілуі керек. Олай болмаған жағдайда, қияметке дейін жалғасатын ақырғы бұл дін түсініксіз, жабық күйінде қалмақ. Ал ондай діннің әлемдік дін болуы әсте мүмкін емес.
Пайғамбарымыздағы (с.ғ.с.) аталмыш жағдайлардың толық ашылып, адамзатқа жеткізілуі үшін Оның (с.ғ.с.) отбасында бірнеше жанның болуы ләзім. Ал, олар Онымен (с.ғ.с.) өте жақын байланыста болу мүмкіншілігіне ие жұбайлары ғана бола алады. Міне, осындай ұлы мақсаттың жүзеге асуы үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бірнеше әйелмен некелескен болатын.
Пайғамбарымыздың әрбір сөзі ғана емес, әрбір іс-әрекеті – үмметіне темірқазық іспетті жол көрсетер ереже-қағида. Оның түнде тұрып оқыған намазын, мінәжат, ғибадаттарын бізге осы пәк жұбайлары жеткізбегенде, пайғамбарымыздың бұл тұстары үмметіне мүлде беймәлім күйде қалар еді. Барлық хадис кітаптарына назар аударар болсақ, Хақ Елшісінің (с.ғ.с.) түнгі намазы, үйдегі қарым-қатынасы, басқа да бөгде адамдар көре бермейтін іс-әрекеттерінің бәрін Айша (р.а.) анамыз сияқты пәк жұбайлары жеткізгеніне куә боламыз. Тіпті, Айша анамыз хадистерді жеткізіп қана қоймай, қай хадистің қандай жағдайда айтылғанын да жақсы білуші еді. Әбу Муса әл-Әшғари (р.а.): «Бізге сахабаларға бір хадис түсініксіз болса, оны Айшадан сұрап білетін едік» (хадисті имам Тирмизи жеткізді),– деп, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) пәк жұбайларының исламды түсіндірудегі ерекше орнын баяндаған.
Әйел баласына қатысты сан алуан үкімдерді үйретуде пайғамбарымыздың ақ некелілері мұсылман әйелдер мен пайғамбарымыздың арасында дәнекерлік қызметін атқарды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелдерінің бірнешеу болуының арқасында әйел заты өздеріне қатысты ислам үкімдерімен оңайырақ танысу мүмкіндігі туды. Ислам дініндегі әйелдерге байланысты хайыз, нифас секілді кейбір ұятты мәселелерді пайғамбарымыздың әйелдерге тікелей түсіндіруі дұрыс емес-ті. Міне, сондықтан, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ақ некелілерінің әрқайсысы әйелдерге осы мәселелерді емін-еркін түсіндіретін.
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жұбайларының арасында жас, орта жастағы және егде тартқаны да бар еді. Себебі, әр жас мөлшерінің өзіне тән жеке мәселелері бар. Міне, осы мәселелер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ошағында іс жүзінде, Алла елшісінің көз алдында болғандықтан, жауабы мен шешімдері де дер кезінде беріліп отырды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әр жас ерекшелігіне тән мәселелерге берген жауаптары мен шешімдерін үмметіне жеткізуі осы пәк жұбайларының арқасында жүзеге асты.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шаңырақ көтерген ақ некелілері арабтың түрлі руларынан болатын. Тіпті, олардың арасында сол аймақтағы еврей сияқты басқа да ұлт өкілдері де бар еді. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірісінде, әрі бақилық болғаннан кейін де өз рулары мен қауымдарына ислам дінін үйретуге атсалысты. Пайғамбарымыздың әр жұбайы өз руларының ортасында ұстаздық қызметін атқарды. Тәпсір, хадис секілді білім салаларының тарауына үлкен үлес қосты.
2. Қоғамға қатысты хикметтері:
а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелдерінің басым көпшілігі пана тұтар ешкімі жоқ, әрі жетім балаларымен жалғыз қалған жесір әйелдер болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жаңа дінді уағыздай бастағанда мұсылмандар мүшіріктерден көп жәбір көрді. Оларды сан алуан азаптарға душар етті. Ислам діні жаңа тарай бастағандықтан, бір отбасында кейбіреулердің әйелдері мұсылмандықты қабылдағанымен күйеулері қарсы болатын, енді біреулерінің қыздары мұсылман болып, әкелері исламнан бас тартты. Мұсылман болған әйелдерге ең алдымен күйеулері, сосын әкелері қарсы шығып, жаңа діннен қайтуы үшін оларды аяусыз таяқтың астына алып, шырқыратып жан шыдатпас азаптарға салатын. Бір жолын тауып күйеулерінен қашқан қорғансыз мұсылман әйелдерді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кейде сахабаларына, кейде Алланың әмірімен өзіне некелеп, оларды мүшіріктердің азабынан құтқарып, пана бола білді.
Бір отбасында кейде әйелі де, күйеуі де мұсылмандықты бірдей қабылдап жатты. Ерлері түрлі себептермен о дүниелік болған мұсылман әйелдер әке-шешесінің, ағайын-туысының жанына барған жағдайда оны дереу өлтіретіні, не жан шыдатпас азапқа душар ететіні сөзсіз еді. Осындай қорғансыз қалған жесір әйелдерді мүшріктерге қорлатпай аман алып қалу үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларды өз келісімдері бойынша сахабаларға, не Алла тағаланың әмірімен өзіне некелейтін. Міне, осындай қиын жағдайға тап болған мұсылман әйелдердің жаралы көңілдеріне медеу болып, жетімдерінің басын сипау үшін пайғамбарымыз үйлену сияқты қиын істі кейде өз жауапкершілігіне де алатын.
Пайғамбарымыздың хазреті Сәуда, Хафса, Мәймуна аналарымызбен үйленуінің астарында осындай мақсаттар жатты.
б) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) көп әйелмен некелесуінде сол кездегі қоғамға тән кейбір ерекшеліктер назарға алынған. Мысалы, сахаба Әбу Бәкір, Омардың қыздарымен үйленуі арқылы Құрайыш руымен туысқандық байланысты күшейтті. Арабтарда туыстық қатынастар өте қуатты еді. Міне, осы туыстық сезім, байланыс арқылы құрайыш руының жаңа дінге бет бұра түсулеріне себепші болды.
3. Саяси мақсаттар:
Алла Елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.) некелесуінің бір қыры саяси мақсатқа да сүйенді. Бұл арқылы пайғамбарымыз көптеген рулардың ислам дінімен танысуына дәнекер болды. Бір адам белгілі бір рудан яки ұлттан қыз алысып-беріскенде ол ру, яки ұлтпен табиғи түрде жақындық байланысы күшейе түсетіндігі белгілі. Яғни, құдалық-құдандалық байланыс арқылы араларындағы ыза-кек, дұшпандық жойылып, сыйластық қалыптасады. Міне, адам табиғатының осы бір қырын жақсы білген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұны ислам дінін жұртқа жеткізуде шебер қолдана білді. Мысалы, Харис қызы Жубәйра, Хуйай қызы Сафия және Әбу Суфиян қызы Рәмләлармен некелесуінде осындай астар бар. Аталмыш үш анамыз да сол қоғамда әжептеуір ықпалы бар кісілердің қыздары еді. Жубәйра мен Сафияның әкелері еврейлердің басшыларының санатында болатын. Бұлармен некелескеннен кейін еврейлермен туысқандық қарым-қатынас орнап, көптеген адамдардың Исламмен танысып, мұсылман болуына мүмкіншілік туды. Ал, Рәмлә анамыздың әкесі Әбу Суфиян Мекке басшыларының бірі болумен қатар, мұсылмандардың азулы дұшпаны еді. Мұсылмандарға көрсетпегені қалмаған Әбу Суфиян қызы Рәмланың Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) үйленуінен кейін әжептеуір жұмсарып, кейіннен Ислам дініне өз еркімен кірді (Мухиддин Акгүл, пейгамберимизин ханымлары ве евлиликлериндеки хикмет-лер–1. Иени үміт журналы, №12, 31-бет. 1999 ж.).
Құдаласу арқылы ара-қатынас, байланысты жақсарту тәсілі кейінгі ғасырларда да көп қолданылды. Мысалы, қазақ хандары қалмақ секілді көршілес елдермен де қыз алысқан. Мақсат – қарым-қатынасты күшейту, олардың ішкі саясатынан хабардар болу, елге төнер қауіптің алдын алу болған. Бір өкініштісі, бұл тәсіл кейіннен мұсылмандарға қарсы да қолданылған. Тарихта кейбір үлкен мансапқа қол жеткізген мұсылман басшылардың жұбайларын зерттеген уақытымызда олардың да ағылшын, француз, неміс, еврей сияқты өзге ұлттардан болғандығын көреміз.
Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл тәсілді игі мақсатта қолданған. Адамзаттың исламмен танысып, екі дүниеде де бақытты болуын көздеген.
Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жасаған, тарихта бұрын-соңды болмаған, әрі ескірмейтін, тозбайтын рухани, ғылыми, саяси, мәдени төңкерістерінің ешбірін елемей, Алланың бұйрығымен жоғарыда айтылған ұлы мақсаттар мен асыл хикметтер үшін Оның (с.ғ.с.) көп әйелмен некелесуін жамандыққа балап, жарықтан қашқан жарқанат тәрізді иләһи нұрдан, исламнан шошынған жандар үшін Алла Тағаладан тек қана тура жол тілеп, жүректерінің иман нұрымен нұрлануын қалаймыз!


Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ,
дінтанушы
«Ислам және өркениет» газеті
(Тақырыбы өзгертілген)

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста