Марқұм ата-анаңыздан кешірім сұрағыңыз келсе
Ата-ананың алдында перзенттік парызымды дұрыс өтей алмадым деп сезінген адам, ең әуелі Алла Тағалаға шынайы тәубе еткен дұрыс.
Мұнан соң, қате-күнәсінің кешірілуі үшін ата-анаңызға арнап дұға жасаңыз және ата-анаңыздың атынан садақа беріңіз. Сонымен бірге, ата-анаңыздың туыстарымен ара-қатынасыңызды түзеңіз. Өйткені, бір кісі Алла елшісіне (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Уа, Алла елшісі! Ата-анам бақилық болған соң оларға менің жасайтын тағы да бір жақсылығым бар ма? – деп сұрағанда Пайғамбар(Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, бар. Ата-анаңа дұға ету, олардың ақысына истиғфар айту, оларға берген уәдені орындау, екеуінің ағайын-туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу және дос-жарандарына жақсылық жасап тұру[1]», – деген екек.
Қорыта айтқанда, адам баласы ата-анасына бақилық болған соң да кешірім сұрауына және жақсылық жасауына мүмкіндігі бар. Дейтұрғанмен, ата-ананың көңіліне қаяу түсіру үлкен күнә және дұға-тілегінің қабыл болмауының басты себептерінің бірі екенін ұмытпаған жөн.