Мас кісі Халифа Омарға (р.а.) қандай өсиет айтты?
Халифа Омар (р.а.) ел басқарып жүрген шағында кеш батқанда қалада серуендегенді ұнататын, әрі қаланы барлап қайтатын.
Бірде Абдулла ибн Мәсғуд екеуі серуендеп жүргенде бір үйден біреудің ән айтып жатқанын естіп қалады. Үйге жақындап келіп жартылай ашық тұрған есіктен бір күң әйелдің ән салып, ал қожайыны сол әнге тербеліп шарап ішіп отырғанын көреді.
Бұл көрініске қатты ашуланған Халифа Омар (р.а.) үйдің артқы есігінен кіріп келіп: «Осы тірлігіңе ұялмаймысың?» -дейді шалға қатқыл үнмен. Үй иесі орнынан тұрып халифаға: «О, мүміндердің басшысы! Мен туралы теріс шешім шығармас бұрын, мені тыңдап ал» дейді. Халифа «айт» дегендей ишара жасайды.
Әлгі мас адам: «Егер де мен Алланың алдында бір ғана күнәлі іс жасасам, сен Оның бұйрықтарына 3 рет қарсы шықтың». «Қалайша?» - дейді Халифа Омар (р.а.) таң қалып.
- Біріншіден, Жаратушымыз Құранда: «Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әне, бұдан тіксіндіңдер. Расында, Алла тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді» («Хужурат» сүресі, 12-аят) деген. Бірақ та сен менен күмәндандың.
Екіншіден, Алла тағала Құранда: «(Мұхаммед Ғ.С.), олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол адамдар және қажылық үшін уақыт белгілеу» де және олар хаж кезінде үйге арт жағынан кіруді жақсы деп ойлайды. Үйлеріңе артынан кірулерің бір жақсылық емес. Бірақ кім сақсынса, сол жақсылық. Ендеше, үйлерге есіктерінен кіріңдер әрі Алладан қорқыңдар. Әрине, құтыласыңдар («Бақара» сүресі, 189-аят) деген. Соған қарамастан сен артқы есіктен кірдің».
«Ал үшіншісі не?» -деп сұрайды Xалифа Омар (р.а.)
«Ал үшіншіден, Раббымыз өзінің құлдарына: «Әй мүміндер! Өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алмайынша әрі үй иесіне сәлем бермейінше кірмеңдер. Бұл сендер үшін қайырлы. Әрине түсінерсіңдер» («Нұр» сүресі, 27-аят) деген. Бірақ сен үйіме рұқсатсыз кірдің, әрі амандаспадың» -дейді.
Сонда Халифа Омар: «Дұрыс айтасың, мені кешіресің бе?» деп сұрайды.
«Алла кешірсін!» -дейді шал.
Үйден шыққан Халифа күбірлеп: «Алла кешірмесе не болады?» дейді көзіне жас толып.
Кім болсақ та, қандай биікте болсақ та Алла алдында дәрменсіз құл екенімізді ұмытпайық!
www.mazhab.kz/kk/maqalalar/gibratnama/mas-kisi-halifa-omarga-ra-qandai-osiet-aitty-313/