МАХАББАТ ЖӘНЕ МАҒРИФАТ (суфизм)
Ұшбу шетсіз де шексіз, алып та орасан әлемнің және бүкіл тіршілік иелерінің жаратылуы мына екі иләһи сырмен көмкерілген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іslam.kz-ке сілтеме жасап.
1) Махаббатуллаһ;
2) Мағрифатуллаһ.
Жанды-жансыз барлық болмыс осы екі сырдың көрініс табуымен жарыққа шыққан. Бір «құдси хадисте» былай делінеді:
«Мен бір көмескі қазына едім. Білінуімді қаладым (мағрифатыма махаббатым ауды), сөйтіп (бұл) әлемді жараттым»[1].
Яғни, Алла Тағала болмыстың әрбірін Өзінің өнер құдіреті мен кәмілдігінің дәлелі ретінде жаратқан. Күллі болмыстың ішіндегі иләһи шеберліктің төтенше кереметі болған адамды да махаббат пен мағрифаттың кәміл көрінісінің айнасы ретінде жаратқан.
Сол себепті адамның жаратылу мақсаты – құлшылық қылуы және Раббысын танып, білуі. Осы мақсаттың шеңберінде болмыстың және ақиқаттың тереңіне бой алдыра білудің сыры да махаббат пен мағрифат дариясынан бір тамшыға болса да, қол жеткізумен бастау алады. Сондықтан құлшылықтың шыңы – ғашық, ариф (парасатты) құл болу.
Өйткені ғашықтық пен ирфан, яғни, махаббат пен мағрифат жүректі кемелдендіріп, адам түйсігін материалдық ғылымның арғы жағына сапар шектіретін екі рухани қанат тәріздес. Адам тіпті осы екі қанатпен жеті қабат көктің және миғраждың жолаушысы болады.
Осы шындық негізінде Хазіреті Мәуләна Руми Махаббатуллаһ пен мағрифатуллаһ ғылымының адам баласы үшін қаншалықты маңызды екендігін меңзеп былай деген:
«Тек сыртқы дүниенің ғана ғалымы болғандар өз салалары бойынша геометрияны, астрономияны, медицинаны және пәлсафаны ең жұқа тұстарына дейін меңгереді. Олар осыларды білгенімен, бұл білімнің барлығы қас қағымдық сәтте өте шығатын осы фәни дүниеге тиісті мәліметтер ғой! Бұлар адамға жетінші қабат көктің үстіне, яғни, миғражға сапар шегудің жолын көрсете алмайды», - дейді.
«Алла жолын және сол жолдың бекеттері туралы мәліметтерді нәпсіқұмарлығының жетегінде кеткен ғапылдар біле алмайды! Алла жолы туралы мәліметтерді тек көкірегі ояу арифтер (парасатты құлдар) ғана, олар да ақылдарымен емес, көңілдерімен біледі!» - дейді Руми.
Демек, құлды Аллаға апарар жалғыз соқпақ Алланы тануға және Оны сүюге құмартудан басталады екен. Сол жолмен Раббысына ұмтылғанда мақсаттарына тезірек жетеді. Өйткені Алла Тағала:
«Аллаға жүгіріңдер!...»[2] - деп бұйырған жоқ па?
Махаббат және Мағрифат жолы
Хақтың ризашылығына қауышуға апаратын махаббат және мағрифат жолы аппақ қағаз бетіне ұқсайды. Онда жазылған барлық жазулар да анық және жарқын әріптен, оларды тек қана Хақ Тағала оқиды. Сондықтан Алланың ізгі құлдары сол аппақ қағазға қара дақ түсіріп алмаудың уайым-қайғысымен өмір сүріп, құмырсқаның өзін жаншымауға тырысып баққан.
Осындай Рухани дәрежеге жету Хақ Тағаланы лайықты түрде тану мен Оған тақуалық шеңберінен шықпай құл бола білу арқылы мүмкін болмақ. Себебі әлдекімнің Алла Тағала хақындағы білім, танымы және махаббаты артқан сайын, Алладан қорқу және Оған деген тақуалық сезімдері де соғұрлым арта береді. Ғалам мақтанышы саллаллаһу алейһи уә сәлләм осыған назар аудартып:
«Араларыңдағы Алланы ең жақсы таныған және Одан ең көп қорқатындарың менмін!» - деген еді[3].
Бұл тақуалық – ақылмен біліп, танитын тақуалық емес. Жүрекпен танып, сезінетін және тұла бойды билеп тұратын тақуалық. Хақ Тағала Құран Кәрімде осыған байланысты былай деген:
«Әлде түндерін сәжде етумен және тік тұрып құлшылық қылумен өткізге, ақырет азабынан сақтанып, Раббысының кеңшілігін сұрағандар кәпірлердей бола ма? (Ей, Расулым!) Айт: «БІЛГЕНДЕР МЕН БІЛМЕГЕНДЕР ТЕҢ БЕ?» Тек (дұрыс) ақыл иелері ғана ғибрат және үкіт алады», - дейді[4].
Демек, Хақ Тағаланың назарындағы шынайы ғылым – құлды Алладан қорқуға және тақуалық сезімдеріне жетелейтін ғылымдар, яғни, ирфан (парасат), мағрифатуллаһ болмақ. Мағрифатуллаһқа жету үшін жоғарыдағы аят-кәримада баяндалған мына мәселелерге баса назар аудару қажет:
1) Түндерді сәжде, қияммен (назбен) өткізіп, Хақ Тағаламен жүрекпен байланыс жасау;
2) Әр сәтте, барлық күйде және әр ісімізде ақыреттегі есебін көп ойлап, дүниенің фәнилігін естен шығармау;
3) Раббымыздың мархаматынан (мейірімінен, рахымынан) үміт үзбей, үнемі Оған дұға және жалбарыну халінде жүру. Өйткені ұлы рухты адамдар үнемі дұға халінде өмір сүреді.
Ислам ғұламалары былай деген екен:
«Құран Кәрім үш маңызды негізден құралады:
1) Аллаға махаббат және мағрифатуллаһ;
2) Ақыретті шынайы танып, оны бағалау;
3) Тура жолмен (сырату мүстақиммен) жүру. Осы үш негіз – Құранның ең маңызды және негізгі көздеген мақсаттары, басты тақырыптары. Ал өзгелері – осыларға негізделген тақарыптар».
Махаббат және Мағрифат жолаушылары
Мағрифат жолына тек жүрек әлемінде және иләһи ғашықтықпен ғана шығылады. Бұл жолдың даналары:
«Ей, мағрифат жолаушысы! Бұл жолда шыдамсыздықты сабырмен, ұмытшақтықты зікірмен, опасыздықты шүкірлікпен, қарсы келушілікті тағатпен (итағатпен), сараңдықты жомарттықпен, күмәнді яқинмен (шынайы сеніммен), рияны ықыласпен, қырсықтықты тәубемен, жалғанды шындықпен, ғапылдықты тәфәккурмен алмастырмайынша, ілгері қадам аттай алмайсың!...» - деп үндей салады.
Осылардың барлығына толық қол жеткізу үшін, ең көп мән беруіміз керек болатын мәселелердің басында адал ас ішу келеді. Өйткені адал ас бойымызда хикмет, білім және мағрифатты өндіреті. Көңілде Аллаға деген махаббат, құмарлық және құштарлықты оятады. Мағрифатуллаһ солай артады. Ал хараммен былғанған көңілдер ешуақытта мағрифаттың дәмін тата алмайды. Имам Ғазали (рахматуллаһи алейһи) былай деген:
«Дүниеде мағрифат дәмін тата алмағандар ақыретте алланың жамалын көру нығметіне ие бола алмайды. Адам дүниеде ақысын төлемеген нәрсесіне ақыретте қалай ие болсын?!... Мұнда кім не еккен болса ақыретте соны оратын болады. Бәрі де қалай өмір сүрген болса, солай өледі және қалай өлсе, солай тіріледі. Мінеки, мағрифатуллуһта да солай – осы дүниеде Хақты танып, тиісінше амалдарды қаншалықты істей алған болса, ақыретте Алланың нығметіне соншалықты дәрежеде ие болады»...
Мағрифаттың ақиқаты – пенденің өз дәрменсіздігін түсінуі
Исламның ұлы тұлғалары білім жайында былай айтқан екен:
«Білім – аңғарып түсіну деген сөз. Түсінбесең, білімдімін деме. Ал түсінудің соңғы аялдамасы мағрифатуллаһ болмақ. Сол себепті мағрифатуллаһ – барлық білімдердің өзегі. Барлық білімдер мағрифатуллаһқа жақындығы мөлшеріндей құнды...».
Құран Кәрімде мағрифат білімін меңгерген кісі «ғалым» деп аталған және олардың ең айқын ерекшеліктері ретінде тақуалықтары айтылады. Мына аят-кәримада былай делінеді:
«... Құлдарының ішінде тек (нағыз) ғалымдар ғана Алладан (тиісінше) қорқады...»[5].
Мұндағы қоқу – үркіп, шошыну мағынасындағы қорқу емес. Одан гөрі махаббаттан туындайтын қорқу. Яғни, сүйіктісін ренжітіп алмау, оны разы ете алмау және оның назарынан тысқары қалып қоюды уайымдаудан пайда болған қорқыныш сезімі. Бұл болса, ақылдан гөрі жүректе болатын құбылыс. Сондықтан ең әуелі білімнің ирфанға (парасатқа) айналуы тиіс. Өйткені білімді ирфанға айналдырмай, оны тек қана көтеріп жүрумен шектеліп, сөйтіп, өздерін нәпсі қалауларының бұрқасындарына жем қылған білім иелерін Хақ Тағала «Жұма» сүресінде «том-том кітаптарды арқалап жүрген есектерге» ұқсатады.
Сол себепті, Хазіреті Юнус Әмре білім мен мағрифаттың хақиқатын былай тілге тиек еткен:
Ғылым – білім білгенің,
Ғылым – өзіңді білгенің.
Сен өзіңді білмесең,
Оқу сенің не теңің?!...
Оқығанның мәні не? Ол -
Адам Хақты тануы.
Неге оқыдың, білмесең,
Босқа кеткен әуре де.
Оқыдым, білдім деме,
Көп тағат қылдым деме.
Егер Хақты білмесең,
Құр сөзбен білгенің.
Бұл өлең жолдарында оңай тілмен түсіндірілген мағрифат – адам бойындағы, сөздегі және бүкіл ғаламдағы сыр мен хикметтерді қамтитын шексіз де шетсіз иләһи ілім.
Ауызбен айта салуға оңай болып көрінгенімен бұл ілімді негізінде толық сипаттап беру, толық анықтамасын жасау адамзат шамасынан тыс нәрсе. Бірақ әркім өз ақыл-ойының, жан дүниесінің және күш-жігерінің мөлшерінше бұл ілімді татып, нәсібін ала алады. Сол себепті әлем мақтанышы Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) былай деген:
«(О, Раббым) Саған (өзіңе лайықты түрде) мақтау, мадақ айта алмадым (ол жөнінде әлсізбін). Сен өзіңді қалай ұлықтасаң, сондай ұлықсың!» - деп дұға қылатын[6].
Міне, мағрифат! Барлық мәселе осындай ирфанмен Хаққа ғашық және Ариф құл бола білуде!
Осман Нұри Топбаш
Аталмыш мәлімет автордың "Махаббат және Мағрифат"
атты еңбегінің қазақшаға аударылған нұсқасынан алынды.