Мүфтият "Алла" сөзінің жазылуын нақтылады
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы "Алла" сөзінің жазылуын нақтылады. Өйткені, ел ішінде қазақ тілінің үндестік заңына қайшы "Аллаһ" деп сөйлеп, "Аллаһ" деп жазу белең алып кеткен.
Осыған орай, биылғы жылды "Дін және дәстүр" жылы деп атаған Діни басқарма жанындағы арнайы Ғұламалар кеңесі "Алла" деп айтып, "Алла" деп жазу керек деген пәтуа шығарды.
Бұған қоса, әртүрлі басылымдарда "Хақ Тағала", "Құдай Тағала", "Алла Тағала" деген сөздер де әр түрлі жазылып келген.
Алайда Алла есімдеріне қосарлана жазылатын "тағала" сөзі бірде кіші әріппен жазылса, енді бірде бас әріппен берілетін.
Бұдан былай, "Тағала" сөзі міндетті түрде бас әріппен жазылатын болып белгіленді. Бұл сөздер қоғам ішіндегі ұзақ жылғы принципті дауға нүкте қою үшін нақтыланып отыр.