Мұнан да ізгі бір амал бар
Бір күні Алланың Елшісі (с.ғ.с.) түйесінің үстінде келе жатқан еді. Ал сахабалары оның алдына түсіп кеткен болатын.
Мұғаз ибн Жәбал (р.а.) Алла Елшісіне қарап:
– Уа, Алланың Елшісі! Мазаңызды алмасам, жаныңа жақындауыма рұқсат беріңіз, – деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Жарайды, жақында! – деді.
Мұғаз оған жақындап, бірге жүріп отырды. Бір кезде Мұғаз (р.а.):
– Уа, Алланың Елшісі! Жаным жолыңда құрбан болсын! Хақ Тағаладан біздің жанымызды сенен бұрын алсын деп тілеймін. Құдай бетін аулақ етсін, бірақ сіз бізден бұрын көз жұмсаңыз, қандай құлшылықтар жасайық? – деп сауал қойды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның сауалына жауап бермеді.
Мұғаз (р.а.) шыдай алмай:
– Алла жолында күресейік пе? – деп тағы да сауал қойды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Алла жолында күресу ғажап іс. Бірақ адамдарға одан да қайырлы іс бар, – деді.
Мұғаз (р.а.):
– Яғни, ораза ұстап, намаз оқу ма? – деп сұрады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
– Адамдарға мұнан да ізгі бір амал бар, – деп жауап берді.
Мұғаз (р.а.):
– Әке-шешем жолыңа құрбан болсын! Адамдарға мұнан артық қандай ізгі іс бар? – деп қоймай қайта сұрады.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) аузын нұсқап:
– Жақсы нәрсе айтпаса, жақ ашпау, – деп жауап берді. Мұғаз (р.а.): – Сөйлеген сөзіміз үшін есепке тартыламыз ба? – деді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұғаздың тізесінен түртіп:
– Алла сені мейіріміне бөлесін Мұғаз! Адамдарды тозаққа түсіретін тіл емей немене?! Кімде-кім Аллаға және ақыретке иман келтіретін болса пайдалы сөз сөйлесін немесе үндемесін. Зияны тиетін сөз айтпасын! Сендер игі сөз сөйлеп, табысқа жетіңдер. Зиянды сөз сөйлеуден ұзақ болыңдар, сонда тыныштық табасыңдар, – деді (Хаким IV, 319/7774).
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz