Мына бес адаммен дос болма
Имам Мұхаммед Бакыр былай дейді: "Әкем имам Зәйнулабидин хазірет маған: "Бес түрлі адаммен сөйлеспе, дос болма", - деп насихат айтты.
«Әкетай, айтқаныңызды құп алдым. Ол бес түрлі адамның қандай адамдар екенін білдірмес пе екенсіз?» - деп сұрадым.
Сонда былай деп түсіндірді:
- «Пасық (Алланың бұйрықтарын орындамайтын) адаммен дос болма. Өйткені ол сені бір жұтым асқа, тіпті болар-болмас нәрсе үшін-ақ сатып кетеді». «Болар-болмас дегенді түсіндіресіз бе?» деп сұрадым. «Айтпағым, қолы жетсе деп өлермендік танытып, бірақ қолы жетпеген нәрсе».
«Әкетай, екіншісі кім?»
-«Сараңмен дос болма! Өйткені ол қатты қиналған кезіңде дүниесін қорғаштап, сенімен араластығын үзеді».
«Үшіншісі кім?»
-«Өтірікшімен дос болма! Өйткені ол жақынды саған алыс етіп көрсетеді».
«Төртіншісі кім?»
-«Ақымақпен дос болма! Өйткені ол саған пайда тигіземін деп зиян тигізеді».
«Әкетай, бесіншісі кім?»
-«Жақын туыстарымен араласпай кеткен адаммен дос болма! Өйткені Құран Кәрімнің тура үш жерінде бұндай адамның оңбайтындығы айтылғанын байқадым».