Намазда ойыңыз бөліне берсе... (кеңестер)

Намазда ойыңыз бөліне берсе... (кеңестер)

 Біз тарих беттерінен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазы туралы оқиғаларды жиі оқимыз. Аштықтан құрылдаған қарынның, ісіген аяқтың халіне қарамастан, жүрегі шаршамай, беріле оқыған намаздары – әрбір мұсылманға үлгі. Жасқа шыланған жайнамаз, тізесінен тырсылдап таматын көз жастары бір бөлек әңгіме. Ол Алла алдында тұрудың рақатын, бақыты мен қуанышын, намаздың тәтті дәмін сезінген адам. Сондықтан да намаз уақыты келгенде «Ей, Біләл! Бізді рақаттандыр!» деп бұйыратын. Ал Әбу Бәкірдің (оған Алла разы болсын) «Өкінуші, қайғылы» деген есімін білеміз. Ол Құранды естігенде, оқығанда жылайтын, намазда, имамдыққа шыққанда жылайтын. Омардың (оған Алла разы болсын) бір жас баланың Қиямет күні туралы оқып отырған аяттарын естігенде талып түскені есіңізде ме? Осыдан кейін бір ай бойы төсек тартып жатты. Омардың намазда тұрып жылаған дауысы ең артқы сапта тұрған сахабалардың құлағына жететін болған екен. Баласын жылан шақпақ болғанын байқамаған, үйдің ішінде өрт болғанын білмеген, рукуғта тұрғанда арқасына құстар қонатын ізгі жандардың оқиғалары жүректі тербейді. Ал өзіміздің намазымызды олардың намазымен қаншалықты салыстыра аламыз? Әңгіме хушуғ туралы еді.
Хушуғ – жан-тәнімен берілу, бағынушылық, бойсұнушылық, төмендеушілік, тыныштық, өтіну, сұрау, тілеу, Аллаға бағыну. Яғни, сенің жүрегіңнің құлшылық жасауы. Хушуғ – намаздың жаны. Ал намаз – діннің тірегі, Жәннаттың кілті.

Алла Тағала Құранда: «Ақиқатында, имандылар (мүміндер) жеңіске (бақытқа, мұратқа) жетті. Олар намаздарында беріле бойсұнатындар». дейді. («Му’минун» сүресі, 1-2-аят). Ал Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тиісінше дәрет алып, бойсұна, толық намаз орындағанның кіші күнәларының кешірілетіндігін айтады.
Хузейфа (оған Алла разы болсын): «Екіжүзділікпен хушуғ етуден қорқыңдар» дегенде, оған: «Екіжүзділікпен хушуғ ету деген не?» деп сұрақ қойылады. Сонда Хузейфа: «Дененің (Аллаға) берілген болып көрінгенімен, жүректің хушуғ етпегендігі» деген. Хузейфа (оған Алла разы болсын) тағы бір сөзінде: «Діндеріңнен ең алдымен жоғалтатындарың – хушуғ» деген. Кез келген ішінде хушуғы бар ғибадаттың сауабы ондағы хушуғтың мөлшеріне қарай беріледі. Өйткені Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқыған кісі туралы: «Оған намазының жартысы, төрттен бірі, бестен бірі... оннан ғана бірі беріледі» деген. Әрбір мұсылман Раббысы разы болатын, Ақырет таразысында ауыр тартатын құлшылық жасағысы келеді. Және «осымен Жәннатқа жетеміз-ау» деп жүрген «алданыш амалымыздың» ең үлкені – намаз. Ендеше, дәл бүгін Пайғамбардың көзінің қарашығындай болған намазды аялауға қадам жасап көрейікші. Төменде жазылған кеңестер – сізге де, бізге де үгіт-насихат.


1. Дұға жасау. Құранда және хадисте келгендей, дұға қабыл болатын мезгілдер мен мекендерде дұға жасау. Ибраһим Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алла Тағалаға мынадай дұға жасады: «Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушылардан ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ет!». («Ибраһим» сүресі, 40-аят). Намазда бойсұну – үлкен нығмет. Ал нығмет дұғамен келеді. Жүректердің иесі – Алла, яғни, Алла бермесе, ешбір кеңес сізге бұл рақаттың дәмін таттыра алмайды.


2. Намазға тиянақты дайындықпен келу. Ең бірінші ұқыптылықпен дәрет алу қажет. Себебі, көптеген уәсуас дәреттің нашарлығынан болады. Ал бұл ойлар жүректегі хушуғты жояды. Бірде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерге Алланың күнәларыңды кетіріп, Жәннаттағы дәрежелеріңді көтеруіне себеп болатын амалды айтайын ба?» деді. Басқалар: «Иә, Алла Елшісі!» дегенде: «Дәретті мұқият алыңдар...» деген екен. (Муслим) Яғни, әрбір мүшенің дәреттегі хақысын беру керек.


3. Намаз алдында мисуак қолдану. Алла Тағаланың алдына барарда Құран аяттарын оқитын ауыз қуыстарын тазарту абзал іс. «Ауыздарың – Құранның жолы, мисуакпен тазалаңдар» (Әбу Нуайм). «Үмбетіме қиындатып қоятын болмағанымда, оларға әр намаздан бұрын мисуак қолдануды бұйырар едім» (Бұхари), «Мисуак қолданыңыздар, ол ауыз тазалығына әрі Жаратушының разылығына себеп» (Бұхари) деген хадистер – мисуак қолданудың даналығын нұсқайды.


4. Мешітке ерте бару. Жоғарыда келтірілген Муслимнен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) күнәларды кетіріп, Жәннаттағы дәрежені көтеретін амалдарға дәретпен бірге, мешітке қарай басылатын көп қадамды атайды. Өзіңіз ойлаңызшы, асығып келіп, екінші ракатқа қосылуда, ыңғайсыз орында тұруда қандай бойсұну болсын!? Ал адам мешітке тыныштықпен, лайықты түрде кіріп, намаздың уақытын күтсе сауап жазыла бермек.


5. Жақсы киіну, иістену. Бойсұнуға жол ашатын әдістердің бірі – хош иісті миск себу. Сондай-ақ Алла Тағала Құранда: «Ей, Адам ұрпақтары! Әрбір сәжде жасайтын орында көрікті (киімдеріңді) киініңдер» деп бұйырады» («Аъраф» сүресі, 31-аят). Және хадисте: «Алла – Сұлу, сұлулықты жақсы көреді» делінген. (Муслим). Бұл – құлшылық, Аллаға, дініне деген құрмет. Аяқтан, қолтықтан жағымсыз иіс шыққанда, кірленген киіммен тұрғанда намаздың тәтті дәмін сезу қиын. Мұндай әдепсіздік мешітке намаз оқуға келген басқа мұсылмандарға да зиянын тигізеді. Ақиқатында, періштелер де адамдар жиренетін нәрседен жиренеді.


6. Тақуа имамның артында тұрып намаз оқу. Жамағатта болу шайтанның үрейін туғызады әрі Алланың ризашылығына жеткізеді. Алла Елшісі бұл туралы: «Ақиқатында, қасқыр отардан бөлінген қойды жейді» (Әбу Дәуіт) және «Кім Жәннаттың ортасын қаласа жамағатта болсын: расында, шайтан бір адаммен болады, ал екі адамнан алыстайды» (Ахмад, Тирмизи), «Бір ауылдағы немесе шөлдегі үш адам жамағат болып намаз оқымаса, шайтан оларға билік жүргізеді. Сондықтан да, намазда жамағатпен болыңыздар, қасқыр да отардан бөлінген қойды жейді» деген. (Әбу Дәуіт, Тирмизи). Яғни, жамағатпен намаз оқу қай жағынан да құлшылыққа пайдалы. Ал тәнмен ғана емес, жүрекпен, беріле, қорқынышпен оқитын имам артында тұру – хушуғ тудыратын себептердің бірі.


7. Намазда кедергі болатын барлық нәрседен арылу. Намазға тұрарда ыңғайсыздық тудыратын барлық нәрсені мешіттің сыртына тастап (үйдгегі намазға тұрар алдында да) кетіңіз. Тіпті, тәкбір қаққанда күллі дүниені, дүние туралы ойларды тәрк ету қандай үлкен жетістік! Себебі, біз «Аллаһу акбарды» айтумен әлемдердің Раббысымен тілдесуді бастаймыз. Ілгері буынның тақуалары тәкбір қаққанда қорқыныштан дірілдейтін болған екен. Мұның себебі сұралғанда: «Сендер қазір менің кімнің алдымда тұратынымды білесіңдер ме?» деп жауап беретін болған. Сондай-ақ, тамақ дастарқанға қойылғанда, қарныңыз қатты аш кезде намазға тұру қайтарылады. Муслимде Аиша (оған Алла разы болсын) анамыздан жеткен мына хадис келтірілген: «Тамақ қойылғанда намаз жоқ». Иісі мүңкіген, тәбетті ашатын тамақ адамды намаздан алдайды, нәтижесінде хушуғ жоғалады. Жел шығарғыңыз келгенде, үлкен, кіші дәрет қысқанда намаз оқымаған жөн. Алдымен қажеттілікті өтеп алу керек. Мұндайда жамағат намазға үлгермесеңіз, ақталу себебім бар деп біліңіз. Мұнан басқа қыбла бағытына күмәндану мен ашылып қалуынан қорықатын киімдеріңіз де намазға кедергі келтіреді. Тірі жаратылыстың суреттері бар картиналар немесе шымылдықтардың да болмауын қадағалаңыз. Киімдегі тым көп қызылды-жасылды өрнектердің де ойыңызды бөлмейтін болуына назар аударыңыз.


8. Истиғфар дұға мен зікір. Намазға барар алдында жан мен жүректі тазарту қажет. Муслимде Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазына барар жолда нұр сұраған дұғасы келтіріледі: «Ей, Алла, жүрегімді нұрландыр, тілімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, жанарымды нұрландыр және маған үстімнен нұр бер, астымды нұрландыр, маған оң жағымнан нұр бер, маған сол жағымнан нұр бер, алдымды нұрландыр, артымды нұрландыр, ішкі дүниеме нұрды жайластыр және мен үшін нұрды ұлы ет, мен үшін нұрды үлкен ет, маған нұр ендір, мені нұр ет!...». (Мұнан басқа намаз алдында кешірім сұрап, Аллаға мақтау айтылатын зікірлерді «Мұсылман қорғаны» кітапшасының 32-42 беттерінен таба аласыздар).


9. Қуылған шайтанның азғырылуынан сыйыну. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз алдында Алла Тағаладан пана сұрайтын болған: «Шайтанның дем салып, үрлеуінен және оның тәкаппарлығынан және оның зиянынан Аллаға сыйынамын» (Әбу Дәуіт). Келесі бір хадисте намаз уақытында уәсуас салатын шайтан туралы былай делінген: «Бұл Хинзаб атты шайтан, сен оның қатысуын сезсең, Аллаға шайтаннан сыйын да, оң жаққа үш рет түкір». (Муслим, Ахмад). Яғни, намаз уақытында бөтен ойлар келе бастаса, «Әъузу бил-ләәһи минәш-шайтаанир ражиим» деп оң жақа түкіресіз.


10. Намазды сутра қойып оқу. Әбу Дәуіт келтірген хадисте: «Егер кімде кім намазға тұрса, сутраға жақындасын» делінген. Мұндағы даналық – сутрадан ар жақа қарамау, адамның назары сутрамен аяқталады, сутрадан шайтанды, адамды өткізбеу.


11. Сәжде жасалатын жерге қарау. Хаким Аиша (оған Алла разы болсын) анамыздың: «Алла Елшісі намазды сәжде жасайтын жерге қарап оқитын» деген хадисті келтіреді. Бұл – тап бір құлдың қожайынның алдында қорықа, бойсұна тұрғанындай құбылыс.


12. Намазда өлімді еске алу. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазда өлімді ойлағанның құлшылығы жақсарады деген болатын Келесі намазға жетпеймін деген ой –сіздің дүниелік ойларыңыздан арылуыңызға себеп болады. Хушуғ тудыратын ең үлкен себеп – намазды маған берілген соңғы мүмкіндік деп оқу.


13. Дұғаларды, сүрелерді ауыстырып отыру. Яғни, бес уақыт намазда үнемі «Ықыласты», «Кәусарды»оқи беру хушуғтың пайда болуына кедергі болады. Ал әр түрлі сүрелерді түсініп оқыған адам бойсұнуға жетеді. Бізде басқа 112 сүре бар емес пе? Ал қимылдар арасында айтылатын дұғалардың бірнешеуі жеткен. Мәселен, рукуғта айтылатын: «Субханә раббиял-ъазыйм»-нан басқа, «Субханәкәл-лаһуммә раббәнә уә бихамдик. Аллаһуммәғ-фир-ли» дұғасы

бар.
14. Намаздағы тыныштық. Рукуғты, сәждені асықпай, сүйектердің қалпына келгенін күтіп, мұқият әрекет жасау. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазды солай оқыған. Жаттығу жасаған адам немесе робот секілді қимылдау – намаз рақатын сезінуден тосады. «Ақиқатында, нағыз ұры – өзінің намазын ұрлаушы адам».
15. Аяттарға, зікірлерге ой жүгірту. Құран – біреулер айтатын «құр ән» емес. Құран – жатқа оқу үшін емес, ой жүгірту, амал жасау үшін түсірілген кітап. Алла Тағала «Сад» сүресінің 29-аятында: «Бұл – Біз саған түсірген берекелі Кітап. (Біз оны адамдардың) аяттарын түсінсін деп және ақыл иелерінің үгіт алуы үшін (түсірдік)» немесе «Олар Құранға зер салып қарамай ма?...» дейді. («Ниса» сүресі, 82-аят). Өзіңіз бес уақыт оқитын аяттарыңыздың, дұғаларыңыздың мағынасын білмесеңіз хушуғқа жетемін деп ойламаңыз. Ойлаңызшы, бастығыңыздың алдында тұрып, не айтып жатқаныңызды білмесеңіз, қандай күйде болар едіңіз? Сол себепті, әлемдердің Раббысының алдында айтатын әрбір сөзіңіз жүректен шықса, сауабы көп әрі пайдасы шаш-етектен болмақ. Аяттардың тәпсірлерін қарап шығыңыз, қандай жағдайда түскенін біліп алғаныңыз да абзал.


16. Иманды күшейтіп отыру. Намаз – адам иманының өлшем бірлігі. Сондықтан, иман әлсірегенде намаздағы хушуғ та жоғалады. Адам тамақсыз өлетін секілді, иман да тамақсыз күш-қуатынан айырылады.Иманның азығы немесе күшейту құралдары ретінде төмендегілерді атап өткіміз келеді:


- Құран аяттарын түсініп оқу;

- Парыз намаздарға ықыластылық таныту;

- Пайғамбардың өмір жолын оқу;

- Дұға, нәпіл құлшылықтарды арттыру;

- Иманды күшейтетін әсерлі кітаптарды оқу, көркем уағыздар тыңдау;
Жоғарыда топтастырылған 16 кеңес – тәуекел ету алдында жасалатын материалдық және рухани амалдар ғана. Асылында, құлшылық ләззатын сыйлаушы – ұлы Алла. Ілгері буынның бір тақуасы: «Мен намаздағы хушуғ дәрежесіне жиырма жыл түнгі намазға тұру арқылы жеттім» деген екен. Ендеше, дұға жасауды тоқтатпайық!

Асыл арна

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста