Намазда қалай ойыңды жинақтауға болады?
Адамның өз алдына қоятын маңызды тапсырмаларында табысқа жетуі немесе сәтсіздікке ұшырауы оның психологиялық ахуалына байланысты. Егерде ол көксеген мұратына жетемін деп, өз-өзін саналық тұрғыдан сендірсе, Алланың қалауымен дегеніне жетеді.
Ал, намаздың мақсаты ─ Аллаға жақындау. Намаз оқымас бұрын сол мақсатқа ниеттену керек, діттегенімді орындаймын деген ойда бекем әрі табанды болу қажет. Осылайша, сіз намазға дайындаласыз. Дәрет алу кезінде өз-өзіңізге іштей: «Мен Алланың құзырына барамын!» -деп ойлаңыз. Онымен кездесу үшін жасап жатқан әрекетіңіздің себебімен күнәларыңыздың төгілетінін еске алыңыз. Алла Тағала Өз құлының намазда Онымен кездесуге деген тілегін лайықты түрде бағалап, оның күнәларын кешіреді. Алла Тағаламен жүздесудің негізінде шындығында не жатқандығын ойланып көріңіз. Сіздің рухани саяхатыңыз осы жерден басталады.
Намазға тұрған кезде Алланың алдында тұрғаныңызды жақсылап санаңызға құйып алуға тырысыңыз. Тым болмағанда, «Алла мені көріп тұр» деген сенімде болуға талпыныңыз. Алланың ұлықтығын ойлаңыз. «Аллаху Акбар» деген Тахрима Тәкбірінің сөздері Алланың ұлықтығын толық ұғынумен, жүрегіңіздің түкпірінен шығуы тиіс. Өзіңіз ойлап көріңізші, Онымен тілдесу мүмкіндігіне ие болған сіз неткен бақыттысыз. «Бұл ─ менің соңғы мүмкіндігім. Келесі намазға дейін өмір сүрмеуім мүмкін», - деп елестетіңіз.
Шын жүрегіңізбен, бар жан-тәніңізбен, ақыл-ойыңызбен құлшылық жасаңыз. Бар назарыңыз Алланың пәктігі мен Оның ұлықтығында болсын. «Әл-Фатиха» сүресі мен одан кейінгі сүрелерді оқығанда ондағы сөздердің мағынасына ой жүргіртіңіз. Бұл ─ сіздің Аллаға бағытталған сөздеріңіз. «Құранды өз тіліммен оқи алатын мен не деген бақытты жан едім», - деп іштей түсініңіз. Рукуғқа барғанда өзіңіздің жай ғана иілмегеніңізді, Аллаға бойұсынып иілгеніңізді қаперіңізге алыңыз. Жаратқан Иемізге деген құрметіңізді білдіріп, «СубханаЛлахуль ъазим» ұлықтау сөздерін Алланы мадақтаудан ләззат алып, шын жүрегіңізбен айтыңыз.
Сәждеге барғанда басыңыздан бастап, аяғыңызға дейін бүкіл тәніңіздің өзінің Жаратушысының алдында тұрғанын есте сақтаңыз. Біз Соған ғана бағынамыз және Жаратқан Раббымыз кемшілік атаулыдан Пәк (Субхана Рабиль Ал’а) екенін айтамыз. Ташахудта «Әттәхиятты» оқып отырып, Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, Миғраж кезінде өзінің бойұсынушылығын білдіргенін ойлаңыз. Ал, сіздің мұны намазда сұрауға мүмкіндігіңіз бар: «Менің намазым – менің Миғражым. Мен Алланың алдындамын». Намаз кезінде қасыңызда періштелер болады. Сәлем бергенде оң жағыңыз бен сол жағыңыздағы періштелерге сәлем беруге ниеттеніңіз. Намазды оқып болған соң истиғфар жасап, Алланың барлық құқықтарының орнын толтыра алмайтындығымыз үшін Одан кешірім сұраңыз.
Содан соң Алладан намазыңызды қабыл алуын сұрап, дұға жасаңыз. Намазды осындай деңгейде оқуға жету үшін күш салу керек. Бар ақыл-ойыңызды Аллаға бұрып, қысқа намаздан бастаңыз. Сөйтіп, оны бірте-бірте ұзартыңыз. Намазыңыздың сапасы артқанда жүрегіңіздегі кіршіксіз ниеттің қайта жанданғандығын сезінесіз. Оның сіздің өміріңіздің барлық тұстарына ықпал етері шүбәсіз. Содан кейін өзіңізді басқаша сезінетін, басқаша сөйлейтін, басқаша көретін, тіпті басқаша еститін боласыз. Осының бәрі Алланың сізді көріп тұрғанын түйсінудің арқасында. Мұндай намазды оқу кезіндегі жүрек тыныштығын ешқандай жайлылық пен сән-салтанатқа сатып ала алмассыз, сірә.
Мүфти Ибрагим Десаи
Орыс тілінен аударған Azan.kz