Намазды қазақша оқысақ....
Сұрақ:
Намазды қазақша оқысақ қалай болмақ?
Жауап:
«Намазды қазақшаға аударып, өз тілімізде оқымасқа?» деген сұрақтар да туып жатады. Егер мешіттерде намаз қазақша оқылып жатса оның сауабы, тиімділігі қалай болмақ? Бұл туралы шариғат не дейді?
Бейбіт САПАРАЛЫ:
– Намаз, аят, рәкәғаттар тек араб тілінде оқылады. Ол басқа тілдерде оқылмайды, аударылмайды. Құран-Кәрім қай тілде түсті, сол тілмен ғана оқылады. Бұл мәселе Ататүріктің кезінде «азанды түрікше шақырып, түрікше намаз оқиық» деп көтерілген. Тоқсаныншы жылдардың басында марқұм Қалтай Мұхамеджанов Рәтбек Қажыға бірнеше рет айтып, мәселе ретінде қозғалған еді. Бірақ Рәтбек Қажы, Халифа Алтай Мемлекет басшысының қабылдауында болып, Құран аяттарын келтіріп «ешқашан ешуақытта намаз аударылған тілмен оқылмайды» дегенді дәлелдеп айтқан болатын. Мүфти бола ма, отыз жыл діни білім алған тақуа адам болсын, ешқайсысы шариғат заңын өзгерте алмайды. Амал тек араб тілінде ғана оқылады. Соңынан тек дұғаларды, сондай-ақ уағыз, насихатты қазақша қайырса болады. Біздің елде түрлі көзқарастар көп. Ал тәңіршілдікке оралайық деу ол адасқанның белгісі.
Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ:
– Ең алғашында кез-келген адам үшін ана тілінде құлшылығын орындау – әрі жеңіл, әрі орынды көрінері рас. Алайда, мәселені егжей-тегжейлі қарастырар болсақ, кең көлемді түсінікке қол жеткізеріміз анық. Ең алдымен тілек-дұға мен намаздың ара жігін ажыратып алған жөн. Намаздан тыс жасалатын тілектер мен дұғаларда мұсылман кісіге ішкі тілегі мен мұң-мұқтажын қай тілде айтып жеткізем десе де, бұған тыйым салынбаған. Өйткені, бұл Жаратушы мен құл арасындағы жеке мәселеге қатысты. Ал намаз болса, ол жалпыға, жамағатқа тән құлшылық болғандықтан, намазға қосылатын басқа да мұсылмандардың қажет тілектерімен санасу керек. Негізінен намаз жамағатпен оқылуға тиіс. Бірақ жалғыз оқуға да рұқсат етілген. Егер Ислам діні қандай да бір белгілі аймақтың яки белгілі бір ұлттың діні болса, онда ешқандай күмәнсіз сол аймақтағы сол ұлттың ғана тілі қолданылар еді. Алайда, төрткүл дүниеге тараған, бір-бірін түсінбейтін қаншама ұлт өкілдеріне ортақ діннің өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері болатыны сөзсіз. Мәселенің тағы бір жағы, Құранның қандай да бір аудармасының ешқашанда түпнұсқаны толық қамти алмайтындығында. Құран аяттарының әрбір сөзінің бірнеше мағынасы бар. Аудармада тек біреуі ғана беріледі. Тіпті кейде аятта қолданылған әрбір әріптің де өзіндік бірнеше мағынасы болады. Аудармада осы әріптердің өзіндік мағынасы мүлдем ескерілмей қалуы мүмкін. Яки біреуі ғана ескеріледі. Құранда белгілі бір мағынаны білдіретін бірнеше синоним сөздердің ішінен сөздің дыбысталу жағынан да, мағынаны қамту жағынан да ең қолайлысы таңдалған. Сондықтан, кейбір сөздің «сөздік мағынасынан» тыс дыбысталуының өзі баяндалайын деп тұрған жағдайды білдіріп жатады. Ал мұны аудармада беру мүлдем мүмкін емес.
Халық сөзі газеті